Атырау, 29 қараша 01:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Тудаковтар әулетінің бастан кешкендері

Сурет
2 323 просмотра

Өткен жылдың желтоқсанында Атырау мұнай және газ институты музейінде қаламыздың тарихына арналған «Көне Гурьев» көрмесі өтті. Успен соборын салған көпес Федот ТУДАКОВТЫҢ ұрпақтарының Парижден жолдаған фотосуреттері ерекше қызығушылық тудырды.

КӨПЕСТІҢ БЕРІК СӨЗІ

Көпестің шөберелері Людмила РЕНАР мен Ирина ШЕП көрмені ұйымдастырушыларға жан тебірентер хат жолдап, Атырауда ешқашан болып көрмесе де, көздері жұмулы күйде ескі қаланы аралай алатындарын айтқан - туыстарының әңгімелерінің арқасында оларға бұл жердегі әрбір бұрыш таныс екен. Апалы-сіңлілер эмиграция кезінде дүниеге келген, бірақ орыс тілін жетік біледі, тіпті, Кеңес Одағына әлденеше рет келген. Рас, туған жерлеріндей болған Гурьевке баруға оларға рұқсат бермеген. Бақтарына орай, бүгінде араларын едәуір қашықтық бөліп жатқан адамдардың араласып тұруларына ғаламтор мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып мен апалы-сіңлілерден Тудаковтар отбасының Францияға қалай барғанын, олардың тағдырлары қалай болғанын әңгімелеуді өтіндім. Людмила мен Ирина –Федот Тудаковтың немересі Вера Тудакованың балалары. Людмила 1937 жылы, Ирина үш жылдан соң дүниеге келген. Революция жылдарындағы сұрапылды, отбасыларының тарихы туралы олар бала кезден-ақ ересектерден естіген. Там-тұмдап жиналған бүкіл мәліметті көздерінің қарашықтарындай сақтап, Тудаковтардың тарихына қатысты нәрсенің бәріне қызығушылық танытады екен.

Людмила Ренардың әңгімелеуінше, олардың бабалары Ресейге Парсы елінен жеткен. Ресейде қалу үшін және үндестік болу үшін оған анағұрлым «орыс» есімі қажет болады. Оған тудак деген үлкен құс ұнап қалады – осыдан келіп Тудаковтар тегі таралады. Олардың бабалары казак екен және жерге құқықтары болған. 1773-75 жылдары Шаруалар соғысы кезінде Тудаковтар Гурьевті мекендеген. Федот Иванович Тудаковтің әкесі – Иван Тудаков (біздің кейіпкерлеріміздің арғы атасының әкесі) орыс-түрік соғысына қатысқан. Қара теңіз суларында аз ғана кеме суға кетеді, олардың бірінде алтын болыпты. Матростар сүңгіп, алтын құймаларды алып шыққан. Соғыс аяқталған соң алтындағы өз үлесін Иван үйіне әкеледі. Федот Иванович Тудаков (арғы атасы) – Иван Тудаковтың үлкен ұлы, одан кейін Василий, Осип, Павел, Георгий деген ұлдары болады. Олар араласып тұрды ма, жоқ па, оны Людмила білмейді. Тек Федоттың көпес болып, балық сатқаны, көп сиыры мен жылқысы, қойы болғаны, түйе де ұстағаны белгілі. Балық пен малды Оралға сатып, сол жақтан түрлі тауар әкелген. Ол атақты, беделді адам болған. Іскерлігімен көзге түскен, серіктестерінің арасында табанды мінезімен даңқы шыққан. Бірақ мейірімді болған екен. Сөзін берік ұстаған: уәде етті ме, соны орындайды екен. Бұл мінезі оның ұрпақтарына да дарыған.

1886 жылы ол Гурьевте Успения Құдай Ана храмын салады. Оның әйелі Ирина Эмельяновна құрылысшыларға түскі тамақ әзірлеген. Шіркеуді ондаған жыл бойы тұрғызған, өйткені, қыста құрылыс уақытша тоқтатылатын. Ол өз қаржысына түрменің бұрынғы ғимараты (қазіргі полиция мекемесі) мен бас пошта ғимаратын салды.

ҚАЗІР ОЛ ЖЕРДЕ «ОРАЛ» МЕЙРАМХАНАСЫ

Федот Иванович Тудаков пен Ирина Эмельяновнаның Анфиса және Иван есімді екі баласы болған. Анфиса Федотовна жүзбасы Михаил Поликарповқа күйеуге шыққан. Иван Федотович (Людмила мен Иринаның атасы) Мария Ивановна Шабаеваға (әжесі) – Ольга Семёновна Субботина-Шабаеваның қызына үйленген. Ал, Субботиндер Самараның дворян тегінен шыққан. Ольга Семёновна Субботина (арғы әжесі) – Мария Ивановна Шабаеваның анасы, Александр ІІ-нің сарайында патшайым Мария Александровнаның фрейлинасы болған. Шабаевтар – Самараның бай көпестері. Иван Федотович Тудаков пен Мария Ивановна Шабаева-Тудаковада жеті бала болған: Федот, Татьяна, Елена, Елизавета, Вера (Людмила мен Иринаның анасы), Ольга, Александр. Апалы-сіңлілі Тудаковалар Самарада гимназияда білім алған. Иван Федотович Тудаковтың отбасы қазіргі «Орал» мейрамханасы орналасқан үйде тұрған (оның бір бөлігі күрелген – үй Пугаев көшесіне шығып тұрды). Кейіннен бір кездері ҚазНИГРИ институтының зертханасы орналасқан қарсы үйде Анфиса Федотовна мен Михаил Поликарпов тұрған, одан кейін Федот Иванович Тудаков пен Ирина Эмельяновнаның үйі, одан кейін Богуцкийлердің (1915 жылы Елена Тудакова Ф.А.Богуцкийге тұрмысқа шыққан) үйі тұрған. Осы кварталдың барлығы Тудаковтарға тиесілі болды. Татьяна Тудакова-Брысинa жақын жерде, Астрахань көшесінде тұрған. Төңкеріс кезінде отбасындағы үйлердің бірінде милиция орналастырылған. Федот Иванович Тудаков 1914 жылы, оның әйелі Иринa Эмельяновнa 1917 жылы қайтыс болады. Атасы Иван Федотович Тудаков 1908 жылы Мәскеудегі ауруханада көз жұмған. Арғы әжесі Ольга Семёновна Субботина 1918 жылы қайтыс болған. Ол Ставропольде өзі қолдау көрсеткен Раковский монастырына жерленген. Людмила мен Иринаның нағашысы Федот Иванович (Иван Федотович Тудаковтың ұлы) 30-жылдардың басында тұтқынға алынып, бүкіл мүлігі тәркіленген. Ол туыстарынан жырақта қалып, азаматтық құқығынан айырылған. Бірақ кейіннен қамаудан босатылады. Осы уақыттан бастап шетелдегі отбасының ол туралы ешқандай мәліметі жоқ. Тек оның Гурьевтегі қалалық емханада есеп жүргізуші болып қызмет еткені ғана белгілі. 1937 жылы оны қайтадан қамауға алып, «Севураллаг» түзету-еңбек лагеріне (Солтүстік-Орал лагері) 10 жылға түрмеге жазалайды. Ол сол жерде 1938 жылы қайтыс болады.

РЕСЕЙДЕН ҚАШУ

1919-20 жылдары Федот Ивановичтен басқа бүкіл Тудаковтар отбасы Гурьевтен кетіп қалады. Алдымен Мария Ивановна Шабаева-Тудакова қаладан кетеді, ол өзімен бірге бала күтуші Евдокия Максимовна Чижованы, содан кейін Александр Тудаковты, Ольга Тудакованы, Вера Тудакованы, Елизавета Тудакова-Кирилованы күйеуімен алып кетеді. Олар Астрахань – Тихорецк – Ростов – Екатеринодар – Новороссийск бағытымен жүреді.

Тихорецкіде Ольга Тудакова болашақ күйеуімен - генерал Хорохшиннің адьютанты Георгий Ломакинмен танысады. Ол бүкіл отбасы Түркияға қоныс аударады деген шартпен некелеседі. Олардың некесін Орыс Әскері мен Флотының бас әскери священнигі Георгий Щавельский әкей қияды. Олардың ізін ала Гурьевтен Татьяна Тудакова-Брысинa күйеуімен және балаларымен, Елена Тудакова (оның күйеуі Богуцкий Гурьевте қалады) шығады. Олар пойызбен кетеді.

– Краснозаводскіде «қызыл атты әскер» бәрін вагоннан шығуға мәжбүрлеп, бүкіл еркектерді атып тастайды - әрі қарай тек әйелдер мен балалар кетеді... Бүкіл отбасы Кавказда бас қосып бірігеді. Түркияға Қара теңіз арқылы қайықпен жетеді. Осы кезде дауыл көтеріледі. Оларға француз кемесі көмектеседі, - деп әңгімелейді Людмила.

1920-1922 жылдары отбасы Константинопольде тұрады. Оларға басқа орыс эмигранттары секілді “Земгор" (Бүкілресейлік земстволық және қалалық одақтардың әскерлерді жарақтау бойынша басты комитеті - Ресей империясында 1915 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын бөлу жөніндегі құрылым земстволарының базасында құрылған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісі қайраткерлерімен тығыз байланыста болады. Ақ эмиграцияда қалпына келтірілген Земгор орыс қашқындары үшін көмек бөлуде делдалға айналды - З.И. ескертпесі) қолдау көрсетеді.

Бұл ұйым Константинопольден орыс эмигранттарының едәуір мөлшерін қабылдауға дайын Сербияға, Болгарияға, Чехославакияға көшуге көмектеседі. Балалар «Земгор» ашқан мектептерде оқиды. Ересектер шамалары келгенше жұмысқа орналасты. Вера Тудакова (аналары) кинотеатрда тапёр болып жұмыс істеді. Кешікпей Тудаковтар Болгарияға кетіп, Софияда орыстар жатақханасында 4 жыл тұрады. Гимназияға жұмысқа кіру үшін Вера Тудаковаға туған жылын бұрмалауға тура келген. Әйтпесе, оны француз тілінің оқытушысы етіп қабылдамас еді. Константин Петрович Кирилов – Елизавета Тудакованың күйеуі - қымбат мейрамхана оркестрінде ойнаған (манжеттер мен пластрон пиджак астарындағы жіпке байланып тұратын еді).

ФРАНЦИЯ

1925 жылы отбасы Болгариядан Францияға шығып кетеді. Мария Ивановна Шабаева-Тудакова, Александр Тудаков, Вера Тудакова бірінші күйеуі Фёдор Самойловпен, Ольга Тудакова күйеуімен және қызы Татьянамен, Елена Тудакова Парижге көшіп алады.

Біраз уақыт өткен соң бүкіл формальдылықты реттеген соң Елизавета Тудакова-Кирилова күйеуімен және балалары Марианна, Ксениямен, Татьяна Тудакова-Брысинa ұлдарымен және бала күтуші Евдокия Максимовна Чижовамен шыға алды. Отбасы Францияға орнығып алды. Сол 1925 жылы Мария Ивановна Шабаева-Тудакова науқастанып, Парижде көз жұмады. Ол Париж түбіндегі Sainte Geneviève des Bois-тегі орыс зиратына жерленеді. Кейіннен отбасының көптеген мүшелері де сол жерде мәңгілік мекен тебеді.

Жаңа өмір басталды. Әркім жағдайларына қарай орналасты. Зауыттарда, шеберханаларда жұмыс істеді, шәркейлер тоқыды. Вера Тудакова париждік “Бон Марше" универмагының кеңсесіне жұмысқа орналасты. Балалары танымал ресейлік оқытушылар тобынан құралған орыс гимназиясына оқуға түсті. Гимназия жанынан сонау 1920 жылдың өзінде Парижде орыс скауттар дружинасы - ҰОСҰ (ұлттық орыс скауттар ұйымы) құрылған еді. Париж ол кезде орыс эмиграциясының мәдени орталығы болатын. Түрлі оқу мекемелері, мәселен, орыс консерваториясы ашылды. Ксения Кирилова (Елизавета Тудакованың қызы) рояльда ойнады. Музыкалық білім алған соң, Париждегі беделді Гаво концерт залында концерттер береді. «Русская Мысль», «Русские Новости», «Возрождение» атты орыс газеттері жарыққа шықты. Приходтар жанында бейсенбілік мектептер көбейді. Қызығы мен шыжығы мол өмір жалғаса берді. Өмір сүру қиын еді, бірақ олар ешқашан шағымданбады: «Never complain, never explain!». Тек алға ұмтылды.

– Ауыр, бірақ қызықты кезеңдер болатын. Нағашымыз Александр Тудаков атақты биші әрі хореограф Сергей Лифармен таныс болған еді. Осы таныстықтың арқасында Вера мен Ольга Тудаковалар Шаляпин ән шырқаған «Châtelet» театрында “Иван Сусанин" операсына қатысады. Олар фигурант-жауынгерлер болатын. Үйлеріне қайтып келе жатып, олар кафеге кіріпті. Кафедегіледің бәрі оларға қарай береді екен, сөйтсе, анам мен нағашы апам беттеріндегі гримдерін сүртуді ұмытып кеткен екен, - деп әңгімелейді Людмила.

1937 жылы оқуларын бітірген Татьяна Тудакова-Брысинаның балалары онымен бірге Мароккоға (сол кезде француз протектораты еді) қоныс аударады. Георгий геолог болып, Марокконың топырақ картасын жасайды. Пётр – агроном, Валерий – топограф болады. Екінші Дүниежүзілік соғыстан соң Александр Тудаков жоғары инженерлік электротехниктер мектебін (Supelec) бітіріп, ол да әйелімен Рабатқа кетіп, сол жерде мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бәрі Францияға зейнеткерлікке шыққан соң оралады. Олардың балалары мен немерелері медиктер, инженерлер, профессорлар болып, университетте сабақ береді... Олар, өкінішке орай, орыс тілінде сөйлемейді.

«БІЛІМ АЛЫП, БАСҚАЛАРДАН ОЗЫҚ БОЛЫҢДАР!»

Соғыстан кейін орыс отбасыларының көпшілігі үшін балаларын өздері тұрып жатқан елдің азаматы ретінде тәрбиелеу басты нәрсеге айналады. Алайда олар өздерінің орыс шежірелерін ұмытпады. “Білім алыңдар! Алдыңғы орында тұрыңдар! Бәрінен озық болыңдар!" - олардың ұрандары осындай болатын.

– Біз Вера Тудакова мен оның екінші күйеуі - Дон казагы, бұрынғы офицер Владимир Никонович Букановскийдің балаларымыз. Вераның бірінші күйеуі Ф. Самойлов пен оның жас баласы 1928 жылы көз жұмған. Біз соғыс алдында дүниеге келгенбіз. Соғыс! Барша үшін тағы да қиын кезең басталды. Елде жұмыссыздық жайлады. Әкемді Германияға жұмыс істеуге жіберді. Тамақтың тапшылығы анамның денсаулығын бұзды. Ол жап-жастай, 1948 жылы қайтыс болды. Ал бізді католикалық пансионға жіберді, онда орыс балаларына арналған «Институт Святой Ольги» деген бөлімше бар болатын, - деп балалық шақтарын еске алады апалы-сіңлілер.

Институтқа пансионда орыс атмосферасын құра алған тамаша педагог Мария Михайловна Осоргина басшылық етті. Сабақ, әрине, француз тілінде жүргізілді. Ал сабақтан кейін орыс бөлімінде музыка, әдебиет, кітап оқу, өлең оқу, ән, ойындар басталатын. Апта сайын приходтағы бейсенбілік мектепке баратын. Екі жыл Людмила мен Ирина осы пансионда білім алды, содан кейін үйлеріне оралады. Олар орыстар ортасында өмір сүрді, орыс әдет-ғұрпын сақтады. Француз мектептерінде оқыса да, үйлерінде орысша сөйледі. Бәрі отбасыларымен жиі бас қосатын: скрипкада, гитарада, балалайкада, банджода ойнап, орыс әндерін шырқап, көңіл көтеретін. Рождествоны, Қасиетті Пасханы тойлайтын, орыс скауттарына барып, жазда олармен бірге каникулда Атлант мұхитының жағасына лагерьге баратын.

Владимир Букановскийдің әкесі зауытта жұмыс істеді, көп табыс таппаса да, қыздарының білім алуына ақша аямады. Ол қыздарын Париждің көрнекті орындарымен таныстырды, музейлерге, түрлі көрмелер мен спектакльдерге апарды.

– Екі мәдениетті сабақтастырған қарапайым балалық шағымыз болды. Қандай байлық десеңізші! – дейді әкелеріне лайықты баға берген апалы-сіңлілер.

Бұл байлықты, өз кезегінде, олар өз балаларына дарытуға тырысты. Православие, орыс тілі...

Людмила шіркеу-приход мектебіне жауапты тұлға және Нормандияның жазғы балалар лагерінің директоры болды. Оның күйеуі француз сауда өкілі еді, 2013 жылы көз жұмды. Ұлы Павел кәсіпкер болды, құрылыс саласында жұмыс жасайды.

Ирина «Іздеу қызметінің ақпараттық институтын» бітірген. Есептеу жүйелері өндірілетін фирмада жұмыс істеген. Ол да инженер французға тұрмысқа шыққан. Екі баласы бар, үлкені Наталья лицейде ағылшын тілінен сабақ береді. Ұлы Петр – студент, ол орыс тілінде сөйлейді. Ал, немерелері француз тілінде, ағылшын тілінде еркін сөйлейді, ал орыс тілінде бірнеше ғана сөз біледі. Рас, құймақты, пирожкиді, орамжапырақ салынған пирогты, котлеттерді сүйсініп жейді...

Ал оларды Кеңес дәуірінде Гурьевке неге жібермеген? Мұны апалы-сіңлілер әлі күнге дейін білмейді. Жолдама бермеген, бітті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.