Атырау, 29 қараша 01:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Лицей мен гимназияларға қабылдау кезінде іріктеу болмай ма?

7 112 просмотра

Әдетте оқу жылының аяғында гимназиялар мен лицейлер өз оқу орындарына бірінші сыныпта оқығысы келетін балалардың құжаттарын қабылдай бастайтын. Алайда биыл қалалық білім беру бөлімі 2012 жылы қабылданған оқуға қабылдаудың типтік ережесін қатаң сақтауды ұйғарды. Осы ережеге сәйкес мектептер өз мәртебелері мен балалардың дайындық деңгейлеріне қарамастан аумақтарында тұратын бүкіл балаларды қабылдауы тиіс.

АТА-АНАЛАР ЕРТЕРЕК ӘЗІРЛЕНЕДІ

Мамыр басталғанда редакцияға болашақ бірінші сынып оқушыларының тапсырулары қажет құжаттар тізімі мен тапсыру мерзімі туралы хабарлауды өтінген ата-аналардан қоңыраулар түсе бастады. Естеріңізге салсам, көп жылдар бойы Атырауда мынадай тәжірибе болды: лицейлер мен гимназияларға, сондай-ақ, жалпы мектептегі гимназиялық сыныптарға іріктеу арнайы сұхбаттасудан кейін жүргізілетін және ол жерге ниет білдірушілердің бәрі бірдей іліге бермейтін. Егер қарапайым сыныптарға өтініш қабылдау 1 маусымнан 31 тамызға дейін жүргізілсе, лицейлер мен гимназиялық сыныптарға құжаттарды өте қысқа мерзімде тапсыру қажет еді - әдетте 26 мамырдан бастап 5 маусымға дейін қабылдайды. Сұхбаттасуға психолог, төменгі сынып мұғалімдері мен оқу ісінің меңгерушісінен құралған бүкіл комиссия қатысатын. Лицей мен гимназия сыныптарына түсер кезде: әліпбиді білуі, буынға бөліп оқи алуы, 10-ға дейін және кері санай білуі, 10-ға дейін қосып және азайта білуіне артықшылық берілетін. Баладан жыл маусымын біле ме және олар бір-бірінен қалай ерекшеленеді, қай елде тұрып жатыр, тағы қандай елдерді білетінін және т.б. сұрайтын. Оқуға және жалпы дамуға психологиялық дайындығы ескеріледі. Болашақ гимназист жасы нешеде екенін, ата-анасының есімдерін, отбасында кіммен бірге тұратынын, сурет бойынша әңгіме құрастырып, өлеңдер мен ертегілерді білуге тиіс.

Бүлдіршіндерді мектепке даярлау ерте жастан басталады. Бұл үшін ата-аналар балаларын күшті тәрбиешілері бар деген балабақшаға орналастыруға тырысады, репетиторлар жалдайды. Әйтпесе, әзірлігі жоқ балаға күшейтілген гимназиялық бағдарлама бойынша оқу қиынға соғады.

- Жаңа оқу жылында бүкіл мектеп 19.01.12 жылғы үкімет қаулысымен бекітілген №127 типтік қабылдау ережесін қатаң сақтайтын болады. Оның үстіне, көп жылдан бері ата-аналар қалалық білім беру бөліміне, прокуратураға, білім беру саласын бақылау департаментіне шағымдар мен оқу орнына түсу кезінде сұхбаттасуды жоюға қатысты талаптар жаудырады. Олардың пікірінше, бұл олардың балаларының құқықтарына шектеу қояды екен, - дейді қалалық білім беру бөлімінің жаппай оқыту бөлімінің меңгерушісі Орынгүл ҚУАНДЫҚОВА. Мұндай шешімге келуге, оның айтуынша, орыс тілде оқытылатын мектептерде төменгі сынып мұғалімдерінің жетіспеушілігі де себеп болған. Нәтижесінде гимназиялық сыныптар мен лицейлерде 20-25 баланың орнына 40 баладан оқиды.

- Біз қалалық білім беру бөліміне балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудың типтік ережесін сақтау қажеттілігін және оларды дайындық деңгейлері бойынша бөлмеуді әлденеше рет көрсеттік. Заң бойынша бірінші сыныпқа қабылдау кезінде емтихандар, тестілеу, сынақтар, конкурстар өткізілмейді, - деп ахуалға түсінік берді Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаментінің бастығы Бектұр ҚАЛИ.

ДИРЕКТОРЛАР КЕЛІСПЕЙ ОТЫР

Атырауда бүгінгі күні 4 лицей (№16, 17, 20 және 7-сыныптан бастап қабылдайтын физика-математикалық лицей) және 9 гимназия (СТГ, №3, 13, 19, 30, 31, 34, 35, 36) бар. Білім беру жүйесінің өкілдері ережелер мен заңдардың сақталуын талап етсе де, дайындықтары жоқ балалар тереңдетілген гимназиялық бағдарлама бойынша қалай оқиды деген сұрақ туындап отыр. Стандартқа сай емес бағдарлама бойынша дайындықтары бар балалармен жұмыс жасап үйренген мықты педагогтар жалпы бағдарлама бойынша сабақ бере бастаса, біліктіліктерін жоғалтып алмай ма? Егер оқи да, жаза да алмайтын құрдасымен бір сыныпта оқитын болса, баласын дайындау үшін ата-анасы қаншама уақытын, күші мен ақшасын не үшін жояды?

Мектеп педагогтары да абыржулы.

- Біз – бұл жағдайда мен осы мәселені талқылап, мұндай ережелердің енгізілуімен келіспейтін басқа лицей директорларының да атынан айтып отырмын. Лицейде балалар тереңдетілген бағдарлама бойынша сабақ оқиды, математиканы оқытуға көп көңіл бөлемін. Сондықтан бірінші сыныпқа қабылдау кезінде біз логикалық ойлау қабілеті дамыған математикаға бейім балаларға баса көңіл аудардық, - дейді №20 мектеп-лицей директоры Зухра АЛМАШ. Ол бұл мәселені қалалық білім беру бөліміндегі әріптестерімен де талқыламақшы және келесі аптада ақырғы – ақылға қонымды шешім қабылданады деп үміттенеді.

Анықтамалық ақпарат. Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үшін баланың заңды өкілдерінен өтініш, туу туралы куәліктің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы анықтама (медициналық төлқұжат), мекен-жайы анықтамасы, 3х4 өлшемдегі 2 фотосурет керек. Өтініштер 1 маусымнан 30 тамызға дейін қабылданады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 мамыр 2016, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.