Қазіргі дағдарыс жағдайында баспана бағасы қалай өзгереді? Және алдағы уақытта қандай болжам жасауға болады? Бұл туралы біз жылжымайтын мүлік агенттіктерінің бірінің басшысы Элеонора ҚАБИҚЫЗЫМЕН сөйлестік.
Риэлтор алдағы екі жылда тұрғын үйдің бағасы арзандап, тіпті 90-шы жылдардағыдай жағдай орын алуы мүмкін деп есептейді.
- 90-жылдары 500 долларға 2 бөлмелі пәтер сатып алуға болатын. Сол кезде ақшасы барлар бір басына 4-5 пәтерден сатып алды. Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай соған ептеп келе жатыр. Сол себепті мен сатушыларға үйлерін қазірден сатып жіберуге кеңес берудемін. Әрі қарай олар үшін қиын болады. Ал, сатып алушылардың асықпағаны абзал. Қазіргі жағдайда сатушылардың көбі бағаны түсіруге асықпайды, ал кейін бастапқыда сұраған бағадан едәуір төмен түсіріп сатуға мәжбүр. Э.Қабиқызы тұрғын үй бағасын теңгенің үш девальвациясымен байланыстырады – 2009 жылғы, 2014 жылғы және қазіргі, яғни әлсін-әлсін теңгенің құлдырауы.
- 2009 жылғы девальвацияға дейінгі жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу жағдайы өте жақсы болды. Өйткені, мұнайлы өлкеге басқа жақтан келген қалталы мамандар «Кастадор», «Каспий толқыны», «Құлманов», «Гранд Атырау» тұрғын үй кешендері секілді жақсы жерлерден бірнеше пәтер сатып алды, - дейді Э.Қабиқызы. - Девальвациядан кейін сауда-саттық қарқыны баяулады, сатылым шамамен 8 пайызға азайды. Ал, 2014 жылдың ақпанында басталған екінші девальвацияның соққысы ауыр тиді. Ал, қазіргі жағдай туралы не айтуға болады? Қазір тұрғын үй бағасы 25-30 пайызға түсті. Бұрын бізде халық үйлерді 200 мың, 300 мың, 500 мың, тіпті 1 млн долларға дейін сатып алып жатса, қазір сол кезде 1 млн доллар тұрған үйлер, мәселен, Жайық жағасындағы зәулім котедждер қазір 300 мың доллардан жоғары бағаға өтуі екіталай. Шындығына келсек, соңғы бір-екі айдың ішінде үйді 200 мың долларға саудалау деген баға жоқ бізде. Хабарландыруда үй бағасын солай деп көрсеткенімен, ондай бағамен ешкім ештеңе сатып алмайды. Ал келесі жылдың көктемінен бастап тұрғын үйлер бағасы әлі де түседі деп болжануда. Таяу жылдары бір бөлмелі пәтерлерді қайталама нарықта 20-22 мың долларға, тіпті одан да арзан бағаға сатып алуға болады деп ойлаймын. Мұнай бағасы бұрынғыша түсе береді.
Риэлтордың айтуынша, қазір жаңа салынған үйлердің бір шаршы метрі 182 000 теңге тұрады. Ал, бұрын жаңа салынған үйлердің бір шаршы метрі 1 500-2 000 доллар болған (ол кезде бәрі доллармен есептелді).
Атырауда басқа өңірлерге қарағанда жағдай әзірге жақсырақ: ірі мұнай компаниялары өз қызметкерлеріне бұрынғыдай көлемде болмағанымен тұрғын үй алу үшін ақшалай көмек қарыз береді.
- Ал, сіз алдағы уақытта тұрғын үй нарығы қалай дамиды деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, Қазақстанда қайталама нарық деген ұғым болмайды. Баспана кейін сатып алу құқығымен жалға беріледі. Халық үй мен пәтерлерді жалдап, ай сайын 50-60 мың теңгеден төлеп тұрады, пәтер бағасы төленген ақшадан жиналып өтеледі. Осылайша сіз тұрып келген пәтерді сатып алған болып есептелесіз. Мұндай қадамға амалсыз, үйлер сатылмаған соң барады. Оны бірінші бюджет бастайды.
Айнұр САПАРОВА