Атырау, 29 қараша 03:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Заң банк борышкерлеріне аяушылық танытты

2 363 просмотра

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап несие саласындағы өзгерістер күшіне енеді - банктер қарыз алушылардың шоттарындағы ақшаның жартысынан аспайтын мөлшерін ғана өндіріп ала алады.

Бүгінде, егер қарыз алушы келісім шарттарын орындамаса, яғни, уақытында өз қарызын төлемесе, банк оның кез келген банктік шотынан қажетті соманы түсіріп ала алады. Адамдар көбінесе несиелерін қиын жағдайда қалғандықтан төлей алмай қалады, ал шотындағы қаржыны түсіріп алу борышкерлер мен олардың отбасыларының жағдайын қиындатып жібереді. Өйткені олардың өмір сүруге ақшалары болмай қалады.

Сондықтан 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап борышкерге оның шотында тұрған немесе шотына түсетін соманың 50 пайызын сақтауды қамтамасыз ететін норма енгізілді. Қарыз алушының жинақ шотында тұрған ақшаларға бұл шектеу қолданылмайды.

Қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Шәрипа МЫРЗАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, қарыз алушылардың жағдайын жақсарту жұмыстары қазірден бастап жүргізілуде. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша төлем уақыты 180 күннен асқаннан кейін есептелетін сыйақы мен тұрақсыз төлемін төлеуді талап етуге тыйым енгізілді. Бұл қарыз алушылардың бережақтары көбейіп кетпес үшін жасалған. Ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша мерзімі өткен бережақтың 70 пайыздан астамы 180 күннен асатын мерзімге тура келетінін тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни, проблемалы бережақ жылдар бойына жиналып, адамдардың өз міндеттемелерін орындау үшін ақшалары болмайды. Сондықтан тұрақсыздық төлемі мен сыйақы берілген қарыз мөлшеріне жетпей тұрған кезде, проблемалы бережақты дер кезінде реттеу үшін 6 ай төлеу мерзімі өткеннен кейін сыйақы мен тұрақсыздық төлемін талап етуге шектеу енгізіледі. Мұнда банктердің қарыз алушыға қарызды қайта құрылымдаудың түрлі шарттарын ұсынуға құқығы бар. Ал егер тараптар келісімге келмесе, онда банктер бережақтарын сот арқылы өндіріп ала алады.

Іс жүзінде банктер бережақтарды қайта құрылымдау нұсқасы ретінде көбінесе жаңа қарыз беруді ұсынады. Бүкіл мерзімі өткен және өтелмеген сыйақы, комиссия және тұрақсыздық төлемдерінің сомасы негізгі қарызға жинақталады. Нәтижесінде қарыз тек көбейе түседі және жекелеген жағдайларда негізгі қарыздың қалдығы қарыз алушының бастапқыда алған сомасынан көп болып кетеді, - деді Ш.Мырзағалиева. – Сондықтан мұндай әділетсіз шарттарға заңмен тыйым салынған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА
3 мамыр 2016, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.