"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.Даудың басы «Сичим С.п.А.» ЖШС-нің «Теңіз» өндірістік учаскесінде құрылыс және монтаж жұмыстарының учаске басшысы болып жұмыс істейтін Арман ҚАСЫМОВТЫҢ 2014 жылдың 31 шілдесінде бүйрегі шаншып ауырған соң дәрісін ішіп келуге жұмысшылар жатақханасына кетуден басталады. Кетерде ол жұмыс орнында 15 минут болмайтынын жұмысшыларға ескертеді.
1 тамызда оның үстінен жұмыста болмады деген акт толтырылады. Ал, 4 тамыз күні Қасымов компания басшысы Роделли ДЖУЗЕППЕГЕ мән-жайды түсіндіреді, бірақ бәрі сәтсіз болады: оның еңбек тәртібін бұзғаны үшін «Қарабатан» өндірістік учаскесіне ауыстырылатынын, ал, «Теңіз» учаскесінде оның орнына басқа жұмысшының, яғни, шетелдік азаматтың жұмыс жасайтыны айтылады. Алайда, Қасымов бұл шешіммен келіспейтінін айтады. Бірақ оған бұған қатысты «келіспесең, жұмыстан боссың» деген жауап қайтарылады.
- Сосын қорғалушым сырқаттанып жүрген соң дәрігерге қаралу үшін сол күннен бастап, яғни, 4 тамыздан 16 тамызға дейін еңбекке уақытша жарамсыз деген қағаз алады. Бірақ 16 тамыз күні Теңіз учаскесіне оны кіргізбей қойды. Себебі, «Сичим С.п.А.» компаниясы 12 тамыз күнінен бастап Арманды «Теңіз» учаскесіне кіргізу рұқсаттамасының жойылғаны туралы «ТШО» ЖШС-не хат жіберген екен. Бұл кейін сотта дәлелденді. Арманды учаскеге кіргізбей, жұмыс орнына кіріп, жұмыс жасауына ешқандай мүмкіндік бермеген соң, ол басшыларға телефон соғады. Ал, олар сол кезде Арманға жұмыстан босатылғанын хабарлайды, - дейді Арман Қасымовтың адвокаты Нұрым МҰРАТОВ.
Қасымов 2014 жылғы тамыздың соңында Атырау қалалық сотына жұмыстан заңсыз шығарылғандығы туралы талап-арыз береді. Сонда жұмыс беруші компания сот процесі жүріп жатқан кезде 2014 жылдың 25 қыркүйегі күні Қасымовтың қолына екі бұйрықты ұстатады: 16 тамыздан бастап жұмыста болмауына байланысты еңбек шартын бұзу түрінде тәртіптік жаза қолданылсын деген және 16 тамыздан бастап 25 қыркүйекке дейін жұмыста болмауына байланысты жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылсын деген бұйрықтар.
Сот Қасымовтың талап-арызын қанағаттандырып, Теңіз учаскесіне жұмысқа қайта орналастыру туралы шешім шығарады. Бірақ облыстық соттың апелляциялық сот алқасы 2015 жылдың 27 ақпанында бірінші инстанция сотының шешімінің күшін жою туралы қаулы шығарады. Қасымов облыстық соттың кассациялық сот алқасына шағымданады, алайда онда апелляциялық алқаның шешімін өзгеріссіз қалдырады.
Бұдан соң жалғыз ғана үміт Жоғарғы сотта еді. Осы азаматтық іс бойынша арызды қараған Жоғарғы сот биыл 12 қаңтар күні апелляциялық сот алқасы мен кассациялық сот алқасының шешімдерінің күшін жойып, бірінші инстанция сотының шешімін күшінде қалдыру туралы қаулы шығарады. Осылайша, Қасымов бұрынғы жұмыс орнына қайта келді.
- Егер біз соңына дейін күресіп, табандылық танытпасақ, жеңіске жетпес едік, - дейді адвокат Мұратов.
Айнұр САПАРОВА