Құрманғазы ауданынан майданға аттанған жүздеген адамның 200-ге жуығы ғана тірі оралды. Бүгінде бір майдангердің көзі тірі. Ал, ері майданнан оралмаған Уағиса МҰХТАРОВА (суретте) бар ғұмырын күтумен өткізген.
Уағиса әже 1917 жылы 1 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Таубұйрат ауыл советіне қарасты Баршақұм деген жерде дүниеге келген. Техникумды аяқтамастан, мұғалімдердің жетіспеуіне байланысты Уағиса өзі оқыған Үштаған орта мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып барады.
- Менің жасым сол кезде 17-де болды. Кейбір оқушыларым менен аз ғана кіші болатын. Әсіресе, қырда тұратын балалар мектепке кеш келеді. Сол кезде әке-шешем екеуі бірдей шешек дертіне ұшырап қайтыс болды. Сөйтіп, жастай үш бауырыма әке де, шеше де болдым, - деп еске алады жүзін әжім торлаған әжей көзі жасаурап.
Оның болашақ жары Қыдырқожа ЖҰМАБЕКОВ те ұстаз болатын. Оқыған кітаптарын бірге талқылап, бір-бірімен тез ұғысқан жастар 1937 жылы үйленеміз деп шешеді.
- 1939 жылы жолдасымды әскер қатарына шақырды. Армия қатарына кеткендер сол жақтан майданға аттанып жатты. Мен де елеңдеп, күдерімді үзіп отырғанда Қыдырқожа 1941 жылдың 1 маусымында ауылға демалысқа келді. Қуанышта шек жоқ. Ұрысқа кірмепті, ойын-жаттығуда болыпты. Сыпырыла ерлерді майданға алып жатқанда өзі де кететін күні алыс емес екенін айтып, «мені күт, шаңырағымызды шайқалтпашы» деп айта беретін. Өкініштісі сол, ол ауылда бар болғаны 15 күн болды. Армиядан шақырту қағазы келді. Жылап-сықтап шығарып салдық. Бұл біздің соңғы көрісуіміз екен...
Уағиса әже жолдасынан 1944 жылға дейін хат алып тұрған. Қыдырқожа барлаушы болыпты. Ал, кейін жаралы майдангерлер туған ауылдарына орала бастады, бірақ олардың арасында Қыдырқожа жоқ еді. Бір қыз, бір ұлын құшақтаған Уағисаның да үміті үзілер емес. Кебін киген емес, кебенек киген бір келер деп ол Қыдырқожасын ұзақ күтті.
- Тылдағылардың да күйі нашар еді, аштық пен жоқтықты қатар бастан кешіп жаттық. Майданға аттанған ерлердің орнына да, өзіміз үшін де жұмыс істеуге тура келді, - дейді Уағиса әже.
Уағиса ұстаздық етумен қатар егін мен пішен дайындаудың ортасында сан алуан іске араласып отырды. Одан қалса, Уағиса сияқты жас келіншектер шамның жарығымен шұлық, қолғап тоқитын. Малдың сүтінен брынза, май дайындайтын. Бұл бірақ тылдағылардың ерніне тимейді, бәрі майдан үшін деп әскерлерге жіберілетін.
Соғыс аяқталып, солдаттар үйлеріне оралып жатты. Қаншама үй атпалдай азаматтарының орнына «қара қағаз» алып, жүректері жаралы болып қалған. Қыдырқожа ғана тірілердің де, өлілердің де қатарында жоқ болатын.
Ал, Уағиса көп күтті. Өмір бойы күтті...
- Енді соғыс болмасын, ел тыныш болып, ұрпағымыз өсе берсін, - дейді 99 жастағы Уағиса әжей.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА