21 мамырда ұсталған азаматтарда жергілікті полицияны сотқа беруге барлық негіз бар.
21 мамырдағы жаппай ұстауларға қатысты комментарий алуға жүгінгенімізде Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі дүйсенбіден, 23 мамырдан кешіктірмей өтпей қалған рұқсат етілмеген митингке байланысты Атырау қаласы мен Атырау облысы бойынша ұсталғандардың нақты саны туралы мәліметтерді және азаматтарды ұстау, оларды полицей бөлімшелеріне мәжбүрлеп жеткізу түріндегі бұлтартпау шаралары қолданылған заңды негіздерді ұсынуға уәде берген еді. Алайда дүйсенбі күні кешке дейін бізге ақыры ешқандай комментарийлер ұсынылмады. ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА ұстаулар бойынша бүкіл комментарийлерді бізге прокуратураның ұсынатындығын мәлімдеді, алайда қайсысы екенін нақтыламады.
– Алайда азаматтарды ұстау шараларын прокурорлар емес, сіздің департамент жүргізді қой. Ұсталушылар санын, себептер мен негіздерді сіздер білмегенде кім біледі?
Мұхтарова жауап әзірлеуге уақыт сұрады. Атырау қаласының прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВ полицияның жауапкершілікті прокуратураға жүктеуге тырысқанын естіген кезде күліп жіберіп, облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп, комментарий беруден бас тартты.
Кешкісін Мұхтарова енді журналистер үшін ақпаратты ҚР ІІМ-нің әзірлеп жатқанын хабарлады.
Әзірге құқыққорғау органдары өз әрекеттеріне комментарий беруге дайын емес, ал оларға құқыққорғаушы баға берді. Біз Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық халықаралық бюросы кеңесінің төрағасы Евгений ЖОВТИСКЕ (суретте) жүгіндік:
– Негіз болған жоқ. Рұқсат етілмеген митингті ұйымдастырды деп немесе оған қатысты деп «тартуға» болатын еді. Алайда ресми түрде мәлімделгендей, 21 мамырда Қазақстанда заңсыз бейбіт жиын болған жоқ. Ендеше бұл жағдайда адамдарды не үшін ұстағандығы түсініксіз. Қылмыс, оған әрекеттену немесе қастандық жасау фактісі жоқ. Әкімшілік кодексте тек заң бұзушылық қана бар, бірақ ол (бұзушылық) тек сот тәртібімен ғана дәлелденуі тиіс және полиция хаттама толтыруға тиіс. Әкімшілік құқықбұзушылық анықталған жағдайда тек үш сағатқа ғана ұстауға құқылары бар. Яғни, осы бес сағаттап және одан көп сағаттар бойы ұстаған мысалдар заңсыз және Әкімшілік кодекс пен Конституцияға қарама қайшы келеді.
– Бұл тұрғыда саусақ таңбаларын түсіру секілді жеке мәліметтер жинауға бола ма?
– Мүлдем болмайды, тіпті қылмыстық заң бұзушылық болғанның өзінде. Қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған жағдайда бұл шараға шектеу бар. Мұның бәрі жабырқатады: заңнамада қарастырылмаған түсініктемелерді жаздырып, саусақ таңбаларын мәжбүрлеп жинап, суретке түсірген, бұл полициялық мемлекеттің классикалық белгілері.
Қорғау мәселесіне келсек. Ұсталған адамның хаттама толтырғаннан бастап емес, бостандығын шектеген кезден - полицей жақындап келіп, қозғала алмаған сәттен бастап қорғануға құқығы бар (Әкімшілік кодекстің 789-бабы). Ұсталушы дереу белгілі бір мәртебеге ие болады – егер ол ұсталса, демек оған қарсы әкімшілік өндіріс қозғалды деген сөз. Осы сәттен бастап ол бұл мәртебенің бүкіл құқықтарына, адвокат талап ету құқығына ие. Полиция қызметкерлерінің осы құқықтар туралы адамдарға хабардар етпеуі және тіпті, олар осыны талап еткен кезде оларға адвокатты жібермеулері өрескел заң бұзушылық. Сондай ақ, адамдардың қамауға алынғаны туралы туыстарына дереу хабарлауға құқықтары бар. Бір сөзбен айтқанда, бұл әкімшілік және қылмыстық іс жүргізу процедуралары ауқымды бұзылған оқиға.
– Іс біткен соң зардап шегуші ретінде өздерін қалай қорғауға болады?
– Олар осы әрекеттерге қатысты прокуратураға немесе сот тәртібінде шағымдана алады және шағымдануға тиіс. Біз осында, Алматыда адамдарға осындай шағымдарды әзірлеуге көмектеспекпіз.
– Бұл факт ұсталушылардың алдағы өмірлеріне теріс әсер ете ме?
– Мұндай мәліметтер алдағы уақытта азаматтар туралы жеке мәліметтер сұралған кезде шығуы мүмкін. Полиция әрекеттері мен хаттамалардың өздерін заңсыз деп тануды талап ету керек. Бұл мәліметтер дерекқорға енген-енбегенін тексеру үшін Құқықтық ақпарат орталығына жүгінуге болады. Бас прокуратура дербес деректер туралы заңға сәйкес, осындай ақпарат беруге міндетті. Бұл неғұрлым ертерек жасалса, соғұрлым жақсы болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА