Мария Байқуатова«Мұғал» қыстағы Атырау-Орал тас жолынан үш шақырым қашық жердегі «Ақсай» каналының бойында орналасқан. Қыстақтағы көктемгі тіршілік қамы ерекше. Күн жылына мал төлдеуі басталады. Түрлі-түсті қошақандар мен лақтар жылы қорадан шыға салысымен торда қамаулы тұрған енелеріне маңырай жүгірді. Азан-қазан. «Қой қоздап, қорада шу» деген осы.
- Құтты қонақ болдыңыздар, қойымыз қоздап жатыр, - дейді жел мен суыққа тотыққан жүзінен жылылық лебі ескен Сергей БАЙНЕШОВ күлімсірей алдымыздан шығып.
Тұмса туған тоқты бұйра жүнді төлінің қасынан шықпай, иіскелеп жалап жатты. Қошақан да тіршілік білдіріп, аяғы мен басын сермелеп көтерілгісі келеді, бірақ орнынан тұрып кетуге әлі әлсіз.
- Ештеңе етпейді, қазір енесі үсті-басының шыламшыр шуынан тазалап болғасын жылы қораға апарамыз. Бірер сағатта аяғынан тік тұрып кетеді, - деп түсіндірді Сергей.
Сергейдің әкесі Мұғал БАЙНЕШОВ бар өмірін мал бағуға арнаған жан. Сергей де мектеп бітіргеннен кейін әкесіне көмекші шопан, кейін 1989 жылы «Путь Ильича» совхозының аға шопаны болып еңбек етті. Қазір канал бойында моторист болып жұмыс жасайды.
Біраздан соң әңгімемізге Сергейдің әйелі Мария БАЙҚУАТОВА келіп қосылды. Таңның атысынан күннің батысына дейін жалғасатын күнделікті тірлігіне бөгет болмас үшін көп алаңдатпауға тырыстық, бірақ олар барлық сұрақтарымызға жылы жауап беріп жатты. Біз Мариямен бірге түйе сауу үшін қораға қарай беттедік. Бөлек қорада тұрған түйенің артқы аяғы айқастыра байланып, алдыңғы аяғы шідерлеулі тұрды. Бұл асау малды жуасытудың бір түрі. Біздің қораға кіруіміз мұң екен, ботасын қызғанған тұмса түйе қозғалақтап, аспанға шапшыды. Аузынан көбік шашырата жанұшыра ботасына ұмтылады кеп.
БЕСТІҢ ШАЙЫ
Қырда сағат тілі беске жеткенде шай ішу бұлжымас дағдыға айналған. Осы уақытта шәй ішпесе, бас ауырады дейтін қазақтар мұны «бестің шайы» деп атайды.
Сергей БАЙНЕШЕВҮй-іші мұнтаздай тап-таза. От жанып, пеш үстінде шәйнек бұрқ-сарқ қайнап жатты. Мария демде шайды жасап үлгерді, алдымызға қуырдақ та келе қалды.
- Сергей деп атымды неге қойған дейсіз бе? Менің алдымда үш бірдей бауырым шетінеп кеткендіктен әкем орыстың атын ырым етіп қойыпты, - дейді Сергей ыстық шәйін ішіп отырып.
Қыстақта электр жарығы бар, ал, ауыз суды Көктоғайдан водовоз арқылы тасып ішіп отыр. Малға жерасты құдық суын пайдаланады.
Бүгінде мал басын көбейтуге кіріскен отбасы өткен жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге көлемінде несие ресімдеп, 80 шақты еділбай қойын сатып алған. Қазір қыстақта бір үйір жылқы, 20 бас сиыр, 10 түйе және 130 шақты қой бар.
Сергей мен Мария көмекші ұстамайды, барлық шаруаны өздері атқарады және балалары көмектеседі. Олардың бес баласы – үш қыз, екі ұлы бар.
- Көшу ойларыңызда жоқ па?
- Жо-о-оқ, о не дегеніңіз?! Біреулер қаладағы өмірге қызығатын болар, ал менің есіл-дертім - қыр, - дейді Мария. - Бір жерге шықсам, қыстаққа жеткенше асығамын. Күнбе-күн қайталанып келе беретін тірлікке дағдыланып, үйреніп кеткенмін. Бізде жұмыс таңертеңгі 7-де басталады. Содан күн батқанша мігір таппаймыз. Түйенің өзін күніне бірнеше рет сауу қажет, сиырымыз тағы бар. Оның өнімін ұқсатып, пайдалану, төлдерді күту, от жағу, тамақ дайындау жұмыстары жетеді. Кейде қойды өзім бағам, жаяу. Оның мен үшін түк қиындығы жоқ. Таза ауада тірлік жасағанға не жетсін?!
Ләззат ҚАРАЖАНОВА