Индер мен Қызылқоға аудандарына қарасты орман қоры күтімге алынбаса, жойылып кетуі мүмкін. Мұндай қауіптің барын Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат ДОСАН да растап отыр.
Кеңес заманында совхоздар орманды алқаптарға, шабындық жерлерге су айдап тұратын. Бүгінде тоғайды суаруға бюджеттен қаржы қаралмаған. Ал, тоғайда жүз жылдан бері тұрған ағаштар сағадан жырақ болғандықтан қурап қалып жатыр, оларды суару мүмкін емес.
Орман қорының жалпы аумағы 17 637 гектарды құрайды. Оның 2 200 гектары Қызылқоға ауданына тиесілі. Индер ауданының мемлекеттік орман қоры Жайық өзенінің бойында орналасқан. Сонымен бірге Ойыл өзенінің Жарыпшыққан саласында, Тайсойған өңірінде орман қорына тиесілі жер учаскелері бар. Соңғы үш жылдан бері орманшылар тоғайды қоршаумен айналысуда. Бүгінде жұмыс 80 пайызға орындалған. Осыдан да тоғайда жайылып жүретін мал әлдеқайда азайған.
- Жыл сайын орман қорының 20 гектар жеріне 66 мың қызылтал егіледі. Ал, орман тұқымбағында 20 мың жас көшет өсуде. Биылғы жылы тұқымбақ көлемі 1 гектарға дейін ұлғайтылып, оған терек, шегіршін, жиде, шаған, сексеуіл тұқымдарын егеміз, одан өсіп шыққан 70 мың көшетті орман алқабына отырғызуды жоспарлап отырмыз, - дейді Талғат Досан.
- Жайық өзеніне судың аз келуінен су тоғандары құрғап қалған болатын. Жерасты суларына үміт артуға бола ма?
- Қазір орманның қурау себебін анықтаумен «ҚазАгроИнновация» ЖШС айналысуда. Ол үшін Жайық бойының алты жерінен сараптамалық зерттеу жүргізу үшін топырақ алынды. Зерттеу қорытындылары осы жылдың аяғында белгілі болады. Ал, жерасты сулары тым тереңде жатыр, ағаштардың тамыры жетпейді.
- Қоршау орнатылғалы орманды алқапқа кіру оңай емес. Бұрын адамдар сонда серуендеп, демалыс сағаттарын өткізетін...
- Орманды алқапқа кіруге рұқсат беру біздің құзырымызда жоқ. Орманшыларға ескертіп кіре беруге болады. Бастысы, жүрген жерлерінде қоқыс тастамаса болды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА