4 сәуірде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ балық саласының ардагерлерімен таңертеңгі кездесуден соң, сол күні түстен кейін балық аулау саласындағы бақылаушы, қадағалаушы және табыс табушы мекеме өкілдерімен шұғыл жиналыс өткізді.
«ҚАРАҒЫМ, НЕ АЙТЫП ОТЫРСЫҢ?»
Ақүйдегі әкім бағыныштылары мен ІІД, бүкіл прокуратура, салық, кеден, шекара, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтердің, балық өнеркәсібі бизнесі, көлік және балық инспекциясының бүкіл тарамдарының өкілдері жиналған залда ине шаншар жер болмады. Балық қорларын қорғау мәселесінде маман емес екендігін мойындаған әкім («Я рыбное дело не знаю, прямо говорю») балық өлкесінің бұрынғы атақ-абыройы туралы өкінішпен еске алған кезде, залдағылардың бәрі бірауыздан бас изеп, мақұлдап отырды: Ноғаев «шынымен сол даңқ-абырой қайтып келмей ме, шынымен де, бұл кездесу мағынасыз бола ма және мен ойдан шығарылған кедергімен күресемін бе?» деп риторикалық сұрақтар қойды.
Бірнеше сағат бұрын ол қаладағы балық саласының танымал ардагерлері - Қайыржан ӘЛИЕВ, Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ, Әділгерей ҚАЙЫРЛАПОВ, Айболат ШЕКҚАЛИЕВТЫ қабылдаған еді. Бір кездері атышулы болған, бірақ өткеннің еншісінде қалған «Атыраубалық» ақсақалдарының әңгімесі әкімді абыржытқаны сондай, ол сыни ескертулерді аямай айтып, Жайық жағасында туып, қара уылдырықты нанға жағып, қызыл балықтан бешбармақ жеп өскен жандардың ар-ұждандарын оятуға шақырды. Мұндай жандар, яғни жергілікті тұрғындар залда көп еді. Алайда бәрінен бұрын таяқтың ұшы Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі (балық қорғау) инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВҚА көбірек тиді.
Оның жетістіктер туралы әдеттегі баяндамасын әлсін-әлі бұзған әкім бас балық инспекторына сұрақтар жаудырып, балық өнеркәсібінің проблемаларын шешу жолдарын көрсетуді талап етті.
- Сіз материалдық-техникалық базаның әлсіз екенін айттыңыз. Мен де сіздерге отын жетіспейтінін және инспекторларыңыздың оны өздері қамқорлық танытатын заңсыз балық аулаумен айналысатындардан алатынын естідім. Осындай бар ма?
- Былтыр жанар-жағармай шынымен де жетіспеді, ал биыл оның көлемі 40 пайызға көбейтілді, көктем мен күзге жетуі тиіс, - деп отын түрінде пара алу жөніндегі тікелей сұрақты елемей, жауап берді Ермекқалиев.
- «Бекіре» шарасына қатысатындардың барлығын сіз ұйымдастырасыз. Толыққанды жұмыс жасау үшін сізге не жетпейді? Айтыңыз, бұл жерге бәріміз осы үшін жиналып отырмыз, - деді әкім.
- «Бекіре-2016» жоспарына қол қойылды, соған сәйкес өзара іс-қимылды жүзеге асырып, жұмыс істейтін боламыз. Біздің инспекцияда проблемалы мәселелер көп: техника, жанар-жағармай дегендей, бірақ бүгінде құралдармен қамтамасыз етілді. Күн сайын дерлік күніне бірнеше рет Дамбы, Еркінқала маңындағы су тоғандарын сүзіп шығамыз. Қалада күн сайын үш катер жүреді. Жеке құрам қызметі жеке уақыттарымен санаспай, күшейтілген режимде жұмыс істеуде, алдымызға қойылған міндеттерді орындап жатырмыз...
- Маған осы бірнеше күн ішінде азаматтардан, қоғамдық бірлестіктерден көптеген хаттар келді. Шамасы, жаңа әкім келді, енді жағдайды түбегейлі өзгертеді деген үмітпен шығар. Мен сіздердің көмектеріңізсіз төңкеріс жасай алмаймын, бұл жерде эволюциялық тұрғыда түзету керек. Сіз өз жұмысыңызды айтқан кезде, тіпті осы жерде отырғандар: «қарағым, сен не айтып тұрсың» дегендей, миықтарынан күліп отырды. Кейбірінің көздерінен осыны көрдім. Шын мәнінде, өз-өзімізге күліп отырмыз. Инспекция өз міндетін орындау үшін не істеуіміз керек? Бүкіл шаралар нәтиже бермеді, ал сіз нәтижелер бар деп баяндама жасап тұрсыз, - деп өз сұрағын Ноғаев қайталады, бірақ ақыры жартымды жауап ала алмады.
«ОЛ ЖЕРДЕ БИЛІК ЖОҚ»
Ермекқалиевтан айырмашылығы ҚР Көлік бақылау комитетінің «Каспий» инспекциясының басшысы Самат ҒИЛЫМОВ өз тарапына айтылған кез-келген сынды еш талқылаусыз, қатал жауап беріп, батылдықпен жоққа шығарып отырды.
- Мамандар мен ардагерлердің айтуынша, теңізден балық аулауды тоқтату керек. Тек өзеннен аулау қажет, әйтпесе теңізге кооперативтердің түрлі кемелері шығады, бақылау жоқ, олардың көліктері техникалық нормаларға сай келмейді, - деп Ноғаев дәлелдер келтірді.
- Мен теңізден балық аулауды тоқтату керектігімен келісемін, бірақ бұл менің құзырымдағы мәселе емес. Аталмыш кемелерді тіркеуге де, тоқтатуға да біздің өкілеттігіміз жоқ. Жыл сайын әкімнің өзен бойымен өту ережесі туралы қаулысы шығады, бірақ олар сақталмайды. Заңға мотор қуаттылығы 40 ат күшінен көп су көлігін жеке меншікке сатуға тыйым салатын өзгерістер енгізу керек. Әйтпесе қазір тіпті 200-220 ат күшіне дейінгі моторлар жеке тұлғаларға қолжетімді болып отыр, ал ол жерде табиғат қорғау аймағы бар.
Бұл мәселені бұрынғы балықшылар ғана емес, «тіркелмеген су құралын» тапқан шекарашылар да көтеріп отыр.
- Міне, шекарашылар көлік инспекциясының оларға «крыша» болып отырғанын айтады, - деп әкім екі қызметті бір-біріне қарсы қойды.
- Бұл ешқандай құқықтық және басқа да негіздері жоқ бос әңгіме, жай әңгіме, - деп қатты айтты Ғилымов. – Тіркелмесе ешқандай кооперативтер кемелерін шығармайды, бәрі есепте тұр, бәрінің құжаттары бар.
- Қане, бәріміз Исатай ауданының жағалауына, Жанбайға бірге шығайық, - деп бұл тайталасқа шекаралық қызмет атынан 2016 әскери бөлімшесінің командирі Мұхтар ҚАНАБЕКОВ кірісті.
- Қашан шығамыз, сол кезде айтасыз, тіпті қазір шықсақ та, - деп қайтарып тастады Ғилымов.
- Бұл шындық, біздің жасыратынымыз жоқ, - деп болмады Әділхан. – Балық қорларын қорғау біздің негізгі жұмысымыз емес, біз тек балық қорғау инспекциясына көмектесеміз. Бірақ бұл, әсіресе Жанбайда көріп отырғанымыз. 1 сәуірде «Бекіре» операциясы басталды, бірақ біз ол жерден балық қорғау инспекциясынан да, ІІД-ден де бірде-бір инспектор көрген жоқпыз.
- Мұрат Шманғалиұлы? – деп, түсіндіруін сұрады Ноғаев.
- Иә, біз күн сайын бақылау жасай алмаймыз, бірақ қалай дегенмен де бір-екі күннен кейін шығамыз, өз мүмкіндігімізге сай қараймыз, - деді жай ғана Ермекқалиев.
- Мен браконьерліктің негізгі бөлігі осы – Забурын, «Масленский» жартыаралы бағытында жүретінін айтқым келеді, - деп түсіндірді Әділхан. – Жанбай шекаралық заставасы Жанбай ауылында орналасқан. Біз радиолокациялық бақылау жүргіземіз, түнде қанша катердің теңізде болатынын – қаншасы тұрғанын, қаншасы қозғалғанын бақылай аламыз. Бірақ заңға сәйкес, түнде қозғалуға тыйым салынған...
Тағы бір мынадай мәселе көтергім келіп отыр. Балық инспекторларын браконьерлерден айыра алмау жиі орын алады – олар бетпердемен (әңгіме балаклава – бүкіл бетін жауып тұратын, тек көздерінде саңылауы бар «шаңғы» телпегі туралы болып отыр – З.Б.), штаттық киіммен жүреді. Тоқтатсақ, «мен инспектормын» дейді. Жетоны қайда, неліктен бетпердемен жүр, формасы қайда?! Жоқ. Жанында балықшы бар. «Кім?» – «Қоғамдық қызметкер, менің көмекшім, мен оның қайығын жалға алдым» дейді. Бірақ бірде-бір заңда «қоғамдық қызметкер» деген түсінік жоқ. Мұндай да фактілер бар. Инспекция басшылығына осы талаптарды қойдық: көрініп тұру үшін инспекторлар арнайы формамен, жетонмен, куәлікпен қамтылуы тиіс. Ол бетперде киген браконьер емес, мемлекеттік бақылаушы органның өкілі.
– Нұрлан Асқарұлы, – деп түсіндіруге асықты Ермекқалиев, – Өткен жылдың аяғында ғана қызметкерлер формалық киім-кешекпен қамтамасыз етілді; күнделікті киім формасы, камуфляжды киім бар, төсбелгілер бар... Білмеймін, мен, мәселен, Дамбы жаққа қарай шыққанда, өз бөлімшелерімді қадағалаймын, негізінен менің жігіттерім форма киіп жүреді...
– Дамбыда жүреді, Жанбайды жүрмейді. Жанбайда сіз де, басқалары да жоқ, ал сіздің қызметкерлеріңіз сол жерде тұрады ғой. Олар әлдебір объективті-субъективті себептер бойынша форма кимейді, сіздің талаптарыңызды орындамайды. Сіз келесіз – олар, шамасы: «жігіттер, давай бүгін шықпаңдар – менің бастығым келе жатыр, кеткесін аулайсыңдар ғой…» дейтін шығар.
Облыс әкімінің осы ескертуін, ал іс жүзінде намысына тиген айыптауды облыстың бас балық инспекторы үндемей ғана көтеруді жөн көрді.
Айта кету керек, Жанбайдың нашар абырой-атағы жөнінде жергілікті емес әкім едәуір жақсы хабардар болған секілді. Кейінірек бұл өңірге ол: «құдай сақтасын, не болып жатыр, онда тіпті үкімет жоқ қой!» деп, қызықты сипаттама берді.
«2 КЕЛІ ҚАРА УЫЛДЫРЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ...»
Облыстық ІІД бастығы Арман ЖАЛМҰХАНБЕТОВ бір қалыппен есеп берді. Ол «Бекіре» операциясына көрші облыстардың жеке құрамын тарту қажеттілігі туралы еске салды. 2016 жылдың алғашқы үш айы ішінде қарауындағылардың жұмыс нәтижелері туралы хабарлады: «Балық және балық өнімдерінің заңсыз айналымына байланысты 142 заң бұзушылық орын алды. 2 келі қара уылдырық, 34 тоннадан астам балық, соның ішінде 90 келіден астам бекіре тұқымдастар тәркіленді. Оған қоса, жақында мейрамханаға өткізіп жатқан сәтте тұлғалар тобы ұсталып, 117 келі балық тәркіленді».
Және бюджетті көбейтуді өтінді:
– Жағалау бойы ауқымды болғандықтан, браконьерлікпен күресудің ең тиімді әдісі - тікұшақпен шарлау болып табылады. Жергілікті бюджет бөлетін 5 млн теңге жылына 3-4 рет ұшып шығуға немесе 14 сағатқа жетеді. Орташа алғанда бір рейд барысында бір жүрдек қайықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге екі тоннадай бензин қажет.
Генерал-майор сонымен қатар, «ұсталған, қамауға алынған, тәркіленген кемелерді сақтауды қамтамасыз ету» үшін коммуналдық кәсіпорын құруды ұсынды.
- Бар болғаны қанша тәркіленді? – деп нақтылады Ноғаев.
– 2012 жылдан бастап 200-ден астам қайық тәркіленді, қазір бізде бір бөлігі сақталуда, бір бөлігі Жайықтың жағасында шіріп жатыр. Тек байданың өзі 50-60, катерлер – браконьерлердің жылдам жүретін жақсы техникасы. Осының бәріне арест салынады, содан соң жатады, ешкім алмайды, оларды қайда жіберерімізді білмейміз. Пирс қажет.
– Қандай мақсатта? Енді оны ұстау үшін ақша жұмсау керек пе? – деп ашуланды әкім. Жалмұханбетов үндемеді.
САҒАДАҒЫ КЕПТЕЛІС
Кеңесте бірнеше адам Жайыққа мелиорациялық жұмыстар жасау қажеттігі туралы тақырыпты қозғады. Мұндай жұмыстардың 2011 жылдан бері жүргізілмегендігі белгілі. Балық бизнесінің жетекші кооператорларының айтуынша, теңізде балық көп, ол тек физикалық тұрғыда өзенге өте алмайды.
– Жаһандық мәселе, - деді онымен келіскен «ҚазБШҒЗИ» Атырау филиалының директоры Әбілқайыр МҰХСАНОВ. – Осындай жұмыстардың арқасында балықтардың кейбір түрінің күрт көбейген фактілері белгілі. Көксеркеге қатысты осылай болды, бұл жерде ардагерлер отыр, олар біледі. Арналар қазу қажет. Өткен жылы өзендегі біздің станцияларымыздан қара балықтың бірде-бір дернәсілін, бекіре тұқымдастардың бірде-бір уылдырығын таппадық, бұл қасірет.
Неліктен? Тек браконьерлік үшін ғана емес. Теңізден балық аулауды ретке келтіру керек. 2010 жылдан бастап тереңдікте теңізден майшабақ, тікенді балық, майда балық, қара балықтарды... аулау ашылды. Теңізден балық аулау – бұл сағада әрлі-берлі жүріп, әрі қарай ешкім бармайтын қамыстарда емес, судың терең бөлігінен балық аулау. Браконьерлік байдаларды қоспағанда, балық аулайтын 10-20 байда балық аулауға шығып, балықтың өтуіне кедергі келтірсе, балық қайда өтсін? Балық қамыстарда емес, қоңданатын жерде емес, теңіздің балық уылдырық шашатын бөлігінде аулануы тиіс. Балықтың Жайыққа кіре алмайтыны нағыз шындық, ол екі есе қысымға алынған: лайланған су түбі мен балық аулау кемелеріне толған саға олардың өтуіне мүмкіндік бемейді.
– Бізге өз кеңестеріңізді, ұсыныстарыңызды жазыңыздар, министрлікке жолдаған кезде көшірмесін бізге жіберіңіздер. Әкімдік тарапынан түсіністік пен қолдау бар деп есептеңіздер, - деді Ноғаев. – Тікесін айту керек: Астана үшін Атырауда балық бар ма, жоқ па, бәрібір. Біздің біздің проблемамыз және оны шешу керек. Хатқа жауап күтіп, қарап отыру – шешім емес.
ПОНТОН ҚИЯЛЫ
Табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Асылбек МҰҚАНОВТЫҢ баяндамасы жаңа толқын тудырды. Облыс әкімі құқыққорғаушы және қадағалаушы органдарды есеп беру үшін формальды мақұлданған және қол қойылған жоспарларды ойдан шығарады деп айыптады. Мәселен, табиғат қорғау прокуратурасы ұсынған - өзен бойында кеме жүруді шектеу үшін уақытша понтон көпірін тұрғызу жөніндегі баршасы мақұлдап, қол қойған жоспар іс жүзінде көрінеу орындалмайтын болып шықты. Бұл жобаға қол қойған ведомоствоның бірде біреуі оны жүзеге асыруды ойламаған да екен.
- Сіздерге тек әдемі шара өткіземіз деп мәлімдеп, газеттерге жария ету ғана керек екен. Ал жоспар жақсы есеп беру қажет. Бұл барып тұрған көзбояушылық. Неге мақұлдадыңыздар? Мұрат Шманғалиұлы, понтон көпірін орнату жоспары сізбен келісілді ме?
Ермекқалиев басын изеді.
- Ал сіз мұның орындалмайтынын айтасыз. Сіздің жұмысқа деген көзқарасыңыз осындай. Су көлігінің қозғалысын шектеуге арналған понтон көпірін орнату сіздің жоспарыңызда бар ма еді?
- Мен, шындығын айтқанда, Нұрлан Асқарұлы, оны тіпті көрген де жоқпын. Оны дұрыстап оқымастан, қолымды қойдым...
- Қалай оқымадыңыз? Не, сіздің басқа жұмысыңыз бар ма?! Осы үшін ғана - немқұрайлы қарағаныңыз үшін сізді жұмыстан шығарып жіберуге болады. Сіз өкілетті тұлғасыз ғой, сонда тіпті не туралы айтуға болады?!
КІМ ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ КӨРСЕТЕДІ?
Сөз соңында облыс әкімі құқыққорғау органдарына «жазалау қоқан-лоққысы» туралы әлдебір шетін мәселені шешуге тапсырма берді.
Тапсырма түсініксіз естілгенмен, өз тараптарына айтылғандар үшін нақты болғанға ұқсайды.
- Заңсыз қызметке қарсы әрекет еткені үшін жазалау жөніндегі қоқан-лоққы мәселесін көтергім келеді. ІІД-ге тапсырма беремін: осы әңгімелерді жойыңыздар. Адамдар неден қорқады? Тіпті, осы мәселемен айналысатындардың өздері айтуға қорқады, жамағайындарының арасында дәстүрлі кәсіпке қарсы тұрам деп өз беделін түсіріп алудан қорқады, күш қолданады деп қорқады. Осындай нақты дабылдар бар. Бұл өмірге қауіп төндіруге байланысты өте өткір мәселе, мұндайлар бар ғой, неге жасырасыздар?! – деп әкім залдағыларға қарады. Залдағылар қоштап, бас изеді. – Балық жоғалып барады, сонда не істейсіздер? Теңіз кенішіне дейін Доссор мен Мақат болды, Атырау өзінің қаракөлімен, өз балығымен даңқы шықты. Қайда бәрі? Бәрі Теңізшевройлға немесе НКОК-қа жұмысқа кіре алмайды ғой. Бәрі браконьерілктің нағыз себебі туралы жақ ашпайды: не қорқасыздар, не ұяласыздар, не әлдебір себептермен жасырасыздар.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА