Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының (директоры Гүлзада ШАЛАГУЛОВА) «Айсұлтан» шаруа қожалығының үстінен жазған талап-арызы бойынша сот ісі қаралып жатыр. Талапкер шаруа қожалығынан 5 401 316 теңге несиені мерзімінен бұрын өндіріп, несиені мақсатсыз пайдаланғаны үшін осы соманың 25 пайыз көлемінде (1 350 000 теңге) айыппұл өндіру қажет деп есептейді.
Әңгіме қожалық иесі Қайрат ЖҰМАҒАЗИЕВТІҢ өткен жылы маусымда қордан егін шаруашылығын дамыту мақсатында 9,5 пайыз жылдық өсіммен бір жарым жылға алған 5 400 000 теңге несиесі жайында. Бизнес-жоспарға сәйкес, ол бұл ақшаға 5 гектар жерге картоп және 3 гектар жерге көкөніс өнімдерін егуі тиіс болатын.
Махамбет ауданы Таңдай ауылында орналасқан «Айсұлтан» шаруа қожалығы 2012 жылы мал, егін шаруашылығымен айналысу мақсатында құрылған. Қожалыққа 235 гектар жер тиесілі. Қожалық иесі несиені 2015 жылдың 25 маусымында алған болатын. Және оны 2016 жылдың 15 желтоқсанына дейін толығымен өтеп болуға тиіс. Әуелі бір жыл бойына, яғни, 2016 жылдың 25 маусымына дейін ай сайын 43 000 теңге шамасында төлеу керек, ал, 25 маусымнан 15 желтоқсанға дейін ай сайын 800 000 теңге шамасында төлеуі тиіс.
Осы жылдың 9 наурызында сотқа берген талап-арызында былай делінген: «Несие шартына сәйкес, Жауапкер 3 гектар жерге көкөніс және 5 гектар жерге картоп егуге міндеттелгенімен, өз міндеттемелерін орындамады. Несие шарты бойынша Қарыз алушы несиені мақсатты пайдалануға, несиені алған күннен бастап үш ай ішінде несиенің мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттарды беруге міндеттеледі. Несиенің мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар шартта көрсетілген мерзімде берілмеген жағдайда несие мақсатсыз пайдаланылған деп саналады».
Сотта қожалық иесі Қ. Жұмағазиевтің құқығын оның әкесі Хайырлы ЖҰМАҒАЗИЕВ қорғап жүр (суретте). Көп жыл ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен оның екінші мамандығы заңгер. Ол Қордың талап-арызын сотта қараудан алып тастау және несиені өтеу мерзімін бір жылға кейінге шегеру туралы қарсы талап-арыз берген болатын. Сондай-ақ, ол «Айсұлтан» шаруа қожалығының құқығын қорғауға көмек көрсетуді сұрап, өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтініш жазды. Палата сотқа қатысу үшін өз өкілін жіберетін болды.
- Палатада өткен кеңесте Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрағасы, сондай-ақ, осы палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА мені іс Жоғарғы сотқа жеткенде де қолдаймыз деп отыр, - дейді Х. Жұмағазиев.
Ол Қордан несие алу жөнінде өтінішті былтыр ақпанда жазған болатын. Кейін несие ресімдеуге тиісті құжаттар жинауға көп уақыты кетіп, несие оның шотына 25 маусымда түскен.
- 25 маусымнан кейін ешбір диқан егу жұмыстарын жүргізбейді. Бұл уақыт - тым кеш. Бірақ соған қарамастан біз бизнес-жоспарға сәйкес, алған несиемізді игеріп бастау үшін базардағы кемпірлерден қияр, қызанақ, сәбіз көшеттерін сатып алып, 3 гектар жерге отырғыздық. Ал, картоп еккеніміз жоқ, себебі, бұл уақытта картоп егілмейді, - дейді Х. Жұмағазиев. - Былтыр қыркүйектің аяғында бізден қаржының жұмсалуы туралы есеп сұратты. Менде көшеттердің шот-фактурасы болмай шықты. Қарапайым кемпірлерде шот-фактура қайдан болсын? Сауданы кіммен, қаншаға жасағаным туралы анықтаманы базар әкімшілігінен алуға болатынын ол кезде білген жоқпын. Сөйтіп, уақытынан кеш еккендіктен былтыр өнім аз әрі сапасыз шықты. Ал, барын базарға апарып сатқанымызбен сауда дұрыс жүрмеді, зиянға ұшырадық. Дегенмен, ай сайын төлеуге міндетті қарызымызды кешіктірмей өтеп отырдық.
Кейін ол қарызды қалай өтеудің жолын ойлап, «Первомайский» ЖШС-нен 45 баспақ сатып алады. Мақсаты – қыстай бордақылап, жазда сатып, ақша жасап, қарызынан құтылу болатын. Алайда, бұл жайттарды ескермеген қор қожалық несие қаржысын мақсатсыз пайдаланды деп, оны сотқа берді.
- Неге егу жұмыстарына қатысты жағдай ескерілмейді? Біз бұл несиені өзімізге жұмсау үшін алған жоқпыз ғой. Ақша бізге өте кеш түсті, - дейді Жұмағазиев. - Мен несиемді өтеу мерзімін бір жылға ұзартуды сұрап отырмын. Биыл еккен қауын, қарбыз, картоптан келесі жылы өнім алып, оны сатып, түскен ақшаның есебінен қарызымды толық өтеймін деп жоспарлап отырмын. Бұл ақша қарызды толық өтеуге жетеді.
Сот отырысы жалғасуда.
Айнұр САПАРОВА