Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде бізге Индер ауданы Елтай ауылынан 25 шақырым жердегі «Қарсақбай» қыстағына барудың сәті түсті.
Биылғы көп жауған жаңбыр далалыққа береке кіргізген, түрлі өсімдіктерге оранған айнала көкпеңбек. Жусан иісі алабөтен. Мұрын жарады. Саф ауаны тоқтаусыз жұта бергің келеді. Әсем табиғатты тамашалап келе жатып діттеген жерге қалай келіп қалғанымызды білмей қалдық.
Бізді Айтқали ЖӘЛИЕВ қарсы алды. Бұл - соның қыстағы.
Біз келгенде аулада тайларды таңбалау жүріп жатты. Бұл үйірдегі басқа шаруа қожалықтарының мал ымен жайылымда жүрген жылқылардың кімдікі екенін айыру үшін қажет.
Құлын кезінен тәттіге әуестігінен бір тай тұзаққа бірден түсті. Ал, екінші тай шапшып, көкке қарай орғиды. Айтқали ұлы Нұрлан дайындап берген құрықты жүгіріп жүріп бірінің мойнына салып үлгерді. Енді оны жығуға інісі, күйеу баласы, ұлдары келіп жетті. Қанша асаулық танытқанымен қалың қол ақыры жерге жығып, тыпыр еткізбеді. Оттыққа қыздырылған басы имектелген темірді тайдың тулағанына қарамай сауырына баса бастады. Ыссылықты басқаннан түтін будақтап, мұрнымызға күйген құйқаның иісі келді. Мал иесі күйген орынға тіс пастасын жағып қойды. Ол пастаның жараның тез жазылуына көмектесетінін түсіндірді.
Тайлардың бірінен мойнындағы жарақатты байқадым.
- Бұл айғырдың тісінің ізі, - дейді менің алаңдағанымды байқаған Айтқали. - Жылқы малы өз үйіріне бөгдені жақындатпайды. Егер келе берсе, айғыры тістеп қуып тастайды. Тез жазылып кетеді, уайымдамаңыз! Мұнда ауа емдейді!
Бұдан кейін қыстақ малшылары асау тайларды мініске пайдалану үшін қолға үйретуге кірісті. Әбден еркін далада жүгенсіз өскен тайлар жуасытуға оңайлықпен көнер емес. Біраздан кейін сабаларына түсе бастады. Олар бірер күннен кейін бұл жылқыларды еркіндікке жібереді. Ал, оған дейін аздап қолға үйрету қажеттігі шудан және машина үнінен үркіп, алысқа ұзап кетпеуі үшін жасалады.
Бие сауатын уақыт та келіп жетті. Айтқалидың жұбайы Роза ҚҰСАЙЫНОВА (суретте) үшін бұл - үйреншікті іс. Күйеу баласы Ерболат желідегі құлындарды ұстаса, құдағайы Алтынай бие сауымға көмектеседі. Келіні Айнаш та бие саууды енесі Розадан үйреніп алған.
- Қазір сауымда он бие бар. Құлынды жіберместен бұрын оларды бір сауып аламыз. Сосын құлынын емізіп, идіртіп, екінші рет тағы саууға тура келеді, - дейді Роза.
Бүгінде күніне екі рет бие сауып, 10 литр сүт алынады. Жазда үш рет сауылып, 30 литрге дейін сүт дайындайды. Қымыздың 1 литрінің бағасы 700 теңге шамасында. Оны жергілікті адамдар ғана емес, Атыраудан арнайы келіп сатып алатындар бар.
- Бізге өкпе дертіне шалдыққан және химиялық терапия қабылдаған науқастар үшін қымыз іздеп келетіндер көп, - дейді Роза. - Өткен жылы химиялық терапия қабылдаған науқас біздің қымызды ішіп, иммунитеті жақсарғанын айтты. Енді биыл саумал сатып алып ішкісі келеді. Саумал демекші, саумалға да сұраныс көп. Оның да денсаулыққа пайдасы мол. Бізге қымыз бен саумал іздеп келетін емделушілер таза ауада саумал, қымыз ішіп, сырқаттарынан айыққылары келетін ойларын көп айтады. Болашақта осы сұранысты ескеріп, келген емделушілерге арнап бөлек баспана тұрғызуды ойлап отырмыз.
Сауыншылар енді 20 шақты сиырды саууға кірісті.
Шелек-шелек сүттерден май, құрт, сүзбе, қаймақ дайындалады. Ең өтімді тауар - құрт. Келісі 1 200-1 300 теңге шамасында. Ал, базарда бір құрттың бағасы 50-60 теңге тұрады. Жәлиевтер отбасы құрттарды қапшықтап, Атырау базарына апарып, арзан бағамен сатып жібереді. Сөйтіп, жылда құрттан бөлек сүт өнімдері саудасынан түскен азын-аулақ ақшаға қысқа жететін мал азығын дайындап алады.
- Әкем Қарақойшы ЖӘЛИЕВ кезінде атақты шопан болған, бүгінде зейнеткерлік демалыста. Мен - отбасымыздағы жеті ұлдың ең үлкенімін. Тағы бір інім де әке жолын қуды, өз алдына бөлек шаруа қожалығы бар. Мен кезінде совхозда жұмысшы болдым, кейін вахталық жұмысқа ауыстым. Бірақ мал өсіруді қатар алып жүрдім. Кейін ауылда мал ұстау қиындап кетті. Содан бес жыл бұрын осы қыстақты сатып алып, осында көштім. Қолымда бала-келінім Нұрлан мен Айнаш бар. Бізге мал төлдеу, қой қырқу науқандары кезінде туыстарым көмектесіп тұрады. Мал төлдеп болды, енді қой қырқу басталады, - дейді қыстақ иесі Айтқали.
Күні бойғы мігірсіз жұмыстан кейін қыстақ тұрғындары дастархан басына жиналды. Қыр басында интернет жоқ болса да, Айтқали соңғы жаңалықтардан хабардар.
- Мен де жер сату мен мен жалға беруге қарсымын. Тіпті, жерді жергілікті шаруаларға 49 жылға жалға беру де дұрыс емес. Қазір жерді осынша жылға алып, ештеңе тындырмай отырғандар бар. Ал, шаруасын шын дамытам деп шыр-пыр болып жүргендер жер таппай жүр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА