Жарты ғасырдай еңбек еткен кезінде осы әйелдің арық, епті саусақтарынан мыңдаған ұсыныстар, жүз мыңдаған сөздер, миллиондаған әріптер төгілген. Ол - осындай қарапайым мамандыққа шын берілген бірегей жаратылыс, бір орында 46 жыл жұмыс жасаған маман.
Баяғыда әріптесім Виктория ЛИ жаңадан жұмысқа орналасқандарды журналистика жұмысының қыр-сырымен таныстырып жүрген кезде мені «ақ үйдің» қабылдау бөлмесіне апарған еді (ол кезде әкімдіктер журналистерді рұқсат қағазсыз өткізбейтін және кіре берісте өткізу рамкасы мен полицейлер жоқ еді). Вика басшылардың хатшыларымен достасу керек дегенді құлағыма құйды. Әлі есімде, сол кезде мен бұл «хатшының» кемелденген хатшы екендігіне таң қалған едім: қай жерде де жоғары оқу орындарынан жолы болмаған талапкерлер отырады ғой. Ал, жылы шырайлы Роза Жексенқызы КАМАРИДЕНОВАНЫ (суретте) талдырмаш келген дене бітіміне қарамастан, жас қыз бала деп айта алмас едім. Өткен аптада мен жұмыстарыммен облыстық әкімдіктің жоғарғы қабатына бардым. Талдырмаш келген жылышырайлы Роза апай сол бәз-баяғыша әкім орынбасарының қабылдау бөлмесінде отыр екен. Жасы 69-да, бірақ әлі күнге дейін өз басшысымен орнынан тұрып амандасады: «Бұл оның лауазымына деген құрмет белгісі!». Осындай әйелдің қасынан екінші рет өтіп кету жөнсіз болар еді. Сөйтіп, мен оған қолымнан келгенін – сұхбат алуды ұсындым.
«ҚАН ҚЫСЫМЫ? ОЛ НЕ?»
Білімі бойынша жоспарлаушы маман 1970-жылдары машинист-хатшы болып мамандығын өзгертеді. Бұған мұқтаждық мәжбүр еткен.
– 66-жылы ауыл шаруашылығы жүйесінде еңбек ете бастадым. 1970 жылдың 6 тамызынан бастап машинист болып жұмыс жасадым, содан бері өз мамандығымды өзгерткен емеспін!
Бұл өз мамандығына деген теңдесі жоқ адалдық. Соңғы рет ол 32 жыл бұрын бала күтіміне байланысты декреттік демалыста болған кезде жұмыста болмаған екен. Роза Жексенқызы еңбекке уақытша жарамсыздық бетшесінің қандай екендігін білмейді: ешқашан алып көрмеген, ал, өзіне де, балаларына да Алла жар болған екен.
– Өзім де, төрт баламның біреуі де ауруханаға жатып көрген емеспіз, тфу-тфу-тфу. Дәрі де ішпеймін. Ауырмаймын. Қан қысымы туралы айтса, мен: «ол не?» деймін, - деп күледі Роза. – Маған ауыруға болмайды. Балаларымды жетістіру, оқыту, киіндіріп, асырау керек болды. Енді немерелерім өсіп келеді.
Ол 12 жыл бойы негізгі жұмыс орнында жүріп қосымша жұмыстар атқарған – ауыл шаруашылығы басқармаларының бірінде және облыстық партия комитетінде.
– 006 нөмірлі қара «Волга» есімде, мені сол жерден алып кететін, хатшы-машинистка Лида АРЗАМАСЦЕВАНЫҢ бұлжымас көмекшісі болдым, бірақ кешкісін өз жұмысыма кететінмін. Ол жақтағы тапсырмаларды түнде теретінмін. Қазіргідей жанқалтасынан шығарып, оқи салатындай емес, ол кездегі баяндамалар 43-45 беттен тұратын. Әкем маған үнемі: «әй, Роза, егер сен зауытта жұмыс істеген болсаң – стахановшы болар едің. Подшипниктер бойынша жоспарды 350 пайызға орындап тастаған болар едің», - дейтін. Бұл жаққа 1994 жылы облыс әкімінің орынбасары Нұршаевтың қабылдау бөлмесіне біржола ауыстым, - деп әңгімелейді Роза апа.
ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ ӨЗ ҮЙІМДЕЙ
2005 жылдан бастап Роза екі жұмыста және екі адам үшін жұмыс жасай бастады:
– Басшылық маған шаруашылық басқармасының жедел байланыс диспетчерінің жұмысын да сеніп тапсырды, - дейді мақтанышпен ол. Демек, сағат 18.30-дан бастап таңертеңгі сағат 8-ге дейін ол тіршілікті қамтамасыз етудегі кез келген іркілістер туралы қала мен облыс тұрғындарының қоңырауларына жауап береді, өтініштерді қабылдап, осы проблеманы шешуге тиіс тұлғаларға жеткізеді деген сөз. Қызы да осы жұмысқа орналасқан, алайда сәбиін тастай алмай, ол үшін Роза жұмыс істей бастаған. Міне, 11 жылдан бері ол үйінде аптасына екі түнін ғана өткізеді. Күндіз – хатшы, түнде – диспетчер.
– Осы қабылдау бөлмесі енді сіздің үйіңізге айналған шығар?
– Солай деуге болады, – деп күлді ол. – Бұл жерде бәрі бар: әне тұрған шкаф менікі – ішінде кез келген жағдайға арналған киімдерім бар. Қараңыз – бәрі тап-таза. Егер ыссы болса, терезені ашамын, кондиционер де бар. Асүй, душ, жазылмалы кереует, теледидар – бәрі бар осы жерде, тек жұмысыңды жаса! Сәрсенбіде үйіме түнеуге барамын, сосын сенбіде таңертең бір тәулікке үйіме кетемін. Немерелерім қуанып, мәз-мейрам болады. Енді аптасына үш түн үйде боламын, ал 11 жыл бойына аптасына екі түн болатын едім. Бұған үйреніп кеттім.
– Сонда қашан ұйықтайсыз?
– Қоңырау болмаған кезде мызғып аламын. Маған бір жарым-екі сағат жетіп жатыр. Бұл Циолковскийдің үш сағат ұйықтағаны сияқты ғой. Ал, мен екі сағат ұйықтаймын, - деп күлді Роза. – Мен жұмысты жақсы көргеннен шаршамаймын. Шаршау жоқ, беріліп жұмыс жасаймын. Күйгелектік, жүйке шаршау, ашулану деген жоқ. Жұмысты неліктен жақсы көремін, Зульфия? Менің өмірім қиындыққа толы болды. Кішкентай төрт баламмен қалғанда өте жас едім. Міне, сондықтан да осы жұмысты жақсы көріп кеттім, - Розаның дауысы дірілдеп, көзіне жас үйірілді. – Балаларымды аш қалдырмадым, ешқайда бармадым, ешкімнен қол жайып сұрамадым, олар ешқашан біреудің киімін кимеді, балаларымды интернатқа тапсырмадым, төртеуін аяқтарынан өзім тұрғыздым. Бәрі де осы жұмыстың арқасында – күндіз облыстық комитетке көмектестім, ал, түнде өз басқармам үшін әріп тердім. Кандидаттық диссертацияларды да, балабақшалар үшін де, мектеп үшін тердім. Ақша алмадым, тек балаларымды қабылдаса екен дедім. Баспанамды да жұмысымның арқасында алдым. 1975 жылы алғашқы пәтеріме қол жеткіздім. Содан соң 17 жыл пәтерімді кеңейтуге кезекке тұрдым. 2006 жылы арыз жаздым. Облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы мені шақырып алып: «Роза апа, сіз пәтеріңізді тапсырасыз ба?» деді. Мен қорқып кетіп: «Иә, тапсырамын» дедім. Тапсырдым да, үлкенін алдым – енді менің 80 шаршы метр үйім бар!
ЖҰМЫСҚА ҚАБІЛЕТТІ, ШАПШАҢ ӘРІ АДАЛ
– Сіз сұранбайсыз, ауырмайсыз, ал, стоматологқа, косметологқа, маникюрге бармайсыз ба?
– Маған қажеті қанша? Өз әдемілігім жетеді. Әр жастың өз сұлулығы бар ғой. Шашыма уақытымен ақ түсті, әжімдерім де солай. Шашымды өзім бояймын. Ешқашан салмақ қосқан емеспін. Өмір бойына 46-47 келі болып келемін. Бірақ 50 келі деп жаз, ұят болар. Киім-кешекті демалыс күндері сатып аламын. Сенбі күні таңертең осы жерден шығамын да, бірден базарға тартамын. Қажетті бүкіл азық-түліктерді сатып аламын да, үйіме кетемін. Түстен кейінгі бүкіл күнім өзімдікі: өзіме, немерелеріме киім сатып аламын, ұнатқан тағамдарымды әзірлеймін.
– Егер құпия болмаса, табысыңыз қанша?
– Құпиясы жоқ – диспетчер ретінде жақсы табыс табамын, әсіресе, мерекелік демалыстар көп болған кезде – 38-39 мың теңге, ал, бұл жерден 37 мың теңге табамын. Сосын зейнетақым бар. 11 жылдан бері зейнеткерліктемін. 2005 жылы шықтым, бірақ есте сақтау қабілетім жақсы. Кейбіреулер керемет деп айтады.
Бұл шындық еді – ол бүкіл оқиғалардың дәл уақытын, айдың, аптаның күніне дейін, бір кездері бірге жұмыс жасаған адамдар туралы бүкіл сауалнамалық мәліметтерді жақсы есінде сақтаған.
– Компьютерді меңгеру қиын болды ма?
– Маған мәжіліс депутаты Асхат БЕКЕНОВ үйретті. Ол кезде екеуміз бір бөлімде жұмыс жасаған едік. Тез үйреніп алдым, бұл да сол баспа машинкасы ғой.
– Сіз облыс әкімі орынбасарларының қабылдау бөлмесінде жиырма жылдай уақыттан бері үзбей жұмыс жасап келесіз. Неліктен сізді ауыстырмайды?
– Біріншіден, бұл менің жұмысқа қабілеттілігім, екіншіден, шапшаңдығым, үшіншіден, мен адалмын, Зульфия, алдай алмаймын. Содан соң майыспаймын, қарапайыммын, келушілерді жақсы қарсы аламын, өзімді солардың орнына қойып көремін. Олар қысылып, ұялып, не үшін келгендерін айта алмайды. Мен оларды «төрлетіңіздер, қош келдіңіз» деп, анасындай қабылдауға тырысамын. «Сізге қабылдау белгіленген бе?» деп сұраймын. Белгіленбесе, бүкіл мәліметтерді, телефондарын жазып аламын. Егер шеф жиналыста болса, бәрін жазып алып, баяндаймын. Сосын белгіленген қабылдау уақытын хабарлаймын. Жабырқаңқы, көңілдері түсіп кеткендерін қаламаймын, жақсы көңіл-күймен кетсе екен деймін. Қулық-сұмдығым жоқ, еңбегімді сатпаймын. Коньяк, қорап кәмпит алатын қыздар бар ғой. Маған ондай қажет емес. Олар мұны көріп отырады ғой. Ешкім өзгерте алмады. Дегенмен, мені көп жер жұмысқа шақырды. Біз жоқ жердің бәрі жақсы ғой. Мен осы жерде қалдым. Бірақ өтінсе – үйретемін. Қалай сөйлесуді, келушілерді қалай қарсы алуды, телефонмен қалай байланыстыру керектігін, басшылықпен қалай сөйлесу керектігін, қалай шай беру керектігін үйретемін, осылайша 43 қызды үйретіп шығардым... Прокуратура да өтінді, басқарма бастықтары да, әкім орынбасарлары да... Қазір 44-ші бала үйреніп жатыр. Өз орныма қалдыратын адамды да үйреттім, кетсем, орнымда қалатын кісі бар.
– Ал, сіз кеткіңіз келе ме?
– Енді бір жылдан соң 70-ке толам ғой, кететін уақыт болған шығар.
– Зейнеткерліктен қорқасыз ба?
– Жоқ, несіне қорқамын! – деді Роза апай айбаттанып. – Менің немерелерім бар. Бірақ әлі де үйретер едім, әйтпесе, үйде не бітіремін?!
ОНЫМЕН КІМ ЖҰМЫС ЖАСАДЫ?
Роза алты басшыны ауыстырған. Олардың кейбірі туралы әңгімелеуді өтіндім.
– СУПРУН өте сыпайы, өте мәдениетті адам. Сенбі күні үнемі тек 12-ге дейін жұмыс жасап кететін, мазаламайтын, үнемі кезекшілік тыныш өтсін деп тілейтін. Сәрсенбай Құрманұлы (ЕҢСЕГЕНОВ) – қарапайым, ол да ашушаң емес, сабырлы адам. Ал, ДӘУКЕНОВ – азамат адам. Ұрсып та алатын кездері болды. Жақсы кісі.
Ғұмар Ислямұлы (ДҮЙСЕМБАЕВ) да өте сыпайы, қарапайым, дауыс көтермейтін адам. Бір сөзбен айтсам – бәрі де жұмыскер, өте мәдениетті, өте сыпайы жандар. Ешқашан олардың үстел соғып, дөрекі сөйлегендерін естіген емеспін.
– Ал, Атырау әкімдері ше?
– ТАСМАҒАМБЕТОВТІ 1989 жылдан бері білемін. Ол кезде «Теңіз достарды қарсы алады» деген фестиваль өткізді. 28 жастағы жігіт бір тәулікте масаларды жоқ қылды ғой. Шетелдік 500 қонақ болды. Ол 1999 жылы әкім болып келді. 11 ай жұмыс жасап, оны премьер-министр ретінде алып кетті. Иманғали Нұрғалиұлы қарапайым, көпшіл адам.
Мұнайдың 100 жылдығы қарсаңында кеспе тас төсеген кезде ол түнде тексеруге өзі шығатын, қалай жұмыс жасап жатыр, жарықтары бар ма, техникалары дұрыс па деп қарайтын...
Аслан МУСИН – жаман ештеңе айтпаймын, бірақ біздің жолымыз аз тоғысты.
Рысқалиев бәрін бақылайтын, түнде диспетчер бөліміне жиі қоңырау соғып: «Роза апа, Бергеймін ғой, жағдай қалай, тыныш па?» деп сұрайтын. Содан соң ол мұқият адам: айтты ма, жасайды. Еңбексүйгіш, №1 еңбекқор адам.
ІЗМҰХАМБЕТОВ мені «Рәке, құрдас» деп атайтын. Мен одан бір жас қана үлкенмін. Қарапайым адам.
– Сіздің бәрімен қарым-қатынасыңыз жақсы болғанға ұқсайды.
– Әрине, қандай негатив болсын? Қанша дегенмен, басшылық қой! Біз туралы олар жаман айта алады, ал біздің құқығымыз жоқ. Олардың бәрі еңбекқор, еңбексүйгіш жандар. Олармен бірге жұмыс жасау, оларға көмектесу – мен үшін абырой. Қашан да өзіме қандай жауапкершілік жүктелгенін білетінмін, мүлтіксіз, еш артық сөзсіз орындайтынмын, бәрін жазуларына қарап танитынмын, қазір дауыстарынан білемін. Бұл жұмыс маған арналған есептеймін.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА