Оқу жылын аяқтау – кейбіреулер үшін жаңа кезеңнің басталуы. Облыстағы көптеген оқу орындары таңдаған мамандықтары бойынша жақсы білім алуға ниет білдірушілерден құжаттар қабылдай бастайды.
ҚАЛАЛЫҚ ФИЗИКА-МАТЕМАТИКАЛЫҚ ЛИЦЕЙ
Өз жұмысын өткен жылы ғана бастады. Дегенмен, жақсы нәтижелер бар. 11-сынып оқушысы Әсем ЕЛЕМЕСОВА математика бойынша Алматыда өткен ғылыми жобалардың халықаралық байқауында жеңімпаз атанып, жоғары оқу орны грантына ие болып, ҰБТ тапсырудан босатылды. Оның сіңлісі Асылай Щучинскіде математика бойынша өткен республикалық «Зерде» байқауында жүлделі орын алды. 9-сынып оқушысы Жансәуле ҚАЛЖАНОВА Бітібаева атындағы гуманитарлық байқауда 3-ші орынды иеленіп, білім және ғылым министрінен грамота алды. Қалалық ғылыми олимпиадада лицей оқушылары жалпыкомандалық 2-орынға ие болды.
Ашылған кезде лицейге 182 оқушы қабылданды, олардың көпшілігі облыстық және республикалық сайыстардың жүлдегерлері, «Алтын белгіге» үміткерлер. Қабылдау комиссиясы нақты ғылымдарға әуестенетін дарынды балаларға мұқият іріктеу жүргізді. Лицейдің мұғалімдері де оның жоғары деңгейіне сай келеді. Бос орындар байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен педагогтар қатысты. Бүгінде оқу орнында Өскеменнен, Оралдан, Қарағандыдан және жергілікті педагогтардан жоғары санатты мұғалімдер жұмыс жасайды.
Биыл тек 7-сыныпқа ғана жаппай іріктеу жүргізіледі. 8-ші, 9-шы, 10-шы сыныптарға бос орындар болса ғана қабылданады. Анағұрлым толық ақпаратты 45-36-54 телефоны арқылы немесе Әуезов көшесі, 11-үй мекен-жайында (Жилгородок, бұрынғы Оқу-өндірістік комбинат ғимараты) орналасқан оқу орнының әкімшілігінен алуға болады.
Құжаттар 1 -10 маусым аралығында лицей базасында қабылданады. Үміткерлер өткен оқу жылы үшін табельдер ұсынуға тиіс. Үштік бағалары бар оқушылар емтихандарға жіберілмейді. Емтихандар 13-15 маусымға белгіленген.
Үміткерлер белгілі бір уақыт ішінде есептерді жазбаша шығарып, математика мен физикадан білімдерін көрсетулері тиіс. Лицей тек Атыраудан ғана емес, аудандардан да балалар қабылдауға әзір (бірақ оларға жатақхана ұсына алмайды).
Сабақтар жазбаша өтеді, сабақтан кейін – физика мен математикадан АМУ базасында арнайы курстар болады.
Сабақ қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Лицейліктердің оқу сызбасы жоғары оқу орнына ұқсас: тоқсандардың орнына – семестрлер бар. Семестрлер соңында балалар арнайы пәндер бойынша сынақтар мен емтихандар тапсыруға тиіс. Екі үштіктің болуы, жарғыға сәйкес, оқудан шығаруға негіз болады.
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОБЛЫСТЫҚ ҰЛТТЫҚ ГИМНАЗИЯ
Сабақ қазақ тілінде жүргізіледі. 6-сынып аяқталғаннан кейін оқушылар байқау негізінде қабылданады. Үш бағыттың бірін таңдауға болады: физика-математикалық, химия-биологиялық немесе гуманитарлық. Құжаттар 5-30 мамыр аралығында қабылданады. Үміткерлер өтініш, 5-ші және 6-сынып табелінің көшірмелерін (үштігі бар балалар емтихандарға жіберілмейді), туу туралы куәліктің көшірмелерін, ЖСН, 3х4 өлшемде 4 фотосурет ұсынулары тиіс. 1-6 маусымда үміткерлерге консультация, 7-17 маусымда қабылдау емтихандары өткізіледі. Ағылшын тілі мен математика - міндетті пәндер.
Қазіргі уақытта бұл жерде 360 бала оқиды. Сабақтар таңертең басталады, түстен кейін арнайы курстар өткізіледі. Соңғы екі жылда гимназия №1 мектеп-интернаттың корпустарының бірінде орналасқан, бірақ жақында 120 орындық жатақханасы бар Алмагүл ықшамауданындағы жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр.
Ж.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН МЕКТЕП-ЛИЦЕЙ
Жыл сайын математикаға, физика мен химияға қабілеті бар оқу озаттары мен екпінділерін қабылдайды. Қабылдау емтихандарының нәтижелері бойынша қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын, әрқайсысында 20, әрі кеткенде 25 оқушыдан болатын екі сынып жинақталады. Әрбір сынып физика-математикалық және химия-технологиялық бағыттармен қатар оқытылады. Құжаттар 10 мамырдан 7 маусымға дейінгі аралықта қабылданады. Директордың атына жазылған өтінішке 6-шы және 7-ші сыныптағы үлгерім табелінің көшірмесін, туу туралы куәліктің көшірмесін, 3х4 өлшемдегі екі фотосуретті жалғау керек. Бірінші тур кезінде балалар психологиялық тестілеуден және сұхбаттасудан өтеді. Екінші турда математикадан тестілеу мен жазбаша жұмыс болады. Мектеп жанында 36 орындық интернат бар, бірақ бос орын аз. Толық ақпаратты Әуезов көшесі, 12 мекен-жайынан немесе 30-60-50 телефоны арқылы алуға болады.
Негізгі сабақтар таңертең болады, түстен кейін балаларда профильдік пәндерден қосымша сабақтар басталады.
«АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП-ИНТЕРНАТ» («ДАРЫН») ММ
Биыл «Дарын» мектебі қазақ тілінде екі сынып және орыс тілді бір сынып жинақтайды. Әрқайсысында 22 оқушыдан болады. 4-сыныпты бітірген балалар байқау негізінде қабылданады. Құжаттар қабылдау 23 мамырда басталып, 11 маусымда аяқталады. Байқауға қатысу үшін минималды пакет керек: соңғы оқу жылындағы табель (мұнда орташа балл 4,8-ден төмен болмауы тиіс) және 3х4 өлшемде 2 фотосурет болуы тиіс. Қалған құжаттардың барлығын және медициналық анықтаманы, егер бала емтиханнан ойдағыдай өтсе, содан кейін тапсыруға болады.
Емтихандар 15-22 маусымда өтеді. Үміткерлер оқытылатын тілде диктант жазуға және математикадан бақылау жұмысын шешуі тиіс. Бұдан басқа, оларды сұхбаттасу күтіп тұр. Соның барысында емтихан алушылар олардың ағылшын, қазақ және орыс тілдерін игеру деңгейін анықтайды. Байқау кезінде баланың түрлі байқауларға қатысуы, сертификаттар мен грамоталардың болуы ескеріледі.
Мектеп жанынан аудан балалары үшін 90 орындық жатақхана бар. Шалғайдағы ауыл балаларына басымдық беріледі, қала маңындағы тұрғындарға орын тиесілі емес. Бесінші сынып оқушылары аптасына 32 сағаттан оқиды; сынып жоғары болған сайын, жүктеме де көп болады. Математиканы оқуға аптасына 11 сағат бөлінеді. Негізгі сабақтан кейін балаларда арнайы курстар басталады. 8-сыныпта оларға екі: жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық бағыт бойынша бөледі. Мектепте тоқсандық оқыту жүйесі қабылданды. Оқу жылының қорытындысы бойынша үш үштік баға шыққандар оқудан шығарылады.
- Бізде күшейтілген бағдарламамен оқытылады, оған балалардың бәрі бірдей шыдай бермейді. Алайда жоғары талап қою өз жемісін береді. Өткен ҰБТ қорытындысы бойынша біздің мектептің орташа нәтижесі – 86 балл. Таяуда өткен сынама түріндегі ҰБТ-дан да түлектеріміз лайықты өтті. 11-сыныптың екі оқушысы - Райхан СҰЛТАНҒАЛИ мен Әли ЕСҚАБЫЛ – АМУ гранттарын алды. Республикалық ғылыми-тәжірибелік жобалар байқауына қатысушы Әлішер НӘСІПҚАЛИ да жоғары оқу орнында оқу грантын алды, - дейді «Дарын» директоры Светлана СҰЛТАНОВА.
Толық ақпаратты Байтұрсынов көшесі, 127 мекен-жай бойынша мектеп әкімшілігінен немесе 27-84-50, 27-84-43 телефондары арқылы алуға болады.
Н.ТІЛЕНДИЕВ АТЫНДАҒЫ КІШІ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫ
Музыка және хореография бөлімшелерінде 1-3 сыныптарының, ал 8-сыныптан бастап – көркем-графикалық және актерлық шеберлік бөлімшелерінде оқушыларын профильдік даярлайды. Кәсіби даярлықтарының арқасында академия түлектері Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына, жоғарғы мәдениет оқу орындарына және консерваторияға оқуға түсуге мүмкіндік алады. Өйткені орта білім туралы аттестатпен қатар олар таңдалған мамандық бойынша біліктілікті игеру туралы куәлік алады. Академияға түскен кезде оқушылар болашақ мамандықтарын таңдайды және оның қабырғасында алған білімдері әрі қарай таңдаған мамандықтары бойынша өздерін дамытуға көмектеседі. Оқыту кезінде сынып жетекшісі жүргізетін баланы дамытудың диагностикалық картасы оқушылардың шығармашылық қабілетінің, олардың кәсіби және интеллектуалдық деңгейінің дамуына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Академия қабырғасында балалар 15 мамандық бойынша оқытылады. 1-сыныптан бастап музыкалық және хореографиялық бөлімде оқығысы келетіндерді қабылдайды; вокалды-хор айтуға және дәстүрлі ән айтуға жалпыға білім беретін мектептің балалары 3-сыныптан бастап қабылданады; 8-сыныптан бастап көркем-графикалық, актерлық шеберлік, журналистика, ақын шеберлігі бөлімдеріне қабылдау жүргізіледі.
Құжаттар 1 маусымнан 1 тамызға дейін қабылданады. Содан кейін шығармашылық пәндер мен емтихандар бойынша консультациялар уақыты басталады. Бірақ бүкіл үміткерлер академия психологымен сұхбаттасудан өтеді. Шығармашылық емтихандардан бөлек үміткерлер міндетті түрде математика мен (қазақ немесе орыс) тілден тапсырады. Балалар екі ауысыммен оқиды. Академия жанында ауылдық жердің балаларына арналған 75 орындық жатақхана бар.
Академия жарғысы бойынша, арнайы және жалпыға білім беретін пәндер бойынша үлгермейтіндер мекен-жайлары бойынша жалпыға білім беретін мектептерге кері ауыстырылады.
Академия қабырғасында бірнеше хореографиялық ұжымдар, вокалды-эстрадалық ансамбльдер, көркем үйірмелер мен жеке орындаушылар үнемі болады. Академия қатысушылары – облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары. Әкімшілік көптеген фестиваль комитеттерімен ынтымақтаса жұмыс істейді, оның оқушылары көптеген елдерді аралап шыққан. Түлектердің басым бөлігі еліміздің үздік жоғарғы оқу орындарына түсіп, өз жолдарын жалғастырады.
ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ-ТҮРІК ЛИЦЕЙІ
ҚТЛ басқалардан бұрын қабылдау жүргізеді. 6-сыныпты бітірген ұл балалар үшін емтихандардың бірінші кезеңі сәуірде өтіп кетті. Логикалық ойлау қабілеті балаларға артықшылық беріледі. Сондықтан бірінші кезекте математика білімі мен логикалық есептерді шеше білуі тексеріледі. Болашақ лицейші үшін өте маңызды екінші пән – ағылшын тілі. Өйткені, пәндердің бір бөлігі ағылшын тілінде оқытылады. Әрине, бірден емес, оқытуға біртіндеп ауысады. Алдымен балалар терминологияны, түрлі химиялық элементтердің атауларын, процесстерді үйренеді. ҚТЛ түлектері тек ағылшын тілін ғана емес, қазақ және түрік тілдерін үйреніп шығады. Лицей жанында жатақхана бар. Бағдарлама қиын, сабақтар таңертеңнен бастап, бір сағат түскі асқа және демалу үзілістерімен кешкі 5-ке дейін болады. Бірақ осы қиыншылықтардың барлығына қарамастан ҚТЛ-ға түскісі келетіндер саны азаймай отыр. Білім сапасы туралы жыл сайын түлектердің ҰБТ-дан үздік нәтижелердің бірін көрсететіндігінен білуге болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА