Теңгенің қарқынды девальвациясы жылжымайтын мүлік нарығына қатты әсер етті. Келісім мөлшері өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге азайып кеткен.
«Конфиденс»: жылжымайтын мүлік агенттігінің риэлторы Айгүл былай дейді: «Саттық баяу жүріп жатыр. Доллар қарқынды түрде көтерілуде. Адамдар қандай валютамен сатарларын білмей дал болуда, бағаларын шатастыруда. Көпшілігі теңгемен сатуға мәжбүр – банктер доллармен несие бермейді. Сатып алушылар да теңгемен сатып алуға жұмыстанады. Бағалар тамыз айындағы девальвациядан кейін құлдырай бастады. Кейбір сатушылар бағаны 20-25 пайызға дейін төмендетсе, кейбіреулері бірден екі есеге, кейде одан да көп мөлшерде түсіріп жатыр. Мәселен, бұрын 350 мың доллар сұрап тұрған коттеджді қазір 150 мыңға сатып алуға болады. Рас, олар бағаны теңгемен белгілейді. Сондықтан қазіргі бағам бойынша бағаны шамалы ғана түсіргендей болады, бірақ бұл тек солай сияқты көрінеді.
Сату нарығының құлдырауы өткен жылмен салыстырғанда банктердің несие беру саясатын күшейтіп жіберуімен байланысты. Қазір айына әрі кеткенде 5-6 саттық болады, өткен жылы анағұрлым көп болатын.
Екінші деңгейлі нарықта жақсы уақытта да бағалар салыстырмалы түрде онша жоғары болған жоқ, бірақ олар да түсіруге мәжбүр. Мәселен, егер ескі кірпіш үйдегі 3 бөлмелі пәтер құны 70 мың доллар болса, қазір 50 мың. Бірінші деңгейлі нарықта 2012 жылдан кейінгі салынған 2 бөлмелі пәтерлер бір жыл бұрын 130 мың доллар болды, қазір 90-105 мың болды (әрине, жөндеу жүргізілгендігіне, қабатына және т.б. байланысты). Қазір басқа амалы болмағандар – мәселен, несиелер мерзімі өтіп кеткендер сатуда. Несие қаржысына үй салып, енді сатуға мәжбүр болғандар жетерлік. Өйткені банк қарызын өтейтін қаржылары жоқ. Мен мемлекеттен жеке тұрғын үй салуға жер алып, үй салғандарды айтып отырмын. Өкінішке орай, жағдай жақсарып кетпейді, доллар өсіп, қысқартулар жүреді, адамдар ертеңгі күні не болатынын білмейді.
Жалға алу нарығы да азайды. Қазір айына әрі кеткенде 10 пәтерді жалға береміз, өткен жылы кем дегенде 25 болатын. Біріншіден, келушілер жоқ, екіншіден, жұмыс берушілер бюджетті қысқартты, егер бұрын қызметкерге баспана жалдауға айына 100 мың теңге бөлген болса, енді қазір 50 мың бөледі. Ал қалғанын оның өзі қосып төлеуі қажет. Өткен жылы «Құлагер Жайық», «Сары Арқа» үйлерінде 3-4 бөлмелі үйлерді 1500 доллардан жалдадық, ал қазір 200-350 мың теңгеден. Сонымен қатар, қала бойынша коммерциялық орынжайлар босап жатыр. Бұрын жалға алғандар басқа жерге көшіп, шағындау орынжайларды алуда. Сондықтан коммерциялық жалға алу нарығы күрт азайды».
Мен жолыққан басқа агенттіктер де жылжымайтын мүлік пен жалға беру нарығының төмендеп кеткенін айтуда. Олардың айтуларынша, кеңселерді, дүкендерді қазір жалға беру өте қиын, сұраныс жоқ. Адамдар күтуде, кейбіреулері бизнестерін жауып немесе шағындау және арзандау орынжайлар іздестіруде. Егер бұрын орталықтан 200 шаршы метрді ойланбастан алатын болса, қазір шеткері аудандардан сұрайтын болған.
Қазір жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу негізінен шұғыл сатулары керек, банкпен, сотпен проблемалары бар немесе шұғыл
кетулері қажет жандардың есебінен жүргізілуде. Сондықтан, егер асығыстық жоқ болса, риэлторлар сатуды кідірте тұруға кеңес береді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА