Атырау, 29 қараша 01:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Айырмашылық белгісі

4 672 просмотра

«Тапсырыспен қойылған белгі немесе Еуропадан Азия арқылы Еуропаға саяхат» атты жарияланымымыз жарыққа шыққаннан кейін екі айдан соң және редакцияның сауалдар сериясынан кейін, соның ішінде өңірдің жаңа басшысы Н.НОҒАЕВҚА қойылған сұрақтардан соң, Атырау қалалық әкімдігінде әкімшілік полиция басшылығы, әкім орынбасары және Каспий ықшамауданының тұрғындары қатысқан кеңес отырысы өтті.

КЕҢЕСКЕ ӘЗІР ЕМЕССІЗДЕР МЕ?

Естеріңізге салсам, әңгіме Студенческий көшесінен Каспий ықшамауданы арқылы Сәтпаев көшесіне шығуға тыйым салынған жол белгісінің орнатылуы туралы болатын. Адамдар бұрын орталық көпір арқылы «жер жүзін айналып» өтпес үшін осылай жүретін. Өйткені осы көпір астынан айналатын қысқа әрі қолайлы жолмен жүруге тыйым салынған еді.

Естеріңізге салсақ, редакция полициядан басқа, аталмыш ауданнан анағұрлым қолайлы жол ашу мәселесін шешуді жергілікті билікке жазбаша ұсынған қала прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВТАН комментарий беруді өтінген болатын.

Содан бері екі ай өтті, алайда қалалық әкімдікте өткен кеңесте ІІД өкілдері наурыз айында редакцияға жолдаған мәтінді оқып берді:

«Каспий ықшамауданында тұратын азаматтар өз ықшамаудандары ішінде көлік құралдары қозғалысының көптігіне бірнеше рет шағымданды.

Ықшамаудан тұрғындарының өтініші негізінде зерттеу жүргізіліп, соның қорытындысы бойынша қалалық әкімдіктің ТКШ бөліміне Каспий ықшамауданына кіретін жолға «Жүруге рұқсат жоқ» белгісін орнату туралы ұйғарым берілді.

Белгі жол учаскелеріндегі көлік қозғалысына екі бағытта да тыйым салады. Дегенмен, бұл белгі осы ауданда қызмет көрсететін немесе тұратын немесе жұмыс жасайтын азаматтарға, 1-інші және 2-топ мүгедектері басқаратын немесе соларды таситын көліктерге қолданылмайды. Қалған қозғалыс қатысушыларына осы «Жүруге рұқсат жоқ» белгісі бар көшеге кіруге тыйым салынады».

Әңгіме тағы да зерттеулер мен өлшемдер туралы болғандықтан, мен кеңес ұйымдастырушыларынан белгілі бір көшелерде жол жүру нормасы қарқынды деп есептелетін нормативтер мен цифрлық көрсеткіштерге сілтеме жасауды өтіндім. Сөйтсек, мұндай мәліметтерді қалалық әкімшілік те, ІІД де әзірлемеген болып шықты.

КӨҢІЛДЕРІНЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ

Айтпақшы, кеңесте Каспий ықшамауданының тұрғындар тобы редакцияны олардың тұрғын үй массивіне «элиталы» деген сапалық сын есімді қолданғаны үшін әлденеше рет «әлеуметтік арандатушылыққа барып отыр» деп айыптаған еді. Бұл материалдың авторы менің әріптесім Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ. Бірақ ол қала орталығындағы өзен айналмасында бұрынғы бақтың орнында бой көтерген қолайлы микроклиматы бар шынымен де элиталы (сөздік бойынша – «үздік, іріктелген») аудан деген кең тараған пікірді меңзеді деп топшылаймын. Айта кету керек, бұл бұрынғы және қазіргі ықпалды мемлекеттік қызметкерлер ұнатқан, олардың коттедждерін салу үшін жүздеген әсем ағаштар аяусыз шауып тасталған аудан еді. Бүгінде ықшамаудандағы зейнеткерлікке шыққан шенеунік тұрғындардың қатарына қоғамның қаржылық жағынан табысты бөлігі қосылды. Мұны, айта кету керек, тұрғындардың өздері де жасырмады – кеңесте өздерінің айтуларынша, «бұрынғылар» қатарындағы бірнеше тұлғалы ағайлар мені ұялтып тастады. Олар көпжылғы монологқа үйренгендіктен, сұхбатымыз үйлеспеді.

БЕЛГІЛЕР НЕДЕН БАСТАЛАДЫ?

Осыдан үш жыл бұрын өз үйінің жанында көлік қағып кеткен кезде, қалалық әкімдікпен және ІІД-мен хат жазысқан ықшамауданның анағұрлым жас өкілі Бауыржан НАСИМУЛЛИНМЕН диалог өрбіді:

Мен орташа ауырлықта дене жарақатын алдым, соттың көшірме-үзіндісі бар. Бағыма қарай, үш баламның бірін емес, мені қағып кетті. Көшеміздегі жол шынымен де енсіз, жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Тар жердің ені үш метрден аспайды және мұндай трафик айқын қауіп төндіреді... Біздің (тыйым салған) белгінің хикаясы үш жыл бұрын 2014 жылдың мамырында Студенческий көшесінен солға қарай, Сәтпаевқа «Атырау» Сауда-ойын сауық орталығына қарай шығуға тыйым салған кезде басталған еді.

Бір уақытта біздің ықшамаудандағы бүкіл жол кедергілері бөлшектеліп алынып тасталды. Крупская көшесінен, университеттен және емханадан жүздеген көліктер біздің көшемен өте бастады. Біз қалалық әкімдікке төрт ұжымдық хат жолдап, жол полициясы басшылығымен бес ресми кездесу өткізіп, қалалық ТКШ бөліміне жүгіндік. Біздің ықшамаудан «Қала құрылысы. Қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылыс салу» деп аталатын ҚР ҚНжЕ-нің 5.10-тармағына сәйкес, қала құрылысы бірлігі ретінде, «квартал» санатына жатады. Кварталдың шекаралары жалпықалалық және аудандық маңыздағы магистралдар мен тұрғын көшелер болып табылады (сол ҚР ҚНжЕ-нің 5.11-тармағы). Аталмыш құжаттың 5,6; 5.13; 5.21.5-тармақтарына сәйкес, кварталды бөлшектеуге немесе транзиттік өткел ұйымдастыруға рұқсат етілмейді. Яғни, біздің ықшамаудан – тұрғын үй аймағы екені анық, ал ол арқылы, жол жүру ережесінің 17.2-тармағына сәйкес, өтетін жол салуға және тұрғын үй аймағында сигнал беруге, қозғалтқышы қосылған күйде тұруға және сағатына 20 шақырымнан жылдам жүруге тыйым салынған.

ЕРЕЖЕ БОЙЫНША АҚЫРЗАМАН

Кеңес отырысында анықталғандай, егер көше «кварталішілік» деген анықтамаға ілігетін болса және онда 10-15 метр қорғаныс аймағы бар магистралды коммуналдық жүйелер жоқ болса, ол өз баспанасына бару үшін қожайындарына, шұғыл қызмет және мүгедектер көліктеріне өтуге арналған. Сондықтан, осындай тұрғын үй аймағының кез келген тұрғыны (ал бұл бүкіл ықшамаудан дерлік) «Тұрғын үй аймағы» белгісін орнатуды талап ете алады. Іс жүзінде оның «Қозғалысқа тыйым салынған» белгісімен маңызы бірдей.

«Ендеше бүкіл қаладағы қозғалысты жауып тоқтатып тастайық, сосын ақырзаман басталсын» деген тақырыптағы әңгімелер жаңылдырмауы тиіс, - дейді Насимуллин. – Егер ереже бүкіл қаланы тыйым салынған белгілер орнатуға мәжбүрлейтін болса, солай-ақ болсын. Сол кезде, бәлкім, қаладағы жол қозғалысының жаңа, анағұрлым заманауи тұжырымдамасын анықтау үшін тұрғындардың, автомобильшілердің және биліктің арасында диалог басталатын шығар. Біз көтерген мәселенің арқасында қала тұрғындары өз құқықтары туралы да біраз нәрселер біліп қалар деп үміттенемін.

Каспий тұрғындарын Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің басшылығы да белсенді түрде қолдайды. Бұл оқу орнының оқитын корпустары осы өткелдің екі жағында орналасқан. Кеңеске осы ауданда екі кеңсесі орналасқан НКОК компаниясының да өкілдері шақырылды.

ТЕК ХАЛЫҚ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІ ҮШІН!

Облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының бастығы Руслан ӘДІЛОВ мүлдем проблема жоқ деп есептейді:

Бүгінгі күні қолданылып жүргені - ең оңтайлы нұсқа, оған қоса 200 метр бар (орталық көпір арқылы сол жағалауға айналуды және кері қарай жүруді меңзеп отыр), ештеңе етпейді.

Шамасы, полиция басшысы қарлы және тайғақты күндері көпірден түскенде қалай болатынын ұмытып қалған сыңайлы. Сол мақалада біз және енді Каспий тұрғындары ұсынып отырған осы көпір астымен өту нұсқасының несі жаман? Бірақ ол жерде тек күндізгі уақытта қызметтік көліктерге ғана өтуге рұқсат етілген.

Сырт көзге тек бір айдан анық негіз ғана бар – ол жерде екі әкімдік орналасқан және тыйым салынған белгіні біз, қаланың қарапайым тұрғындары екі әкімнің қызметтік көліктерінің қозғалысына кедергі келтірмес үшін орнатқан, - деп жорамал жасадым мен. Залдан: «Дұрыс айтады, ол жерде қозғалыс қарқыны жоқ!» деп қолдап жатты.

Қала әкімінің орынбасары Амантай АЙТБАЕВ мұндайды күтпегендіктен бе, әлде біздің бассыздығымыздан ба, күліп жіберді. Ол бұл нұсқа азиялық бетте қолданылса да, бұл бетте жарамсыз деп есептейді екен.

Ол жақта жүруге болады, бұл жерде учаске енсіз, анағұрлым тар, бұл жерде болмайды, - деді әкім орынбасары.

Оны Әділов те қызу қолдады. Менің мылқау сұрағыма жауап ретінде тіпті кеңестен кейін «шығып», көз жеткізуді ұсынды. Алайда өткелді жабуға негіз болған нормативтік актілерді немесе заңнама нормаларына сілтемелерді де, сәулеттік қисын бойынша ерекшеленбеуі тиіс (көпір аралықтары тең ғой) екі жағалаудағы белдеулердің ендері туралы нақты мәліметтерді де ақыры ала алмадым.

Полицейлер өткел көлік легінің күрт көбеюіне шыдай алмайды деп болжам жасады:

Бұл жол мұндай көлік ағымын көтере алмайды, ол таза жағалау жолы, сіз жаяу жүргіншілер туралы ойладыңыз ба, ал ол жерде балалар велосипедпен жүреді ғой, - деп мені Әділов адамгершілікке шақырды.

ТҮРЛІ ЖАҒАЛАУЛАРДА

Кеңес отырысынан кейін біз көпір астындағы жол төсемінің енін жағалау аралығынан жолжиектерге дейін адымдап өлшеуге көштік. Күлкілі болып шықты: мен 10 метр деп санап шықтым, полицейлер – бар болғаны 8 метр деп санады. Осынау көңілді сарынмен қоштасқан кезде, олар бір аптадан соң уәде етілген цифрлар мен нормативтерге сілтемелерді ұсынуға келісті. Сонымен, әкімдік пен әкімшілік полициясының назарына: орталық көпір астындағы асфальтталған жол төсемінің ені оң жақ жағалауда 9,3 метрді құрайды. Бұл жерде екі әкімдік пен депутаттардың қызметтік көліктерінен басқа, барша жан үшін сағат 8-ден 20-ға дейін өтуге тыйым салынған. Кештен таңға дейін барлығы үшін жол жабық.

Көпір астындағы сол жақ жағалауда төсем 9,9 метр, ол жердегі екіжақты көлік жолының ені 4,7 метрді құрайды, ал жаяу жүргінші жолы – 5,2 метр. Күндізгі уақытта, сағат 7-ден 22-ге дейін көлік қозғалысы барлығы үшін және барлық бағытта жүруге рұқсат етілген. Содан соң таңға дейін арнайы көліктерден басқалар үшін жүруге тыйым салынған.

Кейінірек полиция менің сауалым бойынша Каспий ықшамауданындағы қозғалыс қарқындылығы туралы мәліметтерді ұсынды. Соған сәйкес, қозғалысқа шектеу қою туралы шешім қабылданған екен.

– Өлшеу кезінде Студенческий өткелімен минутына 15 көлік өтті, ал бұл сағатына 900 көлік болады. Сәтпаевтан Каспий ықшамауданына қарай минутына жеті көлік өтті, бұл сағатына 420 көлік. Студенческийден Каспий ықшамауданына үш жол бар, - деп хабарлады облыстық ІІД ӘПБ жол-техникалық инспекциясының бөлім бастығы Асылбек БОРАНБАЕВ.

Салыстыру үшін келтірсек, Сәтпаев даңғылы бойымен осы уақытта минутына 45 көлік немесе сағатына 2 700 көлік тіркелді. Бұл қарбалас мезгілдегі өлшем емес. Қарбалас сағаттарда қарқындылық 5 000-ға жетеді. Полицейлер, сондай-ақ, көпір астындағы өткелді жапқызған негізді тауып берді.

– «Жол қозғалысы туралы» ҚР заңының 23-бабына («Уәкілетті органның жол жүрісі саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері») сәйкес, өкілетті орган бұл жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қозғалысты шектей алады.

Кімдердің қауіпсіздігін?

– Жаяу жүргіншілердің. Бұл жағалау, демек, жаяу жүргіншілер аймағы.

Белсенді азаматтар сотқа жүгінгенге дейін, бұрынғы облыс әкімінің де резиденция маңындағы жағалауды жауып тастаған тор дуалды ұзақ уақыт бойына алғысы келмегені есте қалған еді...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

17 мамыр 2016, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.