15 наурыздан бастап редакция телефондары жаңбыр суынан үйлері суға кеткен қала тұрғындары үшін "қауырт желіге" айналды.
МҮГЕДЕКТЕР ҚАМАУДА ҚАЛДЫ
Жарбосынов көшесінің бойындағы №33 үйде тұратын 63 жастағы жалғызбасты ІІ топ мүгедегі Владислав ПАСТУХОВ шарасыз күйде қалды. Бұл туралы бізге оның танысы Галина ЯШКОВА хабарлады. Владислав Александровичтің өзі бірнеше күннен бері сыртқа шыға алмайды. Ауладағы су тізеден келеді, су үйдің ішіне де кіріп кеткен. Ылғалдан үй тітіркеніп, бір қабырғасы опырылып құлаған.
– Оның ешкімі жоқ. Мен азық-түлік апарып, барып тұрамын. Енді резіңке етік сатып алуға тура келді. Онсыз үйге кіру мүмкін емес, - дейді Галина Михайловна. – "Қауырт желілерге" қоңырау шалдық, қоңырауларды қабылдайды. Үйді ваккум кезегіне қойдық дейді. Бірақ осы күндер ішінде бірде-бір машина келген жоқ. Бүгін тағы соқтық - бізге бұл үйдің тізімде жоқ екенін айтты.
Пастуховтың жеке жұмысшыларды тартуға мүмкіндігі жоқ. 14 наурызда жаңбыр басталып, су аулаға жинала бастаған кезде, ол жыра қазбақ болған, бірақ одан түк шықпады. Төңірекке терезеден көз тастап, көмек келер деп үміттенуден бас лажы жоқ.
…Аманшин көшесі, 104 үй мекен-жайындағы үй де суға толы. Бұл жерде жақын арада инсульт алған Күләш АХМЕТОВА тұрады. Оған ұлы Әнуарбек МИРАЛИЕВ күтім жасап отыр. Әнуарбек торығып кеткен. 17 наурызда мен "АЖ" атынан "АтырауСуАрнасына" осы мекен-жайға вакуумдер жіберуге өтініш жасадым.
– Осыдан кейін екі машина келіп, азғана су тартып шығарды да кетіп қалды. Ал су сол күйінде тұр. Ауламызға бізден биікте тұрған көрші алты ауладан қатар келіп құйылады, - деп әңгімелейді Әнуарбек. - Өткен жылы мамырда қатты нөсерден кейін суға кеткен едік. Сол кезде вакуумдерге 90 мың теңге жұмсадым. Өзімнің күшім жетпейтінін білген кезде әкімдікке жүгіндім. Олар көмектесіп, бір ай бойына техника келіп, суды тартып шығарды. Биыл үйіміз ақпанда суға кете бастады. Әлденеше рет көмек сұрадым. Әлсін әлі келіп, азғана су тартып шығарады да кетіп қалады. Одан пайда жоқ, су қайта толады.
ҮЙ ІШІНДЕ ЕТІКПЕН ЖҮР
Паровозников көшесі, 3-1 мекен-жайында тұратын 78 жастағы зейнеткер Иван ШУРГИН де тілсіз жаумен үш айдан бері алысып келеді. Қар ерігеннен кейін аулаға су жинала бастаған. Енді су үйдің ішіне де кірген. Иван Тихонович үйінде ішінде резіңке етікпен ғана жүреді.
– Біз "қауырт желі" бойынша әлденеше рет вакуум шақыруға тырыстық. Осы уақыт ішінде бірде бір рет келмеді, - дейді зейнеткердің қызы Екатерина. - Сорғы орнатып, өзіміз тартып шығардық. Алайда соңғы жауыннан кейін сорғының әлі келмеді. Судың кететін жері жоқ. Мен болады деген нөмірлердің барлығына қоңырау шалдым. Өтінімдерді қабылдағандай болады, бірақ еш көмек жоқ. Қазір тіпті тұтқаны көтеруді қойды.
Өткен жылы мамырда жауыннан кейін Иван Тихоновичте те осыған ұқсас жағдай орын алған.
– Сол кезде суды тартып шығарды. Біз әкімдіктен үй сұраған жоқпыз, бұл үй өзімізге ұнайды, әкем де жылы орнын тастап кеткісі келмейді. Құрылыс материалдарын сатып алуға көмектесуді өтіндік. Әкімдіктегілер уәде беріп, көмектесті... талон берді. Ол бойынша дүкендердің бірінен бізге төрт палас берді, - дейді Екатерина. – Өз күшімізбен сол нөсерден соң жөндеу жүргізе бастадық. Еденді құйып, қабырғаларды бекіттік. Енді, өзіңіз көріп отырсыз, бүкіл ісіміз зая кетті. Енді не істейміз? Арнайы техниканы өз есебімізден жалдайтын қаржымыз жоқ. Қалалық билік уәде еткен көмекті де күте алмайтын сияқтымыз...
ЖАУАП ЖОҚ
Бұл редакцияға хабарласқан жандардың бір тобы ғана. Мен қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Өмірбек КАМАЛОВПЕН хабарласқан едім. Алайда оның айтуынша, ол осы уақытта Арнайы автобазада болып шықты. Техникаларды бөлумен айналысып жүр екен. Камалов қалалық ТЖ департаментінің бастығы Михаил ХАГАЙҒА хабарласуға кеңес берді. Бірақ ол да бос емес екен, жарты сағаттан соң хабарласуды өтінді. Уәде етілген уақыттан соң қоңырауларға жауап болмады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор