Түзету мекемелерінде жұмыс орындарын ұйымдастыру, сотталушылар өндірген өнімдер мен қызметтерді өткізу – осы мәселелер Атырау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасының дөңгелек үстелінде талқыға салынған еді.
Ол Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, прокуратурамен және «Еңбек» РМК-мен бірлесіп ұйымдастырылды. Ықтимал жұмыс берушілер – ірі кәсіпорындар да, ұсақ ЖК-лер де шақырылды.
Біздің өңірімізде төрт түзету мекемесі, соның ішінде ерлер мен әйелдер колониялары бар. ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Ризабек ДӘУЛЕТОВТІҢ пікірінше, колонияларда бизнесті ұйымдастыру кәсіпкерлер үшін де, сотталушылар үшін де тиімді екен. Бизнес үшін: еңбек тәртібіне, өнімді сақтауға қатысты проблема жоқ, жалға алу ақысы төмен; сотталушылар үшін: табыс табу мүмкіндігі бар және пайдалы жұмыспен айналысып, уақыт оздырады.
Колонияларда қажетті мамандар даярлау жұмысын да ұйымдастыруға болады. Мұны жаңа қызметкерлерді оқытуға мүдделі фирмалар жүзеге асыра алады. Еңбек заңнамасына сәйкес, қызметкерлермен келісімшарттар ресми түрде жасалады.
Түзету мекемелерімен бірлесіп жұмыс жасайтын кәсіпкерлер өз тәжірибелерімен бөлісті. «Эртри» ЖШС директоры Олег ТАСУНЬЯННЫҢ айтуынша, кәсіпорын әйелдер колониясының аумағынан маман киімдерін тігетін цех ұйымдастырған. Шартты-мерзімінен бұрын босатылған бір әйелді «Эртри» Мәскеуге оқуға жіберген. Қамауға алынған мерзім аяқталған кезде, кадрлардың жұмыстан кетіп қалатын жағдайлары болып тұрады. Мәселен, бастапқыда цехта 25 қызметкер болған, қазір – 16. Алайда, бұл еңсе түсіретін жағдай емес.
«Белый квадрат» дизайнерлік бюросының өкілі сотталушылар өндіретін өнімнің өзіндік құны нарық құнынан төмен екендігін атап өтті. Бірақ қазір дағдарыс клиенттердің сатып алу қабілетіне ауыр тиіп отырғандықтан, өнімдерге сұраныс көп емес.
Дегенмен де, бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдірушілер бар. Мәселен, жеке кәсіпкер ОРАЗБАЕВА әйелдер колониясында жазасын өтеушілерді ұлттық киімдер тігуге тарту мүмкін екендігіне қатты қызығушылық білдірді. Оның үстіне, ол жерде шеберлер табылады.
Бұдан басқа, сотталушылар нан, тігін бұйымдарын өндіре алады, 2-санатты құрылыс-монтаждау жұмыстарын жасай алады, жылу жабдықтарын ауыстыру және жөндеу жұмыстарымен айналыса алады. Олардың өздерінің балық цехтары бар (рас, ол қазір тоқтап тұр). Бұл туралы қатысушыларға ҚАЖК жанындағы «Еңбек Атырау» РМК директоры Әсет САҒЫНДЫҚ әңгімеледі.
Ірі кәсіпорындарға келер болсақ, оларда көптеген тауарлар мен қызметтерді жеткізумен қосалқы мердігерлік ұйымдар айналысады. Соларға шығу керек екен.
Зульфия ИСКАЛИЕВА