Бүгін, 7 сәуір күні Атырау облысының Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.
Облыс әкімі «Ұлт жоспары – жүз нақты қадам» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асырылу барысына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлаудың кесте-жоспары бекітілген. Жыл соңына дейін 346 мемлекеттік қызметкердің біліктілігін арттыру және 49 маманды қайта даярлықтан өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сот жүйесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысындағы 47 сот залына 38 бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін барлық сот залдарына бейнекамера орнату жоспарланып отыр екен.
Ал, құқыққорғау органдарындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін облыстық ІІД-де консультативтік-кеңесші орган құрылған. Құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналистер, үкіметтік емес ұйым мен жастар ұйымы өкілдері енген.
Мүлікті заңдастыру мәселесі де сөз болды. Осы жылдың 25 наурызындағы жағдай бойынша облыста жалпы құны 10 млрд теңге болатын 1 254 өтініш қанағаттандырылды. Одан бөлек, тағы 5,2 млрд теңге заңдастырылған. Сонымен бірге, республикадан тыс жерлердегі 106,4 млн теңгенің мүлкі заңды тіркелді.
Ал, өңіріміздің экономикасын әртараптандыруға бұрынғы облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ үлес қосқанын тілге тиек еткен жаңа облыс әкімі өңірімізде бұл жұмыстарды жүргізуді әрі қарай жалғастыратынын айтты.
Журналистер тарапынан қойылған сауалдардың бірі – балық шаруашылығына қатысты мәселені реттеу жөнінде болды. Облыс әкімі бұған былай деп жауап берді:
- Бұл көптен бері бар мәселе. Біз тек балық шаруашылығы саласын ғана емес, басқа да салаларды дамытуға атсалысамыз. Әр аудан, әр елді мекеннің әлеуетін ескере отырып, қай жерде қандай саланы дамытуға болатынын қарастырамыз. Мал шаруашылығын, балық шаруашылығын немесе көлік-логистикалық жүйені дамытуға болатын елді мекендер бар. Мәселен, Жылыой ауданында қызмет көрсету салалары жеткілікті деңгейде дамыған.
Батыс Қазақстан облысы мен Атырау облысы бюджетін салыстырып өту туралы сауалға қатысты облыс әкімі бүгінде Атырау облысының 2016 жылғы бюджеті 196 млрд теңгені құраса, Батыс Қазақстан облысының бюджеті 140 млрд теңгені құрап отырғанын айтып өтті.
Соңғы кездері нөсер жауынның салдарынан суға толған аулаларды құрғату мәселесі де сөз болды. Бұл мәселені ғылыми негізге сүйене отырып шешу жолдары қарастырылатыны белгілі болды. Ал, әзірге ескі әдіс – суды су сорғы машинасымен шығару жұмысы жүзеге асырылады.
- Әрине, аулалардағы суды су сорғыш машинамен шығарып тастағаннан ештеңе бітпейді, сондықтан, ғалымдардың пікірлері мен қалыптасқан тәжірибелерді ескере отырып, осы мәселені түбегейлі шешу жағын қарастырумыз керек. Ол үшін дренаж жүйесін құру керек болса, оны да қарастырамыз, - деді облыс әкімі Ноғаев.
Журналистерді қызықтырған тағы бір маңызды сауал – жол мәселесіне қатысты болды.
Биыл қалада 100 шақырымнан астам жол жөндеуден өтеді. Одан бөлек, Қызылқоға ауданы орталығы - Миялы ауылына дейін баратын жолдың 15 шақырым бөлігі салынбақ.
Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылғалы отырған Атырау-Астрахан тас жолын жаңарту жұмысы бойынша биыл 16 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
- Атырау облысына қарасты Ресеймен шекаралас орналасқан Қиғаш ауылдық округінен Ақтөбеге дейінгі жолдардың барлық бөлігі жаңартылатын болады, - деді Ноғаев.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор