[GALLERY]
«Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестігі мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының Атырау филиалы (облыстық аңшылар қоғамы) төбет пен тазы тұқымдарына сынақ ұйымдастырды.
Сынақ Ақжар поселкесінде итбегілерге арналған жеке стадионда өткізілді. Екі күн сынақтың бірінші күнінде екі жүздей төбет пен бар болғаны жеті тазы тіркеуден өтті. Бұл тазылардың үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында «Тірі аңыз» Қазақстанның ұлттық ит тұқымдарын сақтау қорының қамқорлығымен тексеріліп, тіркеуден өткендігіне байланысты болып отыр («Тазы – атадан қалған мұра» мақаласын қараңыз).
«Тазы, төбет, бөрібасар» федерациясының төрағасы, «Қансонар» Республикалық қауымдастығы кеңесінің төрағасы Оралбек ҚАЙСЕНОВ әңгімелейді:
– Бізге ауыл шаруашылығы министрлігі ұлттық тұқымды иттерге тексеру жүргізіп, Бас тіркеу кітабын жасауға тапсырма берді. Аталған тұқымдағы иттердің сипаттамасын ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен, осы құжаттарды өзімізбен бірге алып кеттік. Тексеру актілерінің бланктері мен нормативтерін кешіккендер келіп қалар деген мақсатпен «Қансонар» облыстық филиалына қалдырамыз.
Қазақтың төбет пен тазы иттерінің параметрлері Қазақстан мен Азия бойынша мойындалған. Біздің алдағы мақсатымыз – халықаралық кинологиялық ұйым (FCI) стандартына ену. 26-28 сәуірде Алматыда отандық иттер тұқымына: тазы, төбет, бөрібасарға арналған алғашқы халықаралық конференция өтеді. Форумға әр елден ғалымдар қатысады. Мақсат – тұқымды біздердің ойдан шығармағанымызды, олардың сонау түркілер дәуірінен бері келе жатқанын және бұған ғылыми дәлел бар екенін көрсету.
– Төбет алабайдың буданы деген әңгімеге қалай қарайсыз?
– Осы алабайдың арғы аталары – біздің қазақы иттер. Түркімен тілінде «алабай» деген сөз жоқ. Дегенмен, оны «ала жүн» деп аударуға болады. Мұндай тұқым жоқ. Алабайлар біздің Қазақстаннан әкетілген төбеттердің ұрпақтары екенін дәлелдейміз. Қазір нарықтың сұранысына орай түрлі тұқымдарды будандастырады. Көбінесе ағылшын догының басы бар алабайды көруге болады. Алайда будандастыру ит психикасының өзгеруіне әкеп соғады. Ең орнықты психика – төбетте. Егер ол нағыз таза болса. Ол - ең қауіпсіз ит.
– Атырауда қанша ит норма тивтерге сәйкес келеді?
– Сізде тұқымды иттер көп, «метистер» де аз емес. Таза тұқымды екенін, мысалы, маған Аю деген есімді төбетті қазір көрсетті. Оны Қызылордадан әкелген екен.
– Науқас иттер бар ма?
– Артқы аяқтарын «сиырша» сүйрейтін түрлері кездеседі, бұл сүйектің дисплазиясынан туындайды. Мұндай иттерді өсіруге тыйым салынған.
Міне, жақсы төбет, тек оның алдыңғы аяқтарында дақ бар, демек оның атасы – сенбернар. Бұл төбеттің көзі дым тартып тұрады, яғни, қабағы күлтеленген – төбеттерде мұндай бітім болмауы тиіс. Егер біз ұлттық ит тұқымын сақтауды қолға алған болсақ, демек, аса талапшыл болуымыз керек.
– Сіздің бағдарламаңызда итті сынақтан өткізудің қандай түрлері жоспарланған?
– Бірінші сынақ – төбет қасқырдан қорықпауы тиіс. Төбетті сұр жыртқыштың торына жақындату керек. Егер ол торға шапса немесе оған қарап шабалана үрсе, онда жақсы ит болғаны. Өкінішке орай, ұйымдастырушылар тірі қасқыр таба алмады. Екіншіден, халық көп шоғырланған кезде дауысын қатты шығарып музыка қосамыз. Ит оны елең қылмауы тиіс. Үшіншіден, оқ атылғанда ит өзін жайбарақат ұстауы тиіс. Егер ит осы сынақтардың барлығынан өтсе, біз оған сертификат береміз. Бүгінде тіркеу мен төлқұжат беру ғана жүргізіледі. Біз тек 150 төлқұжат алып келдік. Өйткені, бізге Атыраудан әрі кеткенде тұқымды жүз итті ғана табатынымызды айтты.
«Тазы, төбет, бөрібасар» федерациясы облыстық филиалының директоры Руслан НҰРҒАЛИЕВ:
– Атырауда бес жүзден астам төбет бар, ал, тазы жүзден сәл асады. Филиал мүшелері тату: қасқыр аулауға бірге шығады, асырандыларды өсіру жөніндегі пікірлерімен бөліседі, асыл тұқымды жануарлар ісінде есеп жүргізуге көмектеседі.
Қасқырды аулауға шыққанда бірнеше төбеттерді алып шығады. Иттер қасқырды иіс арқылы табады, қасқырды зорықтырып, содан соң ең күшті төбет оны тұншықтырады. Егер бірнеше төбет ауыз салса, онда жыртқыштың жұлма-жұлмасын шығарады. Филиалдағылар үнемі сынақтар өткізіп тұрады. Ең күшті арлан, ит көсемі осылай анықталады. Салмағы 65 келіден жоғары «Спартак» есімді төбет (қожайыны Руслан Молдашев), 65 келіге дейінгі «Саржал» есімді (Бауыржан Дүйсенов), 55 келіге дейінгі «Спартак» есімді (Берік Жұбаниязов) төбеттер өткен жылдың чемпиондары атанды.
– Төбет күшігі қанша тұрады?
– Базарда 200 доллардан басталады және одан жоғары. Бірақ сіздің филиалда күшіктерді сатпайды, жауапты әрі білгіш адамға береді екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА