Атырау, 29 қараша 08:54
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Жер көп, жүйе жоқ

3 483 просмотра

Мемлекет меншігіне пайдаланылмайтын жерлерді қайтару проблемасы өңірлік Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында талқыланды.

ҒАРЫШТАН ТҮСІРІЛГЕН КӨРІНІС

Атырау облысының аумағы жер балансының мәліметтері бойынша 12 млн гектар шамасын құрайды. Соның ішінде 2,3 млн га-дан астамы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 1,5 млн га – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, 53 мың га – орман қорының жерлері, 18,8 мың га – су қорының жерлері, 749,6 мың га – басқа мемлекеттер пайдаланатын жерлер (Тайсойған полигоны).

2011-2015 жылдардағы мүлік түгендеу облыста 682,7 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдаланылмай отырғанын көрсетті. Оның 535,1 мың га 78,3%-ы мемлекет меншігіне қайтарылды. 103,4 мың га жер телімінің меншік иелері берілген ұйғарымнан кейін игеруді бастады, қалған жерлердің тағдыры әзірге шешілуде.

Жеке тұрғын үй құрылысына берілген жерлерді түгендеу пайдаланылмаған 3 396 телім бар екенін анықтады. 898-і мемлекет меншігіне қайтарылды, алайда 1 732 телімін меншік иелері игерді, қалған телімдер бойынша шаралар алынуда.

- Биыл біз «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, 1:100000, 1:25000 және 1:2000 масштабындағы электронды векторлық карталар жасап шығардық. Махамбет пен Жылыой аудандарының, Атырау, Құлсары қалаларының, Махамбет ауылының карталары әзір. Олар ғарыштан түсіріліп өңделген суреттер негізінде жасалды, - деп хабарлады облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Арман БАЖЕНОВ. Алуан түрлі ауқымдағы векторлық карталарды жасау нысандардың орналасқан жері мен геометриялық параметрлері туралы мәліметтерді ғана емес, нысандардың кодтары мен атаулары секілді қосымша ақпарат ұсынуға да мүмкіндік береді.

Әрі қарай векторлық картаны жаңа мәліметтер негізінде оңай жаңартуға болады. Біз қалған аудандар бойынша жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Осы карталардың негізінде жер ресурстарының геопорталы жасақталатын болады. Геопорталды жасаудың мәні – жер телімдерінің жағдайын тексеру, есепке алу және басқару. Геопорталдың басты артықшылықтарының бірі – мәліметтердің барлығы өзекті болып табылады, яғни, географиялық (кеңістік) және атрибутивтік (сипаттама) мәліметтер әлсін әлі жаңартылып отырады. Геопортал әрі қарай тұрғындарға жер телімдерін таңдау бойынша қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді.

Арман Баженов, сонымен қатар, 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жер ұсынудың жаңа формасы қолданылатынын айтты. Мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы телімдер жеке және заңды тұлғаларға бәссаудалар арқылы сатылатын болады. Ең алдымен – кадастрлық құнын көтеруді қарастыратын бәссауда арқылы. Егер екі бәссауда қорытындысы бойынша телім сатылмаса, онда оны белгіленген минималды шекке дейін бағаны түсіруді – кадастрлық құнының 50 пайызын қарастыратын бәссаудаға қояды.

Екінші жолы – жалға берілген жер телімдерін сатып алу бойынша жеңілдік шарттарын ұсыну. Бұл норма қазіргі жер пайдаланушылардың мүддесін ескереді және оларға жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін ауыл шаруашылығы мақсатындағы телімдерді жеңілдік бағамен (10 жылға дейін мерзімін ұзартып, кадастрлық құнының жартысын) сатып алуға құқық береді.

ЖАҢА ВЕДОМСТВО ЖӘНЕ ТЕКСЕРУЛЕР

Атырау облыстық жердің пайдалануы және қорғалуын бақылау басқармасы жаңадан ашылған мекеме, жұмысын бастағанына жыл болған жоқ. Оның басшысы Ғибрат СҮЛЕЙМЕНОВТЫҢ айтуынша, басқарманың басты қызметі – жер заңнамаларының сақталуына бақылау жасау, учаскелерді өз бетінше иеленіп алуға жол бермеу, меншік иелері мен жерді пайдаланушылардың құқығын қорғау. Биылдың өзінде басқарма 152 жоспардан тыс тексеру жүргізген. 118 бұзушылық анықталып, 117 жеке және заңды тұлғаға жалпы сомасы 17 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік істер, негізінен, ҚР ӘҚтК-нің 136-бабы – мемлекеттік жерді заңсыз иемдену немесе өз уақытында қайтармау – бойынша қозғалады. Басқарма басшысы бұл жерде әңгіме ірі компаниялардың өздеріне шектесіп жатқан жерлерді пайдалануы турасында екенін айтқанмен, аттарын атамады.

Келесі жылы басқарма 2014-2015 жылдары жазбаша ескерту берілген барлық учаскелерге бақылау тексерісін жүргізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, рекультивация жасалған барлық учаскелерге ауқымды тексерулер жүргізіледі.

Журналистердің «Жер кодексінде жеке тұрғын үй салуға арналған учаскелерді пайдаланбағаны үшін күштеп қайтарып алу туралы өзгерістер бар ма?» деген сұрақтарына жауап берген Г. Сүлейменов 2014 жылдың аяғында заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді, оларға сәйкес, енді мұндай учаскелер тез арада күштеп тартып алуға жатқызылмайтынын атап өтті. Жерді беру тәртібі өзгертілді. Енді олар 2 жыл мерзімге жалға беріледі және қажет жағдайда тағы да ұзартуға болады.

Журналистерді тағы бір мәселе қызықтырды – бұл кейде сотқа дейін жететін жер иелері арасындағы даулар.

Мұндайда көбіне даулар іргелес жатқан учаскелерде туындайды. Мұндай шағымдарға мамандарды тарту арқылы тексеру жүргізіледі. Даулы учаскелер өлшеніп, қажетті құжаттар жасалып, сотқа жіберіледі. Жасалған талдаулар мұндай даулардың мемлекеттік органдар мен мамандандырылған ұйымдар арасында ынтымақтастықтың жоқтығынан туындайтынын көрсетті. Бір учаске бірнеше тұлғаға берілген жағдайлар да кездесті. Негізінен, осындай қателіктер 2008 жылға дейін көп орын алды, осы уақыттан кейін белгіленген шекараларды мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі деректер базасына енгізетін болды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

24 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.