56 мектептің түлектері үшін ҰБТ өткізуге қалалық бюджеттен 90 млн теңге бөлінді (компьютерлеу, бейнебақылау жүйесін сатып алу және т.б. үшін). Мұндай ірі сома алғаш рет бөлініп отыр, - деп атап өтті Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында мұғалімдердің қатысуымен өткен кеңесте.
Ол сондай-ақ, 2016 жылы қала білім беру саласына 14 млрд теңгедей жұмсауға ниет еткенін, бұл бүкіл бюджеттің 17%-ын құрайтынын айтты. ...Ақша бөлінеді, мектептердің материалдық-техникалық базалары жақсарады, ал бұл жағдайда ҰБТ қорытындылары бойынша бағаланатын білім сапасы қуантпайды. Өткен жолы орташа балл 61 болды. Қаладағы "Алтын белгіге" 22 үміткердің тек бесеуі, ерекше үлгідегі аттестатқа 15 үміткердің үшеуі өз білімдерін растады. 207 адам түрлі пәндер бойынша екі деген баға алды.
Сәуірде өткізілген сынама тестілеуге 1 095 түлек қатысып, орташа 60 балл алды. "Қанағаттанарлықсыз" бағасын 164 адам алды. 659-ы төменгі 50 баллды жинай алмады - бұл қатысушылардың жартысынан көбі. Кейбір мектептерде орташа балл 50-ден төмен болды. Мәселен, Алтынсарин атындағы №11 мектепте - 46, Ломоносов атындағы мектепте – 43. Қанағаттанарлықсыз баға тіпті мектеп-гимназияларда да болды: №13 – 5 «екі», №19 – 5, №30 – 11.
- Сіздер мұны қалай түсіндіре аласыздар, сіздің оқу орындарыңыз анағұрлым жоғары білім беретін ерекше мәртебеге ие емес пе? - деді Н.Ожаев гимназия басшыларына.
№13 мектеп-гимназияның директоры Нұрлы ҚАБДЕШЕВАНЫҢ растауынша, оқушыларда техникалық проблемалар мен тест тапсырмаларының нұсқаларына қатысты жаңылысушылықтар орын алған. №30 мектеп-гимназияның директоры Арайлым КЕНЖЕҒАРИНА сынама тестілеуді сәтсіз тапсырған түлектердің ата-аналарымен сөйлесіп, олар балаларының ҰБТ-ға қатыспайтындығы туралы қолхат жазғанын айтты.
Жиын өткен соң телефонмен сөйлескен кезде Кенжеғарина 6 түлектің (кейбірі екі екіліктен ) 11 екілік алғандарын айтып өтті. Өйткені, олар Ресейдің жоғары оқу орындарына түсіп тұр, сондықтан ҰБТ тапсыру қажеттілігі жоқ, олар бұл туралы білгендіктен сынақтық тестілеу тапсыруға күш салмаған.
Оқу орындарында, мұғалімдердің пікірінше, ҰБТ-ға "жетпейтін" оқушыларды үйреншікті болып кеткен "ығыстырып шығару" тәжірибесі бар екені баршаға белгілі. Әдетте, оларды 9-сыныпта "сұрыптай" бастайды. Шын мәнінде, бұл мұғалімдердің қауқарсыздығын мойындау болып табылады. Өйткені осы оқушылардың көпшілігін екі жыл ішінде әжептәуір деңгейге дейін көтеруге болар еді. Қала мектептерінде 4 425 педагог жұмыс істейді, олардың 746-сының жоғарғы санаты бар және мұғалімдердің көпшілігінің едәуір жұмыс өтілі бар. Дегенмен де нәтижелер осылай болып отыр.
ҰБТ-ға дайындық соңғы мәресіне жетті. Үйде ата-аналары балаларына олар үшін ең бастысы - ҰБТ тапсыру екенін құлақтарына құя береді. Мектепте де солай. Нәтижесінде балалар өздеріне өздері сенімсіз болып кетеді. Мұның қандай салдарға соқтыруы мүмкін екендігі баршаға белгілі.
- ҰБТ-ға дайындық кезінде нәтижелердің жағымсыз салдарымен қорқытпай, балаларға жүйелі база беріп, дұрыс бағыттау қажет екені өте маңызды, - дейді сеніммен Нұрлыбек Ожаев.
Зульфия ИСКАЛИЕВА