Атырау, 29 қараша 05:33
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Банк борышкерлеріне қалай көмектесуге болады?

3 597 просмотра

Өткен жылдың мамыр айынан бастап қолданысқа енген несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық банк ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешуге 130 млрд теңге бөле отырып, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ капиталдандыруды жүзеге асырған болатын. Өз кезегінде Қор бұл қаржыны екінші деңгейдегі банктегі депозиттерге 20 жылға жылдық 2,99% сыйақы мөлшерлемесімен қосымша қаржыландыруға жұмсады. Бағдарламаға қатысушы банктердің тізіміне «Қазкоммерцбанк» («БТА Банк» АҚ және «БТА Ипотека» АҚ), «Қазақстанның халық банкі», «Forte Bank, «Банк ЦентрКредит», «АТФ Банк», «Kaspi Bank», «Цеснабанк», «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» кірді.

Осы бағдарламаға сәйкес қайта қаржыландыруға борышкердің және оның жұбайының (жолдасының) жалғыз тұрғын үйі кепіл болатын

2004 жыл мен 2009 жыл аралығында берілген тұрғын үй ипотекалық қарыздары, яғни, доллар және теңгемен берілген ипотекалық несиелер жатады. Бірақ оған бірқатар шарттар мен шектеулер қойылды. Айталық, жоғарыда айтылған тұрғын үй қарыз алушылардың 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша ҚР аумағындағы жалғыз баспанасы болуы тиіс, тұрғын үй алаңы 120 шаршы метрден аспауы керек. Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын көп балалы қарыз алушыларға бұл талаптар қойылмады. Басты талап – негізгі қарыз бойынша бережақ 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 36 470 000 теңгеден аспауы керек немесе (қарыз сомасы эквивалент бойынша) шетелдік валютамен 2015 жылдың 1 қаңтарындағы Ұлттық банк бағамы бойынша болды (шамамен 200 мың доллар).

Облыстық әкімдік жанынан қарыз алушылардың қарыздарын қайта қаржыландырудан бас тартқан жағдайда шағымдарын қарайтын комиссия құрылды. 2016 жылдың 17 наурызында бұл бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біріншіден, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ салымдарын банктердің игеру кезеңі 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін (бұрын бұл мерзім 2016 жылдың 1 ақпанына дейін белгіленген еді) ұзартылды.

Екіншіден бағдарламаға қатысушылар тізбесі толықты. Жоғарыда аталған банктерден басқа тағы да бірқатар банктер

«Банк Астаны», Investment Astana Group, «АФ Ипотека», Altyn Bank

(«Қазақстан Халық банкі» АҚ еншілес банкі)», «Эксимбанк Казахстан», «Сбербанк России» АҚ еншілес банкі, «Казинвестбанк», Punjab National Bank-Казахстан еншілес банкі, Delta Bank, «Казахстан-Зираат Интернешнл Банк», AsiaCredit Bank, «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ қосылды.

Үшіншіден, бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары қатарына қарыз алу кезінде «мүгедек-балалары бар немесе мүгедек-балаларды тәрбиелеуші отбасылар» немесе қарызды алу кезіндегі құжат ресімдеу уақытында аталған санатқа ие болған отбасылар да енгізілді. Мынадай шектеулер алынып тасталды: енді қарызға алынып жатқан тұрғын үй отбасы үшін жалғыз баспана болуы міндетті емес, егер кепілге қойылған жылжымайтын мүлікте өмір сүріп жатқан (ресми тіркелген) қарыз алушы отбасы жақын туыстарымен (екі отбасы мүшелері) тұрып жатса, баспананың көлемі бойынша шектеулер алынды.

Бағдарлама талаптарына сай келетін үйден басқа «жеке бас тұрғын үй құрылысына» арналған қосымша жер телімі, қарыз алушы мен оның отбасы өмір сүріп жатқан жалғыз жылжымайтын мүлік болып табылатын тұрғын үй санатына жатпайтын нысан (мәселен, коммерциялық жылжымайтын мүлік, саяжай және т.б.) меншіктері бар қарыз алушылар бағдарламаға енгізілді.

– Біздің тәжірибемізде мынадай да жағдайлар болды, айталық, қарыз алушылардың бір жартысы дүкен, ал, екінші жартысында өзінің тұрғын үйі бар нысандарда тұрып жатқандары кездесті, – деп Ұлттық банк АФ қаржы қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау және қаржы ұйымдарын бақылау бөлімінің бастығы Асланбек ҚАБЕСОВ түсіндіріп өтті. – 15 наурыздағы жағдай бойынша банктерге 19 833 өтініш берілген. Олардың ішінен 12 956 өтініш қайта қаржыландыру (79,8 млрд теңге) бойынша қолдауға ие болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА
4 сәуір 2016, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.