Атырау, 29 қараша 05:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Болашақ» бағдарламасы не береді?

4 249 просмотра

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани НЫҒЫМЕТОВТІҢ (суретте) қатысуымен брифинг өтті.

Ол, атап айтқанда, халықаралық «Болашақ» стипендиясына үміткерлер жинаудың жаңа ережесі туралы айтты. Биыл байқауға қатысу үшін құжаттар 11 сәуірден 13 мамырға дейінгі; 13 шілдеден 29 шілдеге дейінгі; 15 тамыздан 30 қыркүйекке дейінгі аралықта үш кезеңде қабылданатын болады. Оларды Астанадағы халықаралық бағдарламалар орталығына өзіңіз немесе сенімді тұлға арқылы, сондай-ақ, egov.kz электронды үкіметінің порталы немесе ХҚКО арқылы тапсыруға болады екен. Өткен жылы, мәселен, құжаттардың 40 пайызы портал және ХҚКО арқылы жіберілген.

Іріктеудің жаңа ережесі 1 қаңтардан бастап қолданылуда. Үміткерлерді бес турға жалғасатын сынақтар күтіп тұр. Үміткерлер Астанада тапсыруға тиіс 2-ші, 3-ші және 4-ші турлар олар үшін 5 күнге қысқартылған. Нотариалдық куәландыруды талап ететін қағаздар саны да азайды. Бұрын міндетті 11 құжаттың бесеуін куәландыру керек болса, енді шетелдік жоғары оқу орнынан келген шақырту хатын ғана куәландыруға болады.

Бұрын магистратураға тапсыра алатын қызметкерлердің бес санаты бар болатын: шетелдік жоғары оқу орындарына өздіктерімен түскен және шет тілін жақсы меңгерген үміткерлер; ғылыми-педагогикалық қызметкерлер (бұл жеңілдік санаты, ол бойынша педагогтар мен ғалымдар, тіпті, тіл білімі әлсіз болса да түсе алады, содан соң арнайы курстарда тілді жетілдіре алады); мемлекеттік қызметкерлер; мәдениет қызметкерлері; БАҚ өкілдері. Енді 6-шы: инженерлік-техникалық қызметкерлер санаты пайда болды. Өтіл бойынша қойылатын талаптар бірдей: екі жылдан кем болмау керек; тағылымдама (стажировка) бағдарламасына үміткерлер үшін – үш жылдан кем болмау қажет. GPA дипломының орташа балына қойылатын талап – 4 балдың 3.0-і, EILTS ағылшын тілі біліміне қойылатын талап – 5 балл.

Қазақстан үшін үміткерлерді іріктеу кезінде артықшылықтар берілетін 163 басымды мамандықтар тізімі бар. Сонымен қатар, биылғы жылдың жоғары оқу орындарының тізімі бекітілді, оған 170 оқу орны енгізілген. Соның ішінде әлемнің үздік 100 университетінің тізімінен де бар.

Биыл барлығы 700 шәкіртақы бөлінеді.

– Бұл өз біліктілігін көтеріп, шетелден қысқа мерзімді тағылымдамадан өткісі келетіндер үшін бірегей мүмкіндік. Шәкіртақы бүкіл оқу, тұру, тамақтану, жолақы, виза шығындарын жабады. Биыл бағдарламаға республикалық бюджеттен жаңа 700 стипендиатты оқытуға және бұрын қабылданған 1 500 студенттің шығындарын жабуға 24 миллиард теңге бөлінді, - дейді Ғани Нығыметов.

АТЫРАУЛЫҚ БОЛАШАҚТЫҚТАР

Бүгінде Атырау облысында «Болашақ» бағдарламасының 496 түлегі жұмыс істейді (бұл Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші орын): мемлекеттік органдар мен мекемелерде - 25, мемлекеттік сыңайлы секторда - 14, шетелдік компанияларда - 343, жеке компанияларда - 114. Олардың үшеуі топ-менеджерлер, 41-і – мидл-менеджерлер, 452-і – лоу-менеджерлер. Басым көпшілігі (94%) мұнай-газ секторында еңбек етеді.

Түлектер келесі бағдарламалар бойынша білім алды: 243 – бакалавриат/специалитет, 227 – магистратура, біреуі – докторантура, 25 –тағылымдамадан өту. 381 адам техникалық мамандықтар, 107 – гуманитарлық, бесеуі – медициналық, үшеуі – шығармашылық мамандықтар бойынша білім алды.

Қазір Атырау облысынан 19 стипендиат шетелде білім алуда: 10-ы Ұлыбританияда, бесеуі АҚШ-та, Канада, ГФР, Чехия мен Ресейде бір-бірден.

БОЛАШАҚ ӘКІМ ҮШІН ЖЕДЕЛСАТЫ

Мемлекет болашақтықтарды әлеуметтік секторға – білім, медицина, ғылымға тартқысы келеді. Бұл мәселені Ғани Нығыметов Атырау облысының жаңа әкімі Нұрлан НОҒАЕВПЕН кездесу кезінде талқылады. Әкім тиісті қызметтерге мемлекеттік қызмет, білім және медицина мекемелерінің секторына ықтимал кандидатураларды жасақтауды тапсырып, оларға жоғары қолдау көрсетуге уәде берді.

– «Болашақ» қол жетпейтін нәрсе емес, бұл жастар үшін әлеуметтік жеделсаты, - дейді Нығыметов сеніммен. – Түлектердің 22 пайызы елімізде басшылық орындарда жұмыс жасап жүр, мәселен – Батыс Қазақстан облысының әкімі, Алматы, Шымкент, Степногорск әкімі, төрт вице-министр, президент әкімшілігінің көптеген қызметкерлері, Дмитрий ГОРБУНОВ секілді танымал дәрігерлер. 300 болашақтық түлек Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінде жұмыс істейді.

«Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде тек үш санат қана: инженерлер, дәрігерлер және педагогтар тағылымдамадан өте алады. Ал, биыл оларға судьялар қосылады – бірақ тек Жоғарғы соттың өтінімімен ғана, EXPO-2017-ден кейін құрылатын Халықаралық қаржы орталығының базасында арбитражды орталық құру үшін.

Стипендиаттың өзіне жүктелетін міндеттемелер туралы сұраққа жауап бере отырып, Нығыметов олардың тек «жақсы» және «үздік» деген бағаға оқуға, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін 15 күн ішінде Қазақстанға оралып, өз кәсіпорнында бес жыл жұмыс жасауға міндетті екенін атап өтті. Ал, егер оралғылары келмесе, онда төленген ақшаны және оған қоса айыппұл түрінде соманың 10 пайызын қайтаруға міндетті. Кепілзат түрінде стипендиаттың немесе оның туыстарының жылжымайтын мүлігі салынады. Отанға оралмау мәселесі бұрынғы жылдары орын алған еді. Ол кезде бакалавр бағдарламасы бойынша жастар шетелге барып оқитын. 2011 жылы бұл бағыт жабылды. Қазір магистратура бағдарламасы болып тұрған кезде мұндай жағдайлар жоқ деуге болады.

Жақсы білім алып отанға оралған, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ болашақтықтардың жұмысқа орналасу проблемасы да, оның пікірінше, өткеннің еншісінде қалған. Қазір шетелге жұмыс тәжірибесі бар стипендиаттар оқуға кетеді, оқуын бітіріп, бұрынғы орындарына қайта келіп жұмыс істейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

7 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.