Атырау облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Жарқыра» бағдарламасы іске қосылды.
Атырау қаласы мен Жылыой ауданында әлеуметтік инвестициялық жобалар желісі бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) бағдарламаны жүзеге асыратын болады.
Бағдарлама кіріспе семинарлар сериясынан басталды. Атырауда жұмыс жасап жатқан, ісін енді бастаған және ықтимал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін кездесулер 11-13 сәуірде өтеді, осындай семинар Құлсарыда 14-15 сәуірде өткізіледі.
Семинарда қатысушылар бизнес-идеяларды іздеу әдістері мен ресурстар туралы, «Жарқыра» жобасына қалай қатысу керектігі, бизнес-өтінім идеясын ресімдеу және жүзеге асыру үшін қалай ақша алу керектігі туралы білетін болады. Семинарды танымал әлеуметтік кәсіпкер әрі бизнес-тренер Ғалым ЖУКУБАЕВ жүргізеді. Сабақтан кейін қатысушылар байқауға қатысуға өтінімдерін бере алады.
Байқау шешімін ашық етуді қамтамасыз ету үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, БАҚ, ТШО және басқа мүдделі тараптардың өкілдері кіретін бағдарлама сарапшыларының кеңесі құрылады. Идеялар байқауында 25 үміткер іріктеледі. Іріктелген тұжырымдама авторлары оқытудан өтіп, өз идеяларын бизнес-жоспар деңгейіне дейін жеткізе алады, үздік 10 жоба 3,5 млн теңге мөлшерінде қаржыландырылып, әрі қарай тәлімгерлік және тәжірибе алмасу түрінде қолдауға ие болады.
- Қоғамның өткір проблемаларын азаматтардың өздері тиімді шешу үшін түрлі елдерде әлеуметтік кәсіпкерлік
көптен бері табысты түрде қолданылып келеді. Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау – бұл әлеуметтік проблемаларды шешуде мемлекетке көмектесу, бұл қайырымдылық, бұл белсенді азаматтар үшін өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігі, - дейді ОАЕҚ бағдарламасының жетекшісі Айгүл ТАҒАТОВА.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің мысалы ретінде ол, атап айтқанда, Ерлан Күмісқалиевтың «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдастығының жобасын, Алматыдағы «Бұл - аула» әлеуметтік-экологиялық жобасын (балаларды қайталама шикізаттан қажетті заттар жасауға үйретеді) атады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА