Атырау, 29 қараша 07:58
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Сақ болыңыз, пирамида!

5 702 просмотра

Дағдарыс кезінде жеке инвестициялар нарығында қаржы пирамидалары жандануда, деп ескертеді Ұлттық банк қызметкерлері. Өздерінің қаржылық жағдайларын жақсартқысы келгендер, әдетте, салған қаржыларын қайтаруға қандай да болмасын кепілдіксіз күмәнді операцияларға кіріседі.

Бүгінгі күні түрлі қаржы ұйымдары алуан түрлі қызметтерді ұсынады - өмірді сақтандыру, жеңіл шарттармен баспана сатып алу, бизнеске үлестік қатысу және т.б. Біздің қаржылық сауатымыздың жеткіліксіздігі, экономика негіздері мен қор нарығында ақшаны инвестициялау механизмдерін түсінбейтіндігіміз осындай ұйымдардың пайда болуы үшін жақсы негіз болып отыр.

– Қаржы пирамидасына ақша салудың тартымды шарттарының бірі – аз уақытта жоғары кіріс төлеуге уәде беру болып табылады. Қаржы пирамидасының принципі бойынша алаяқтық жасау үшін қаржы құралы ретінде «бағалы қағаздар», сондай-ақ, заем (ақша тарту), сенімгерлік, сақтандыру келісімшарттары қолданылады, - дейді ҚР Ұлттық банк Атырау филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерін тұтынушылар құқығын қорғау бөлімінің жетекші маманы Абзал ШАРАФЕДЕНОВ.

Сирек жағдайларда пирамида ұйымын құрушылар алынған ақшаларды, шынымен де, негізгі құралдарға, бағалы қағаздарға және т.б. инвестициялайды. Бірақ сол кезде де салынған ақшалардың негізгі бөлігі салмақты инвестиция үшін пайдаланылмайды. Өйткені, уәде етілген жоғары кірістерді төлеу қажет.

Реттелмейтін ұйымдарға ақша салуда оларды түгелдей жоғалту тәуекелі жоғары болады. Өйткені, оған қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынас өзара сенімнен құрылады, ақшаны беру және шоғырлап жинау әрекеттерін қатысушылардың өздері жүзеге асырады.

ДАНАЙЛЫҚТАРҒА СЕНБЕҢІЗ!

Қаржы пирамидалары түрлі салада жұмыс істеуі, түрлі ұйымдық құрылымда болуы мүмкін және жаңа қатысушылар тартудың көптеген әдістерін пайдаланады. Бірақ сізді қаржы пирамидасының негізгі белгілері: ұйым қызметі түрінің бағыты, оның жарғысының, мемлекеттік тіркеуінің жоқтығы, ұйымның қаржылық жағдайы туралы қандай да болса ақпараттың болмауы, салымның сақталуына кепілдіктің жоқтығы алаңдату керек. Сонымен қатар, салынған қаржыдан түсетін кіріс қарыз алу нарығындағы орташа деңгейден негізсіз жоғары болады деп уәде етілетіндігіне сақтықпен қарау керек. Әрбір тартылған жаңа қатысушы үшін бонустар төлеу, міндетті кіру жарнасы, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернеттегі агрессивті жарнама, компанияның түрлі бағдарламаларына қатысушыларға қымбат тұратын сыйлықтар табыс ететін компаниялардың ойын-сауық жарнамалық шоу-таныстырылымдарын ұйымдастыру, кіріс көздерінің, қаржы айналымдарының, бизнес процестерінің ашық емес құрылымдары және т.б. маңызды дәлел болып табылады.

Егер өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келген ұйымда жоғарыда айтылған белгілердің ең болмағанда бірнешеуі болса, онда бұл сізді қаржылық пирамидаға тартуға әрекет емес пе, жоқ па, ойланған жөн.

БҰЛ НЕ ҚЫЛҒАН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ?

Алданған салымшыға айналмас үшін қарапайым қырағылықты сақтап, өз ақшаңызды күмәнді компанияларға сеніп бермеу керек. Біріншіден, компанияның абырой-беделімен жете танысып, ол ұсынатын ақпараттың дұрыстығын тексеру керек. Табысты жобалар туралы дабыра, ашық жарнамалар, салымшылар ақшасын инвестициялау сызбасына қатысты ұғынықты түсіндірмелердің болмауы, сонымен қатар аса құпиялылық – сізді қаржылық пирамидаға тартудың белгілері. Екіншіден, инвестицияның кепілдендірілген кірістілігі туралы уәделерге сеніп қажет емес. Алаяқтар адам психологиясын жақсы біледі. Олар жылдық 20, 50 және 100 пайыз кіріс болатындығына оп-оңай уәде береді. Бірақ осындай кірістілік болғанда бүкіл инвестицияланатын қаржыларды жоғалту қаупі жоғары болатындығын ескертпейді. Егер сізге ұсынатын кірістілік қазіргі уақытта банк салымдары бойынша қолданыстағы пайыздардың кірістілігінен (жылдық 14 пайыз, ұлттық валютада) асып кетсе, онда мұндай ұйым күмәнді көрінеді. Тұрақты кірістілігі бар заңды құралдардың (банк салымдары мен облигациялар) аз екендігін қаперде ұстаңыз. Үшіншіден, жаңа салымшыларды тарту үшін жомарт сыйақылар беру – сіздің алдыңызда қаржы пирамидасы тұрғандығының нақты белгісі. Төртіншіден, заем келісімшарты бойынша қаржы тартатын компанияларға сенбеген жөн.

ӘУЕЛІ АҚПАРАТ ЖИНАҢЫЗ

Қаржы пирамидаларының тұрғындардан ақша тартуға лицензиялары жоқ. Ең көп тараған келісімшарт - халықтан ақша тартатын заем келісімшарты. Бірақ мұндай ұйым «судан құрғақ» шығудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру үшін түрлі айқынсыздықтармен және ескертпелермен заем туралы келісімшарт жасайды. Осындай келісімшарттарға көз салмастан, қол қоя салатын азаматтардың заңды және қаржылық сауатсыздықтарын пайдаланып, алаяқ компаниялар сырт көзге заңды қызметті жүзеге асырып жатқандай түр білдіреді. Бесіншіден, корпоративті шараларға, түрлі сыйлықтардың ұтыс ойындарына қатысуға шақыртулардан бас тартқан жөн. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз салымшыларын түрлі корпоративті шараларға тартады. Бұл табысты және кірісі бар компанияның келбетінде көріну үшін, сондай-ақ, «корпоративтік рухты» нығайту үшін жасалады. Алтыншыдан, компанияның салымшылардан ақшаны қалай алатындығына назар аудару керек. Көптеген күмәнді компаниялар қолма-қол ақшаларды қабылдайды немесе түрлі интернет-төлем жүйелері мен компаниялардың банктердегі арнайы есеп-айырысу шоттарынсыз аударымдарды пайдаланады және өз қызметінде нақты бухгалтерлік есептілікті қолданбайды. Алайда өзін құрметтейтін компания жеке тұлғадан бұлайша қаржы тартпайды. Адал компаниялар өз кеңселерінде де қолма-қол ақшаларды қабылдаудан қашуға тырысады. Компания қызметкерлерінен неліктен олар ақшаны интернет-төлемдер жүйесі немесе ақша аударымдары арқылы қабылдайтынын, неліктен ұйымның есеп-айырысу шотына қолма-қол ақша аударымынсыз аударудың стандартты әдісін қолданбайды деп міндетті түрде сұраңыз. Жетіншіден, компания қожайындары мен басшылығы туралы ақпаратпен жете танысу керек және оның қайда тіркелгенін білу керек. Егер басшылық туралы ақпарат құпия болса, ал, компанияның өзі әлдебір аралда немесе оффшорлық аймақта тіркелген болса, онда оған өз жинағыңызды салмас бұрын әбден ойланып алған дұрыс. Оффшорлық аймаққа компанияны тіркеу процедурасы өте жеңілдетілген, ал, нақты қожайынның атын білу немесе осы құрылымның артында кімнің тұрғанын білу өте қиын. Сондықтан міндетті түрде компанияның құрылу құжаттарын ұсынуды өтініңіз.

БҰЛ, ТІПТІ, ЗАҢСЫЗ

Халықтан ақша тартумен тек арнайы лицензияның негізінде екінші деңгейлі банктер мен Қазпошта айналыса алады. Өйткені, жеке тұлғалардан депозиттерді қабылдау операциялары банктік операцияға жатады және міндетті лицензиялауға тиесілі. ҚР Азаматтық кодексінің талаптарына сәйкес, басқа тұлғаларға азаматтардан кәсіпкерлік қызмет ретінде заем түрінде ақша тартуға тыйым салынған және мұндай келісімшарттар олар жасалған уақыттан бастап жарамсыз деп танылады. Ал, заңнаманы бұзғаны үшін жаза қарастырылған.

Тиісінше, жеке тұлғалардан депозит тартуға лицензиясы жоқ, алайда халыққа өзіне бос ақшаны орналастыруды ұсынатын ұйымдардың қызметі алаяқтық сипатына ие болады және бұл еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу болып табылады.

ҚР Қылмыстық кодексінде қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету үшін жауапкершілік қарастырылған.

Құқыққорғау органдары қаржы пирамидаларының заңға қайшы қызметін ескертумен және оған жол бермеумен айналысады. Егер сіз қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың әрекетінен зардап шеккен болсаңыз, полицияға хабарлауыңыз қажет.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.