«Атырау» мәдени орталығында Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2016 жылға қойылған міндеттер туралы төртінші рет, бәлкім, өңіріміздің басшысы ретінде соңғы рет есеп берді.
Әкім осындай жылдық есеп берулерде әдетке айналған өткен бір жылғы сандарды ғана мысалға келтірмей, 2012-2013 жылдардан бастап, өзі басқарған кезең бойынша қорытынды жасады. Кездесу аяқталар тұста, қоштасып тұрып, залдан қойылған сұраққа жауап бергенде тікелей былай деді:
- Барлық мәселелеріңізді екі-үш күнде шешемін деп сөз бермеймін, үлгергенше жасаймын, үлгермегенімді келесі әкім орындайды.
Оның осы мәлімдемесіне залдағылар ду күліп, қол шапалақтады.
ИНДУСТРИАЛИЗАЦИЯ БАҒДАРЛАМАСЫ
Оптикалық кабель зауытында қазір қуаттылығы жылына 14 мың км өндіретін жабдық орнатылуда. Бұл еліміздің қажеттілігін 100%-ға жабады. Полимерлік өндіріс бойынша кәсіпорын полиэтилен үлдір мен полипропилен қап шығарады. Әкімнің оптимистік болжамы бойынша, бұл кәсіпорын ел ішінің қажеттілігін түгел жауып, қалған 60% өнімін Ресейге экспорттайтын болады.
«Асыл-агро» ШҚ-тың қуаттылығы жылына 7,2 мың тонна ет өнімдерін өңдейтін цех қолданысқа енгізілді. Жылына 2,6 млн бөдене жұмыртқасы мен 2,4 тонна бөдене етін өндіретін құс фермасы («Атырау-Бөдене» ЖШС) жұмысын бастайды.
Өткен жылы облысымызда жаңа сала пайда болды. 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдейтін және 400 мың метр жоғары сапалы шұға және жабынды өндіретін трикотаж фабрикасы ашылды.
Бройлерлік құс фабрикасы жыл сайын 2,6 мың тонна құс етін шығарады. «Бұл облыс 90% облыс қажеттілігін қанағаттандырады»,- деді сеніммен әкім.
Жергілікті билік жоспарлаған жобалар оптимизмге толы.
- «Индер ауданынында 20 гектар жерге жылыжай салынады. Жылыжайдың шатырына және 200 гектар жерге күн панельдері орнатылады. Күн электр стансасы 80 МВт электр қуатын береді, ал жылыжай «BIO» халықаралық стандартымен жылына 20 мың тонна көкөніс өндіретін болады. 80 МВт электр қуатының тек 10 МВт ғана жылыжайға, қалғаны халық қажеттілігіне жұмсалады. Жұмыс басталды. Еуропа агрономдары Индер агроколледжінде сабақ беріп, жастарды озық технологияларға үйретеді. Мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бұл жобаға Франция, Бельгия, Біріккен Араб Әмірліктері және Канада компаниялары қатысқалы отыр,- деп хабарлады әкім. - Тағы бір ерекше жоба – «Жел қондырғылары». Исатай ауданында орналасады. Қуаты 52 МВт. Жобаның құны – 12,3 млрд теңге, жеке кәсіпкерлер қаражатымен салынады. Бұлар - Атыраудың «ЭКСПО-2017» көрмесіне ұсынатын жобалары.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Соңғы үш жылда 18 кәсіпорын ашылды, соның ішінде 10-ы әкімдіктің тікелей қатысуымен жүзеге асты. Биыл бұлардың барлығы толық қуаттылығымен жұмыс жасайды. Атап айтсақ, бұлар - сиыр және ешкі сүтін, шұбат пен қымыз өңдейтін төрт зауыт. Жалпы жылдық қуаттылығы – 16 мың тонна сүт өнімдері.
160 тонна бекіре балығының еті мен 2 тонна қара уылдырық өңдейтін екі балық зауыты.
12 млн құты ет, 75 мың құты көкөніс және 370 тонна салат өндіретін екі қалбырлау зауыты.
7,7 мың тонна ет өңдейтін екі ет комбинаты.
Жылына 92 млн (!) жұмыртқа шығаратын екі құс фабрикасы мен бөдене фермасы.
- Облыс бойынша 16 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. «Агробизнес-2020» бағдарламасы тағы бар. «Сыбаға бағыты бойынша шаруашылықтарға ірі қара, «Құлан» ағыты бойынша – жылқы, «Алтын асық» бойынша қой алынды. Өткен жылы осы бағдарламаны пайдаланып, шаруалар 624 сиыр, 944 жылқы, 3 821 қой алды. Жақында Қытай қазақстандық етке өз қақпасын ашты. Ал, Еуропада 1 келі қымыз ұнтағы 200 доллар тұрады екен. Мемлекет ата-баба кәсібімен айналысқандарға ақша аяп жатқан жоқ, мал алуға да қаржы бөліп жатыр. Сонымен қатар, біз жергілікті бюджеттен малға жем-шөп дайындау үшін 185 млн теңге бөлдік. Халқымыздың тең жартысы ауылдық жерлерде тұрады. Адамдар бар, жер жеткілікті, қолдау да көп. Басқа қандай жағдай керек? Егін шаруашылығында егін алқабы 2012 жылғы 357 гектардан өткен жылы 6,8 мың гектарға дейін өсті. Биыл 2 мың гектарға картоп, 1 015 гектарға бақша дақылдарын, 2 490 гектарға көкөніс егуді жоспарлап отырмыз.
Осыған қарап, Атырау облысы мұнай өндірушіден ауылшаруашылық өңіріне айналды ма деп ойлайсың. Қалай болғанда да, әкімнің айтуынша, біз көкөніспен 149%-ға, жұмыртқамен 115%-ға, ет өнімдерімен 85%-ға, картоппен 38%-ға, сүт өнімдерімен 103%-ға қамтамасыз етілгенбіз. Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі 52,4 млрд теңгені құрайды. Тұрақтандыру қорында 4,5 мың тоннаға жуық өнімнің 14 түрі жиналған.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Бюджет қаржысы есебінен 1 205 пәтерлі 41 үй қолданысқа берілді.
- Тек Атырау қаласында ғана емес, аудандарда да тұрғын үй салу басталды. аудан орталықтарында 600 пәтердің берілуі бұрын болмаған оқиға! Құлсарыда, Индерборда, Аққыстау мен Ганюшкинода 60 пәтерлік тоғыз үш қатарлы үй салынды. Сонымен қатар, Құлсарыдан басқа барлық аудан орталықтарында 10 бірпәтерлік үй салынды. Бұл жұмыстар жалғасын табады. Мақатта, Доссорда, Индерборда, Аққыстау, Ганюшкино және Махамбетте NCOC компаниясының демеушілігімен осы жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы алты 60-пәтерлік үй құрылысын бастаймыз. Жас отбасылар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бойынша «Жас Отау» және «240 пәтерлі әлеуметтік үй» жобалары бар. Өткен жылы осы жобалар бойынша бір-бір үй қолданысқа берілді. «Жас Отау» жобасы бойынша 90 жас отбасы пәтер алды. Үстіміздегі жылы тағы 120 пәтер беріледі. 2016 жылы барлық мемлекеттік көздерден 1 131 пәтерлік 32 тұрғын үй тапсырылады.
СУМЕН ҚАМТУ
Өткен жылы ауыз су Махамбет ауданының Ақтоғай, Сарытоғай, Жалғансай ауылдарына және Жылыой ауданының Шоқпартоғай елді мекеніне жеткізілді. Облыстағы елді мекендерді орталықтандырған ауыз сумен қамтамасыз ету 52%-дан 75,6%-ға дейін өсті.
Биыл жергілікті бюджеттен 10 өтпелі нысанның құрылысын аяқтауға 1 млрд теңге бөлінді. Индер ауданының үш ауылы – Аққала, Құрылыс, Ынтымақта, Махамбет ауданының төрт ауылы – Алмалы, Таңдай, Ортақшыл, Алға, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында, Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында су құбырлары мен құрылғыларының құрылысы аяқталып, Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылындағы ұңғыма қолданысқа беріледі. Жыл соңына дейін облыстың 78% елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
ГАЗ
Құрманғазы ауданының 13 елді мекені (Көкарна, Афанасьев, Шағырлы, Жасарал, Күйген, Ақтөбе, Алмасад, Көкарна-Сазды, Племстанция, Әли-Жұмашит, Каспий, Қанжыға, Өлеңді, Затон), Мақат ауданындағы ПМС ауылы газдандырылды. Биыл ұзындығы 110 шақырым Индер – Махамбет магистралды газ құбырының құрылысы аяқталады. Азғырға арналған газ құбырын қолданысқа енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аумақтағы 10 ауылда сегіз мыңдай адам тұрады. Газ құбырының ұзындығы 365 шақырым, жобаның құны - 9,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары биыл NCOC-дың демеушілігімен жүзеге асады.
КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
2015 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік бюджеттен 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 139 шақырым жол жөнделді.
«Атырау-Индер» ірі жол жобасы аяқталды. Осы жол жиегінде орналасқан сегіз: Махамбет ауданының Алға, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол, Ақжайық және Индер ауданының Құрылыс, Жарсуат, Бөдене елді мекендерінің кірме және ішкі жолдары жөнделді. Бұдан басқа, Махамбет, Сарайшықта және Индерборда жолдар жөнделді.
49 шақырымдық «Ганюшкино - Приморье – Утера - Котяевка» жолының қалған 20 шақырымына жөндеу жасалды. Осылайша, бұл жолдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары толықтай аяқталды.
Мақат ауданының үш ауылындағы (Мақат, Бәйгетөбе, ПМС), Исатай ауданының екі ауылындағы (Аққыстау, Жанбай), Жылыой ауданының бір ауылындағы (Қосшағыл) кірме және ішкі жолдарды жөндеу аяқталды. Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай мен Ақкиізтоғай ауылдарының кірме жолдары мен орталық көшелерін, Құлсары қаласының көшелерін жөндеу жалғастырылатын болады.
Қызылқоға ауданының Сағыз селосында облыстық бюджет қаржысына жаяу жүргінші көпірін – теміржол арқылы көлік айырымын салу аяқталды.
Махамбет селосында Жайық өзені арқылы 2014 жылы басталған ұзындығы
– Өздеріңіз байқап отырғандай, соңғы жылдары біз шалғайдағы ауыл жолдарына көп көңіл бөлеміз. Өткен жылы жөнделген 139 шақырымдық жолдың 114 шақырымы – аудандардағы жолдар. Тек 24 шақырымы – қала жолдары. Осы үшін де мені сынға алады. Бірақ ауыл тұрғындары қала тұрғындарынан еш кем емес, олардың да өркениет игіліктерін пайдалануға құқықтары бар. Оның үстіне шаруашылықпен айналыса отырып, ауыл тұрғындары қаланы қамтамасыз етіп отыр. Қалаға кешіктіріліп болса да жолдар салынады, ал ауылдарға инфрақұрылымдар жүргізу өте қиын.
Биыл Атырау қаласының көшелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінді. Біз ТШО мен НКОК компанияларына 10 млрд теңгеге көшелерді жөндеуді ұсындық. Ағымдағы жылы шамамен облыс орталығының 160 көшесі жөнделетін болады.Құрманғазы ауданының Кудряшово, Жаңа ауыл, Арна селолары мен Жұмекен ауылының жаяу жүргіншілер жолы мен орталық көшелері, Мақат ауданы Доссор поселкесінің ішкі жолдары жөнделетін болады, - деді облыс әкімі.
2016 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік бюджеттен 13,1 млрд теңге бөлінді. Ұзындығы 96 шақырым жолды жөндеу жоспарланды.
Сәуірде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» трассасының ұзындығы 138 шақырымдық «Мақат - Сағыз» жолының 10 шақырымдық бөлігін жөндеу жұмыстары басталады. «Мақат - Доссор» жолы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) әзірленуде. Атырау – Астрахань трассасы бойынша ЖСҚ алты лот бойынша жасақталуда. Оның жартысы шілдеде, қалғандары қарашада әзір болады.
– Құжаттама әзір болған кезде, мердігерлер анықталып, жолдарды жөндеу басталады, - деп сендірді Ізмұхамбетов. – Облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың қанағаттанарлық жағдайы 2012 жылы 30 пайыздан бастап 47 пайызға жетті. 3 жыл ішінде 639 шақырым жолға жөндеу жасалды, оның 70 пайызы дерлік – ауыл жолдары.
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ
2013 жылдан бастап табиғатты қорғау шараларына 3,6 млрд теңге бөлінді. Индер ауданында үш жылдан бері Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Ол ағымдағы жылы аяқталады.
Өткен жылы Исатай ауданының Зинеден мен Исатай ауылдарында, Жылыой ауданының Майкөмген ауылында құм тоқтату жұмыстары басталды.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
– «Ембімұнайгаз», «ТШО» және «НКОК» секілді негізгі жұмыс беруші компания басшыларымен үнемі байланыста боламын. Олар жұмыс орындарын қысқартпауға уәде берді. Сондай-ақ, біз 115 мың адам жұмыс жасайтын 2 523 кәсіпорынмен меморандум жасадық. Алайда мұнай компаниялары өз шығындарын оңтайландырады. Кейбір сервистік кәсіпорындарда қысқартулар жүріп жатқанын жасырудың қажеті жоқ. Өткен жылы 643 адам қысқыртылды. Биыл 700 адамды қысқарту жоспарланды. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығына көп әсер етпейді. Өйткені, 17 мыңнан астам жұмыс орындары ашық. Жұмыссыздық 5 пайыз деңгейде сақталған. Бұл республикалық көрсеткіштен едәуір төмен. Жұмыссыз қалған азаматтарға наразы болып, түрлі инстанцияларға жүгінудің қажеті жоқ. Ең алдымен жұмыспен қамту органдарына тіркелу керек. Өткен жылытіркелген 16 042 жұмыссыз азаматтардың 74 пайызы жұмысқа орналастырылды, - деп тыныштандырды әкім.
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕР
Өткен жылы төрт мектеп пен алты балабақша ашылды. 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. 2016-2017 жылдары 20 балабақша мен 15 мектеп тапсырылады.
– Бірақ балабақшаларға кезек азаймай отыр. Ең көп кезек - Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы аудандарында.
Әкім «әсіресе, төлем қабілеттілігі жоғары болатын қалада» мемлекеттік-жеке серіктестікті дамытып, проблеманы шешуді ұсынды.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Соңғы үш жылда 23 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде сегізі өткен жылы пайдалануға берілді. Бүкіл аудан орталықтары типтік емханалармен қамтылған. Биыл наурызда Геолог поселкесінде 100 келушіге арналған емхана, сәуірде – 180 орындық қалалық аурухана ашылады. Ганюшкино ауылының маңындағы РТС-та бір ФАП пен Жанбай ауылында бір дәрігерлік амбулатория тапсырылатын болады.
Мемлекеттің жүйелі саясатының арқасында денсаулық сақтау саласындағы көптеген көрсеткіштер жақсарып отыр.
Ал, әкімнің өзінің айтуынша, туберкулез бойынша көрсеткіштер бұрынғыша, республикалық көрсеткіштен 19 пайызға жоғары екен. Ана өлімі бойынша біз Қызылордадан кейінгі екінші орындамыз.
МӘДЕНИЕТ
Биыл тоғыз Мәдениет үйінің құрылысы басталады: Индер ауданының Бөдене мен Есбол ауылдарында, Ақжар, Жаңаталап, Жұмыскер және Еркінқала елді мекендерінде, Махамбет ауданының Береке селосында, Қызылқоға ауданының Мұқыр селосында, Құрманғазы ауданының Дәшін селосында. Пайдалануға беру 2017 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Көптеген мәдениет ошақтарының құрылысын қаржыландыруды «ТШО» мен «НКОК» компаниялары қамтамасыз етеді.
Әкім, сондай-ақ, екі жылдан бері қала тарихына арналған үш томдық «История и культура Атырау в русских источниках» басылымын әзірлеу жұмыстары туралы хабарлады.
СПОРТ
Өткен жылы облыс белгілі бір табыстарға қол жеткізді - Ниджат РАХИМОВ ауыр атлетика бойынша әлем чемпионы атанып, Рио-Де-Жанейродағы Олимпиадаға қатысуға жолдама алды. Спортсмен Әнуар САРИЕВ алғаш рет дзюдодан Паралимпиадалық ойындарға жолдама алды.
Өткен жылы Атырауда Олимпиада орталығы Құрманғазы ауданының Шортанбай, Байда селоларында спорт кешендері іске қосылды.
– Өткен жылдың сәуірінде халықаралық стандартқа сай келетін теннис орталығы ашылды. Біздің елімізде тек Атырау мен Маңғыстауда спорт мектеп-интернаттары жоқ. Мен жобалау-сметалық құжаттаманы жаңартуға тапсырма бердім. Орталық стадион ғимараты алдындағы бос алаңға салынады. Бұл жоба кәсіпкерлердің күшімен жүзеге асырылатын болады. Уағдаластық бар, - деді Ізмұхамбетов.
ҚҰҚЫҚҚОРҒАУ САЛАСЫ
Материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 2013 жылдан бастап 8 млрд теңге бөлінді. Бейнебақылау камерасының көмегімен қалада 26 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 50 қылмыс ашылды. Ағымдағы жылы «Қауіпсіз қала» бағдарламасының шеңберінде қосымша 329 бейнебақылау камерасын сатып алу үшін қаржы бөлінді.
2015 жылдың қорытындысы бойынша аса ауыр 38 қылмыс ашылды, соның ішінде 17 кісі өлтіру қылмысы бойынша 100 пайызды құрады.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ
– Ірі кәсіпорындардан басқа туған жерін дамытуға кәсіпкерлер де өз үлестерін қосуда. Жылыой кәсіпкері Мағауия МЕРҒАЛИЕВ Құлсарыда 160 орындық балабақша салуда. Құрылыс наурызда аяқталып, нысан мемлекетке тапсырылатын болады.
Тағы бір Жылыой тұрғыны Бағытжан ДОСПАНОВ туған ауылы Шоқпартоғайға спорт кешенін салды. Құрманғазылық кәсіпкер Нұрлан ҚҰСАЙЫНОВ Асан селосының тұрғыны - 99 жастағы әжейге арнап үй салып берді. Өткен есептік жиналыста Геолог поселкесінде жергілікті кәсіпкер Мұрат САРМАНОВ аз қамтылған екі отбасын өз қамқорлығына алуға әзір екенін мәлімдеген еді. Қоғам осындай ұстанымдағы адамдарға зәру. Сармановың бастамасын 98 кәсіпкер көтеріп алып, аз қамтылған 255 отбасын қамтамасыз етуді өз мойындарына алды, - деді әкім.
Сөз соңында әкім 2016 жылға жергілікті билік республикалық бюджеттен қосымша 20 млрд теңгеден астам соманы тартуға өтінім берілгенін хабарлады. Бұл қаржының бір бөлігі көппәтерлі үйлердің (барлығы 975 пәтер), несиелік жеті үйдің (жалпы алаңы 26,7 мың шаршы метрді құрайтын 375 пәтер), жалдамалы 12 үйдің (жалпы алаңы 38,4 мың шаршы метр болатын 600 пәтер) құрылысына кетеді. Республикалық бюджеттен, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы қаржыландырылатын болады.
Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА