Атырау, 19 желтоқсан 22:52
 ашықВ Атырау -4
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

"Мұнай қорындағы ақша қаншаға жетеді?". "Қазақстан орыстары Ресейге неге көшіп жатыр?". "Облыс әкімі кімге мысық сыйлап жүр?". "Жармахан Тұяқбайдан не күтеміз?". "Сайлау өткізудің сыры неде?".

4 381 просмотра

AZATTYQ.ORG. "Қаңтарда күшіне енген кейбір заңдар" - Азаттық қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген кейбір заңдар мен кодекстер инфографикасын ұсынады.

"Жылқы ұрлау оқиғасы өзіне қол жұмсау ісіне ұласты" - Шаруа қожалығы басшысының күйеуі мен ферманың бірнеше жұмысшысы асыл тұқымды бие ұрлау оқиғасын өздері шешпек болған, бірақ олар тергеуге ілікті. Себебі жанжал кезінде бір адам мерт болған.

"Кремльдің қарсыласын кім улағаны белгісіз" - Ресейлік оппозиция белсендісі Владимир Кара-Мурза тергеу комитетінен өзін қасақана улаған кім екенін анықтауды сұрайды. Тергеушілер оны арыз бергеніне бір ай өткенде шақырып отыр.

"Мұнай қорындағы ақша қаншаға жетеді?" - Қазақстанның бюджеттен тыс қаржыдан құралған мұнай қоры жөнсіз жұмсала берсе, көп ұзамай сарқылуы мүмкін деген Батыс баспасөзіндегі сын-ескерту елде қызу талқы қозғады.

"Металлургтер жалақыны көбейтуді сұрайды" - Қазақстан қара металлургия алыбы - «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы металлургтері мен шахтерлері теңге девальвациясына қарай жалақыны да көбейтуді сұрайды. Компания басшылығы «бұған дағдарыс мұрша бермейді» дейді.

NUR.KZ. "Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі елдің экономикалық ахуалына қатысты пікір білдірді" - Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Сергей Терещенко елдің экономикалық ахуалына қатысты пікір білдірді. Сұхбат бірнеше ақпарат құралдарында жарияланды деп хабарлайды Астана арнасы.

"Қаланың қарбалас өмірінен шаршағандар үшін нағыз “жұмақ" болар ауылдар" - Ауыл өмірі тыныштығымен,тамаша табиғатымен өзіне тартатыны құпия емес. Қаланың қарбалас өмірінен шаршаған адамдар үшін нағыз “жұмақ" болатын әлемнің ауылды мекендер тізбегін NUR.KZ порталы daypic.ru-ға сілтеме жасап назарларыңызға ұсынады.

SN.KZ. "Қазақстан орыстары Ресейге неге көшіп жатыр?" - Қазақия азаматтарының басым көпшілігі жаппай шет елге қоныс аударып жатқандығын бұған дейін жазған болатынбыз. Жалпы, екі мыңыншы жылдардың басында елден кетіп жатқандар саны жыл сайын азайып отырған болса, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш қайта өсіп отыр. Мәселен, 2004 жылы елден көшкендер саны - 65 мың, ал, 2005 жылы 52139 адамды құраған. Сондай-ақ, 2006 жылы - 33 мың, 2013 жылы 24484 адам Қазақ елінен шет елге қоныс аударған екен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары тарихи отанына оралғысы келетін қандастарымыз да күрт азайып кетті. Бұл әрине алаңдатарлық дүние.

"Халықтың 93,6%-ы сайлауды қолдайтыны шындыққа жанаса ма?" - Өткен сәрсенбі күні Мәжіліс депуттары өздерін өздері тарату туралы бастама көтергені белгілі. Арада бір тәулік өтпей жатып, тиісті мекемелер сауалнама жүргізіп үлгеріп, саясаттанушылардың, әлеуметтанушылардың, журналистердің, қарапайым халықтың қанша пайызы сайлауды қуана қолдап отырғандарын анықтағаны мәлім болды.

"Қазақстандағы бизнестің дамымауы инфрақұрылымның нашарлығынан – Питер Хоуи" - Өткен аптада еліміздегі Теңіз кен орнындағы өндіріс көлемі жылына 26 млн тоннадан 38 млн тоннаға дейін ұлғаятыны айтылған. Мәселеге қатысты бүгін, қаңтардың 13-күні Назарбаев Университетінің профессоры Питер Хоуи World Politics Review сайтына сұхбат беріпті.

"Жұмабек Тәшенов және генерал Сабыр Рақымов жайында" - Қазақ халқының тарихына көз жіберсек оның терең тарихы, бай мәдениеті, тереңде жатқан патриоттық дәстүрі бар екенін көреміз.

QAZAQUNI.KZ. "Көп әйел алу керек пе – кертартпалық па?" - Өз халқыңның тарихын мақтан тұту жақсы. Бірақ болмағанды болғандай етіп көпшілікті, әсіресе жастарды шатастыру үлкен қателіктерге апарып ұрындыруы мүмкін. Соңғы кезде еліміздің өткен тарихы, әдет-ғұрыптары туралы әсірелеп айту, жазу жиі кездесіп қалып жүр. Мысалы, өткен ғасырларда қазақтар көп әйел алған деген сөздер айтылады. Бұл нағыз өтірік. Қазақтар жаппай көп әйел алған жоқ. Тек байлығы жетіп асып-тасығандар ғана – хандар, сұлтандар, билер, байлар ғана көп әйел алған.

"Ғалым: Ортағасырлық санамен артта қалған арабтардан қазақ халқы үлгі алмауы керек" - Ғалым Зікірия Жандарбек ортағасырлық санамен артта қалған арабтардан қазақ халқы үлгі алмауға шақырды. Сол себепті ол «араб дәстүршілдігінен» бойымызды аулақ ұстап, сақ болуды ескертіп отыр деп жазады Шын порталы.

QAMSHY.KZ. "«Ресейге үлкен пәле жабысты. ол бізді де қосақ арасында іліп әкетуі мүмкін»" - Алаш ұранды қазақ баласын ел етіп, туын тіктейміз деген талай арысымыз сұрқиялықпен қуғынға түсіп, ажал құшты. «Жарлысы мен байы тең», «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған», бабаларымыз аманат еткен алып мемлекет құруды арман еткен сол арыстарымыздың кейбірі осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын айтқан сөздері әлі күнге маңызын жойған жоқ. Қазақ баласын балағынан тартып, жағасына жармасатын, өскенін көре алмай, өнгеніне іштарлық ететін жаудың кім екенін ертеде-ақ айтып кетті. Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедұлының 1918 жылы Орал қазақтарының съезінде сөйлеген мына бір сөзін назарларыңызға ұсынамыз.

"Үкімет Қазақстан орыстарының ресейге кетуіне қарсы" - Бүгінде еліміздегі мектеп директорлары оқушыларды өзге мемлекетке қызмет етіп, жат елдің экономикасын көтеруге дайындап жатыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыс әкімнің орынасары Жақсылық Омар мәлім етті. Оның айтуынша бұл мәселеге облыс әкімі Даниал Ахметов қатты көңіл бөліп отыр. Бір қарағанда Жақсылық Мұқашұлының көтеріп отырған мәселесі өзекті болуы мүмкін. Алайда, бұл мәселеге алаңдап, шыр-пыр болудың аса қажеті жоқ.

ABAI.KZ. "Облыс әкімі кімге мысық сыйлап жүр?" - Біздің облысымызға Архимед Мұқанбетов әкім болып келгелі бері жұмысымыз өнімді болмаса да, тіршілігіміз көңілді бола бастады. Жаңа әкімнің «жаңалығы» да көп болып шықты. Өткен бір мақаламызда Архимед Бегежанұлының осындағы футбол клубына бюджеттен қанша қаржы бөлінетіндігін тіс жарып айтпайтын «құпиясы» туралы жазғанбыз. Енді бұл азаматтың ерекше бір "мырзалығы" жайлы айтпай өтсек, шындыққа қиянат жасармыз. Оның үстіне бұл күндері өңіріміздегі баспасөз біткен облыс басшысының осы ісі жайлы ауыздарына су құри, жаппай жазуда.

"Келесі парламентте Отанға оралған қандастардың өкілдері болуы керек" - Бүгінде тарихи Отанына 1 мллионға жақын қандастарымыз қайтып оралды. Бұл жерде «қандастар» деген сөзді бекер қолданып отырған жоқпыз. Өйткені олар кешегі бір сұрқылтай замандарда амалсыздан үйірінен бөлінген өз бауырларымыз. Қазақта «өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» деген сөз бар. Бүгінде қазақ үшін «өзінен туған ұл» кім? Ол осы елім деп, жерім деп келіп жатқан ағайын. Қазақтың қара баласы. Ал, сатып алар «құл» кім? Ол жан бағысқа келіп жүрген, тілі, ділі бөтен жат жұрттық келімсектер. Олар түбі ел болмайды. Ал сенімен ел болатын, тірлігі де, тағдыры да біте қайнасып, тұтасып кететін, ел басына күн туса ту түбінде тұрысатын сол «өзіңнен туған ұл» болмақ.

"Жалақы үшін қой алатын күн жақын" - Қазақстанның бюджеттен тыс жиналған мұнай қоры жөнсіз жұмсала берсе, көп ұзамай сарқылуы мүмкін. Осы мәселе жайында Батыс баспасөзіндегі сын-ескерту елде қызу талқыға түсіп жатыр.

TURKYSTAN.KZ. "Даудың басы – допинг: Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы қиын түйінді тарқата алмай әлек" - Биылғы жылдың жазында көптен күткен Рио Олимпиадасы өтеді. Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз байрағымызды көкке желбіретіп, талай жеңісті нәтижелер көрсетеді деп үміттеніп отырғанымыз да жасырын емес. Алайда ауыр атлетикадағы соңғы жаңалықтар спортсүйер қауымның төбесінен жай түсіргендей болды. Үш бірдей қазақ зілтеміршісінің допинг қолданды деген күдікке ілінуі біз күтпеген жайт еді.

"Жүсіпбек Аймауытовтың жұмбағы шұқшия зерттеуді талап етеді" - «Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұруы мүмкін бе?».

"Қолжетімді несие алу бір арман" - Елімізде банктерден несие алып, шаруасын жеңілдетуге тырысатын жандардың қатары көп. Олардың басым бөлігі жылдар бойы банктен алған қарызын қайтара алмай әбігерге түседі. Сондықтан болар, Қазақстан қайтарымсыз несиелер саны бойынша әлем елдері арасынан бірінші орынға шығыпты. Бүгінде халықтың банктерге қайтармай отырған қарызы 4,5 триллион теңгеден асып кеткен.

EGEMEN.KZ. "Иманды айдаладан емес, айналаңнан ізде" - Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛМЕН әңгіме.

"Австралиялық модель. Оның артықшылығы неде?" - Елбасы жуықтағы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласында жер қойнауларын пайдалану мәселесіне тоқтала келе «Қазірдің өзінде аукцион тетігін енгізу жолымен жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну ресімі жеңілдетілді. Ал болашақта біз іздеуді, бағамдау мен кен орнын игеруді қоса алғанда, геологиялық жұмыстардың барлық түрін жүргізу тәсілін оңайлатуды қарастыратын жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделіне көшеміз», деп жазды. Жер қойнауын пайдаланудың австралиялық моделі дегеніміз не? Оны қалай жүзеге асыруға болады? Осы сұрақтармен ҰҒА академигі, жер пайдалану саласындағы білікті ғалым Зайролла ДҮЙСЕНБЕКОВКЕ хабарласқан едік.

AIKYN.KZ. "БҰҰ өзгеріске дайын ба?" - БҰҰ-ның Бас хатшысы қызметін 70 жыл бойы тек ер-азаматтар басқарыпты. Гендерлік саясаттың жаңа толқыны ма, әлде «әйел басшылар көбейсін» деген ұранның науқаншылдық сипат алғаны ма, әйтеуір, соңғы кездері жоғары мінберлерден қазіргі Бас хатшы Пан Ги Мунның орнын әйел басшы басуы керек деген мәлімдеме жиі көтеріліп жүр. Пан Ги Мунның өзі бір мәлімдемесінде: «Менің орныма міндетті түрде әйел келуі керек» деп, ағынан жарылған. 2016 жылдың 31 желтоқсанында орынтағынан кететін ұйым басшысының ұсынысын бұрынғы Бас хатшы Кофи Аннан, АҚШ-тағы президенттік орынтақтан үміткер Хиллари Клинтон мен Билл Гейтстің жары Мелинда Гейтс қолдай жөнелді.

KAZ.KARAVAN.KZ. "Ресейлік сарапшылар 2018 жылғы теңге бағамына жаға ұстатар болжам айтты" - Ресейлік экономиканы божлау агенттігі теңге бағамы жолларға қатысты құнсыздануы жалғасып, 2018 жылы бір доллардың құны 560 теңге болады деп есептейді. Сарапшылар болжамы АПЭКОН сайтында жарияланған. Сарапшылардың пікірінше, доллар бағамы 2017 жылы орташа 500 теңге көлемінде қалыптасады. Ұлттық валюта ең төменгі көрсеткіші 2017 жылдың желтоқсаны мен 2018 жылдың қаңтарында болады: бір доллар үшін 550-560 теңге.

DALANEWS.KZ. "Жармахан Тұяқбайдан не күтеміз?" - Бізде жөні түзу оппозиция жоқ, болмаған, болмайтын да сияқты. Кеңестік идеологияның шекпенінен шыққан елдердің әл-әзір дамығандары Балтық жағалауындағы елдер. Олар бірнеше рет Президенттерін ауыстырып үлгерді. Сайлау жүйесі арқылы. Грузия мен Қырғызстан да біраз ілгерлеушілік болды. Төңкеріс жасаса да, бұл елдер демократиялық құндылықтарды қоғамдық өмірге енгізе отырып, тұтас елдік мақсаттарын айқындауға тырысып жүр. Украина… Бітеу жара. Бірақ түптің түбінде олар даңғыл жолға шығады. Қазірдің өзінде өздері сүйенген тұлғалары бар, әділ сайлау өткізуге қауқарлы, жемқорлықпен күресті шынайы түрде жүргізе алады. Тек Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Белоруссия секілді аздаған елдерде бұрынғы сең сол күйі тұр… Бұлар тонын бірнеше рет ауыстырып, «оқ өтпейтін» тоталитарлық жүйе жасап үлгерді.

"Сайлау өткізудің сыры неде?" - Осыдан біраз бұрын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау науқаны өтеді деген едік. Күні кеше ғана депутаттардың өзі «бүлік» шығарып, сайлау өткізуді сұрады. Ел Президентіне арнайы үндеу жолдап, кезектен тыс сайлау өткізелік деді. Бұл сайлаудың боларын онсызда білген қоғам селт ете қойған жоқ, «кезекті спектакль» деумен отыр. Сайлау өткізуден ештеңе өзгермейді, баяғы жартас – бір жартас деген пікірлер әр жерден қылаң беруде. Не десек те, алда сайлаудың өтетіні анық. Бұрынғы сайлаулардан бұл сайлаудың маңызы зор болмағын түсінуіміз керек. Неге?


18 қаңтар 2016, 10:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.