Біз өткен аптада Қызылқоға ауданында малдан бруцеллез ауруын анықтау үшін қан алу жұмыстарының кешіктіріліп басталғанын жазған болатынбыз. Қазір бұл мәселе басқа аудандардан да шығып отыр. Бұл облыстық ветеринариялық зертхананың келісімшартына енгізілген жаңа талапқа байланысты.
ИСАТАЙ АУДАНЫ
Исатай аудандық ветеринариялық стансасы жоспарға сәйкес осы жылдың наурыз айында серологиялық талдау үшін қан сынамаларын алып, адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті індеттік ауруларға қарсы ветеринариялық-профилактикалық өңдеу жұмыстарын атқаруы тиіс болатын. Алайда, облыстық ветеринариялық зертханамен малдан бруцеллез ауруының бар-жоғын анықтау үшін қан алу жұмыстарына қатысты келісімшартқа отырылмай қалуына байланысты бір рет пайдаланылатын, малдан қан алуға арналған инелі шприц-пробиркалар мен індеттік ауруларға қарсы егуге арналған вакцинаның дер кезінде жеткізілмеуінен бұл жұмыстар атқарылмай қалды. Осы себепті 2,5 млн-ға жуық бюджет қаржысы игерілмей, аудандық ветеринариялық стансаның барлық 23 қызметкері жалақыдан қағылған.
Эпизоотияға қарсы шаралар 1 наурызда басталуы тиіс болатын. Бірақ облыстық ветеринариялық зертхана аталмыш келісімшартты аудандық ветеринариялық стансасына 14 наурыз күні ұсынған. Биыл оған өзгеріс енгізіліп, жаңа бір тармақша қосылыпты. Онда былай делінген: «Жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша - Биоматериалы бар шприц-пробирканың саны осы елді мекенде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында тіркелген мал басымен сәйкес болуы керек».
Бұрын мал дәрігерлері бақташының бағымындағы малдан бір күнде қан алып, сол жерден кімнің малы екендігін белгілейтін, енді мал иесінің бірдейлендіру дерекқорына тіркелген барлық малы бір мезгілде толықтай тексерілуі керек. Мал иесінің бір малының қаны келмесе, басқасы есепке алынбайды.
Ауыл шаруалары жайылым тапшылығынан көктем шыға малдарын қырда отырған малшыларға ақылы негізде бақтыруға береді.
Аманжол РАХМЕТОВ- Біз мұнымен келіспейміз. Бұл комплексті және бір жерге шоғырландырылған тұрақты шаруашылыққа арналған. Сол себепті көрсетілген талаптар жеке сектордағы мал басына қолдануға келмейді, - дейді «Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» КМК-ның директоры Аманжол РАХМЕТОВ. - Зертхана мал қанын бес күннен артық сақтамайды. Базадағы мал санына тұрғынның мал саны сәйкес келмесе, сәйкессіздік актісін толтырып береді. Бұл біздің бар жасаған жұмысымызды жоққа шығарады деген сөз.
ИНДЕР АУДАНЫ
Өткен жылы Индер ауданында 11 ірі қара мен 143 қой-ешкіден бруцеллезге оң әсер берушілік анықталған. Ал, күдікті ретінде 33 адам тексеріліп, 12 адамнан бруцеллез дерті табылды, оның ішінде жасөспірім балалар да бар. Индерде де серологиялық жоспардың кеш берілуінен малдан қан алу жұмыстары наурыздың 11-інен бастап жүруде.
«Индер аудандық ветеринариялық стансасы» КМК директоры Ербол БӨКЕЕВ егер келісімшартқа өзгеріс енбесе, округ мал дәрігерлері еңбекақыларын ала алмай, жұмыстарын тастап кетуі мүмкін деп есептейді.
Көктоғай ауылдық округінің мал дәрігері Оралбай ҚҰСПАНОВ та сондай пікірде:
Оралбай ҚҰСПАНОВМенің мал дәрігері болып еңбек еткеніме 38 жыл болыпты. Бірақ біздің саламызда тап осындай қиындық болмаған. Биылғы өзгеріс әуре-сарсаңға салып тұр. Біріншіден, тұрғындар жайылыстың тапшылығына орай малын қырдағы ағайындарына, таныстарына апарып тастаған. Тіпті, бірнеше шақырымдағы Батыс Қазақстан облысына қосып қойып отырғандары бар. Бұған дейін малдан жалпылама қан ала беретінбіз, енді бір адамның қарамағындағы малын бес күннің ішінде бір-бірлеп қалай тауып аламыз? Көлігіміз болғанымен, жанармай, қосалқы бөлшекке қаржы қаралмаған. Ал, біз жоспарды орындап, актіге қол қойдыруымыз керек. Олай етпейінше еңбекақы төленбейді.
Есбол ауылдық округінің мал дәрігері Серікбай ҚАЖЫКЕНОВТЫ мазалайтыны да осы мәселе.
- Мен осы сәуір айында 400 ірі қара, 1 мың қой, 70 түйеден қан алып тапсыруым қажет. Бұл жоспарды орындау үшін шаруа қожалықтарын кезек-кезек аралап, жоспарды орындауға жұмыстанып жатырмын. Екі айды біртіндеп орындармын, ал, жазда жаппай ауыл малы далаға кетіп қалғанда жоспарды қалай орындаймын? – деп уайымдайды ол.
«Индер аудандық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімі» ММ-нің басшысы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ малдан қан алу жұмыстарын бұрынғы күйінде қалдыруды сұрап, облыстық ветеринария басқармасына және ҚР АШМ ветеринариялық бақылау комитетіне, сонымен қатар, облыстық ветеринариялық зертхана директорына хат жолдапты. Бәрі жауап күтіп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА