Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир БАЛЫҚБАЕВ үш тілді білім беру жүйесін дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы аясында 2018 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде, қандай да бір оқыту тіліне қарамастан, «Қазақстан тарихы» пәні – қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы» – орыс тілінде және информатика, химия, биология және физика пәндері сияқты бірқатар пәндер ағылшын тілінде оқытылатындығын айтты.
Осы үш тұғырлы тіл саясаты, нақтырақ айтсақ, техникалық пәндерді ағылшынша оқыту, ең алдымен, қазақ тіліне қалай әсер етуі мүмкін? Біз бұл туралы филолог мамандардың пікірін білдік.
ТІЛІ КЕМІС ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР
Анар ФАЗЫЛЖАН. Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты:
- Көптілділік - мәдени құндылық, тіл саясатының басымдығы. Дұрыс, жаһаниятта біртілді тұлға өзін комфортта сезіне алмасы айдан анық. Қазір көтеріліп отырған мәселелер өте дұрыс. Алайда, мына нәрсені түсіну керек: үштілділік, төрттілділік, онтілділік болсын, базалық тілдің негізінде қаланбаса - утопияға, тіпті зиянға айналады. Мен мұны әлемнің түкпір-түкпіріндегі тілтанушы, психолог ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп айтып отырмын. Нағыз көптілді тұлға деп сол тілдерде өмірдің барлық саласында өз дітін орындата алатын адамды айтады. Қазақстан тарихы мен әдебиеті төңірегінде ғана ана тілінде ой бөлісе алатын, ешбір жаратылыстану пәнінен ғылыми білімдерді игермеген, демек өз (қазақ) тілінде сол салада мықты маман бола алмайтын тұлға қоғам үшін қаншалықты пайдалы? Қазақ қоғамын айтам. Әрине, ол жаһаният үшін, батыс мәдениеті үшін пайдалы болар, себебі математика, химия, физиканың жоғары ғылыми курсын ағылшын тілінде меңгерген адам сол тілдердің мәдениетіне, сол тілде дамып жатқан ғылыми ойға қызмет етеді. Кез келген салада ана тілінде жасалған термин сол тілдегі ойды дамытады, сол ойды тудырған нейрондарды тітіркендіріп, жұмысқа қосады, ұлттың миының жұмысын жақсартады. Ойлаңыз, қазақ баласының миының қанша бөлігі енді тоқырап қалады?!
Менің оппоненттерім ағылшын тіліндегі жаратылыстану білімдерін игерген бала елімізге жаңа технологияларды алып келеді дейді. Кім сенеді, кепіл қайда? Әкелді делік, келді ол, ал қазаққа қайтіп түсіндіреді, оның мектепте математика, физика, химия, т.б. пәндерден ана тілінде алған білімдері 5-сыныппен шектелген, әрі қарай, яғни жоғары сыныптан бастап игерілетін ғылыми курстың барлығын ағылшынша оқыды емес пе?!
Иә, бұған оппоненттерімнің айтары бір ғана жауап: "математиканың қазақшасы керек емес!" Математиканың қазақ баласына ағылшыншасы қандай болса, дәл сондай жоғары деңгейде қазақшасы да керек. Егер жасөспірім, балдырған дүниені, болмыстың заңдылықтарын, сандар әлемін, әлемдік тарихты, жалпы жаратылыстану туралы алғашқы білімдерді өз ұлтының ғасырлар бойы жинақтаған білімдері негізінде, өз ана тілінде емес, өзге тілде танып-білетін болса, онда оның санасында ана тілінің осы білімдерді жеткізуге дәрменсіздігі туралы жаңсақ пікір берік орнығатыны анық. Сонымен бірге ана тіліне де нұқсан келеді. Себебі осы тілдің құралдары арқылы жаратылыстану салаларындағы ойдың даму желісін көрсете алатын, оны дамытып, түрлендіріп, сол арқылы ана тілін де байытатын тілдік тұлғалар саны кемиді, сан жоқ жерде сапа да ойсырайтыны белгілі болса, бұндай білім беру қазақ тілі үшін де, қазақ тілді қауымдастық үшін де зиянды екені белгілі.
Себебі ғылыми санасы ойсыраған қоғамдық санада біз білмейтін небір теріс құбылыстар болатыны анық. Бұл да менің жеке пікірім емес. Зерттеулер нәтижесі. Әзірге тек біреуін айтайын: деструктивті элемент қаптайды. Тұрақтылық, тыныштық болмайды. Өзгеге төзімділік танытатын жоғары мәдениеттен алшақ, "жекебасшыл", "комфортқуғыш", "Аплатондай ақылды" болғанымен, қуыскеуде «таза интеллект» иелерін тәрбиелеп шығамыз ба деген қауіп бар. Бұлай болмас үшін қазақ тілінен алған білімдердің деңгейі мен ауқымы ағылшын тілінде алған білімнен кем болмау керек! Нағыз көптілді (полиязычная личность) тұлға сонда қалыптасады. Әйтпесе жартыкеш тілді (полуязычная) тұлға қалыптасады.
Тіл форма ғана емес, одан әлдеқайда терең де жоғары ерекше феномен екенін әлемдік ғылым дәлелдегені қашан!
ӘУЕЛІ ҒЫЛЫМ, СОДАН КЕЙІН ТІЛ
Асқар БАЗАРБАЙ, Атыраудағы компаниялардың бірінде жұмыс жасайтын астаналық аудармашы-полиглот, белгілі блогер:
- Көптілділіктен қорықпау керек. Керісінше, қазақтардың ғылыми тілі ағылшынша болса да қалыптасады. Уақыт өте келе, ол да ішінде біршама ағылшынша қоспасы бар қазақи мақамға ие болады. Бастысы бала қазақша өссе, қазақша сөйлесе болды. Бәрібір, қиналған тұста қазақшаны араластырады. Осылайша, өз диалекті қалыптасады. Таза тіл деген миф.
Тіл жасау бекер тірлік екенін тарих дәлелдеді. Орыс ғылыми тілін дамытқан жоқ, французша, немісше атауларды қолданып, алдымен ғылымын дамытты. Ғылым дамығанда ғана алғаш бір нәрсе ашқан, жаңа құбылысты тапқан ғалымдар пайда болды. Содан кейін ғана орысша атаулар пайда болып, орыс ғылыми тілі түзілді. Ағылшындарда да солай. Алдымен французша сөйледі. Сосын өздері өзгеріс енгізетін халге жеткенде ағылшынша сөздер пайда болды. Ғылымды тілге тәуелді қылса, екеуінде де сорлайтынымыз анық.
Үнтаспа деген сөзді қазаққа сіңірем деп жүргенде, адамзат DVD қолданды, оны аударамыз деп жүргенде, жұрт флешка қолданып жүр. Бұл көнеден келе жатқан табиғи процесс. Қазақ тіліне парсы, араб тілдерінен сіңген сөздерді қараңыз, діни терминнің бәрі арабша, тек діни емес, қазақыланған махаббат, инабат, адалдық, әділдік, рақым, кінә, тәржімәлау сияқты қарабайыр абстрактілі ұғымдар да араб тілінде. Қалам, кітапқа дейін арабша. Қай тіл болмасын, сол тілде сөйлейтіндердің ғылыми не технологиялық жетістіктері арқылы ғана тарайды. Жапондар да қаншама технологияны ағылшын сөздерімен қоса батыстан сіңірген. Түрік те сол, панталон, телевизион деп жүр французша. Тіл деңгейін лингвисттердің жоспары құтқарады деген бос әңгіме.
А тілі Б тілін жұтып, аман қалуы мүмкін емес. Ол жерде міндетті түрде Ә тілі пайда болады. Екеуінен де байырақ, екеуінен де икемдірек.
Дайындаған Қайырбек САНСЫЗБАЕВazh.kz сайтында 1 наурызда жарияланған сауалнама қорытындысы мынадай:
Жаңа білім және ғылым министрі мектептер мен жоғары оқу орындарында математиканы және басқа да техникалық пәндерді ағылшын тілінде оқытуды ұсынып отыр (шамамен қазақ-түрік лицейлерінде сияқты), әйтпесе біз көштен қалады екенбіз. Сіз онымен келісесіз бе?
Иә - 38%
Жоқ – 57%
Жауап беруге қиналамын – 5%
Сауалнамаға 1451 адам қатысты