Атырау, 29 қараша 08:58
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Құлсары туралы аңыздар

21 700 просмотра

Image 0Құлсары қаласының атауы кімнің құрметіне қойылған және Құлсары кім болған? Бұл сұрақ мені көптен бері мазалайтын.

ЕРІМЕН БІРГЕ АТЫН ДА БЕРГЕН

Құлсары ТІНЕКЕЙҰЛЫНЫҢ 1820-1900 жылдар аралығында өмір сүргені белгілі. Бізде деректі мәліметтер болмағанымен, оның ұрпақтарының ауызша жеткізген әңгімелері бар. Құлсары көріпкелдік қасиетімен бірге пейілі кең, жомарт және қонақжай жан болған екен. Мұсылманша оқыған, бес уақыт намазын қаза қылмаған, көршісі аш жатса, шариғатқа қайшы деп, халқынан ештеңесін аямаған, кетіп бара жатқан жолаушыны «қонағасыңды жеп кет» деп кідіртетін. Мұхаммед пайғамбардың «Көршің аш жатқанын біліп, өзің тойып жатсаң, кінәлісің» деген хадисін мықтап ұстап, «Малың өлсе, сойысқан, адамың өлсе, қойысқан, жауың келсе, қуысқан, бәрінен жақын туысқан» деп отырған. Құлсары көпшіл, жарлы-жақыбайға қамқорлық танытқан, сұрағандарға атты ер-тұрманымен беріп жіберетін болған.

Көнекөз қарттардың айтуынша, адамға тіке қарамай, үнемі төмен қарап отырып сөйлейді екен. Онысы көзінің ерекше қасиеті адамдарға әсер ететіндігінен болса керек.

Құлсары атаның тегі Бекет атаның арғы аталары шыққан Адай руының Мұңал бөлімінен тарайды екен. Тарқата айтсақ, Адайдан: Келімберді-Мұңал-Бәйімбет-Сабытай-Жандай-Сегізбай-Күшік болып таралады. Ал Құлсарының әкесі Тінекей - Күшіктен тараған сегіз баланың бірі. Адай руынан шыққан, біздің әңгімемізге арқау болған Құлсары қыс қыстағын Маңғыстау өңірінде, ал жаз жайлауын осы қазіргі Жылыой ауданы Жем өзені бойында өткізген. Құлсарының арғы аталарының ішінде Сегізбай асқан бай (17 мың жылқысы болған деседі) болған. Байлығы басынан асып жатса да, елге деген, халқына деген адалдығы бірінші кезекте тұрған екен.

Оның ел алдындағы беделінің арқасында қанды қақтығыстар тоқтатылып отырған. Кіші жүз рулары мен Хиуа хандығы арасындағы даулы істе бес рет антқа тігілген. Антқа біреудің жалғызы, болмаса, елге қадірлі адамы деген жайсаңы тігілетін болған. Қазіргі тілмен айтқанда, кепілдікке берілетін болған. Атасының елге, жерге деген адалдығы Құлсарыға да дарыған екен.

СОҒЫМДЫ НЕГЕ ЕКІ БӨЛІП САҚТАҒАН?

Құлсарыда тұратын журналист әрі ақын Әбдіхалық СИСЕНБЕРДИЕВ өзі құрастырған «Құлсары ата» атты шағын кітабында Құлсары Тінекейұлының 1870 жылы Жем, Сағыз бойын жайлап жүргенінде Маңғыстау ойындағы елдің патша үкіметіне қарсы көтеріліске шыққанын естіп, сарбаздардың мінісі мен тамағына деп, екі үйір жылқысын үлкен ұлы Үдербайды бас қылып, айдатып жібергенін жазыпты. Бұл әрекеті патша шенеуніктеріне белгілі болғанымен, ел арасындағы беделінің арқасында жазаланудан аман қалады.

2001 жылдың 22 қыркүйегінде ҚР Президентінің Атырау облысы Жылыой ауданының Құлсары елді мекенін аудандық маңыздағы қала санатына жатқызу туралы Жарлығы шықты. Содан бері бұл күні жылыойлықтар қала күнін тойлайды.

Құлсары таза мал шаруашылығымен айналысқан және ауқатты адам болған. Оның 7-8 мың қойы, 500-600-дей жылқысы, 250-дей түйесі болған деседі. Ортадан жоғары бойы бар, қапсағай денелі, иықты болған. Құлсары жастайынан ат таңдап, баптап, жаратып, бәйге аттарын таңдауға бүйрегі бұрып тұрған екен.

Ол соғым сойғанда жас малдың етін бір бөлек, сақа малдың етін бөлек сақтайды екен. Сонда екінші баласы Шапай: «Әке, осы етті бөлек сақтауыңыздың сыры неде?» деп сұрапты. Сонда Құлсары: «Келген қонақтың екі түрі болады. Ақылы айдынды, сөзі асыл, көреген, шешен адам келсе, сақа малдың етін қазанға салдырамын. Ал сөз қадірін білмейтін, көп сөйлеп, бас ауыртар қонақ келсе, тез құтылу үшін жас малдың етін таңдағаным. Әр қонақтың өз несібесі бар», деген екен.

...

Бір күні ел аралап, қыдырыстап жүрген Құлсарының көзіне бір танысының желісінде тұрған құлындардың ішінен оймақтай төбелі бар, ақбақай бір құлыншақ ерекше көрінеді. Назарын аударған құлыншаққа әбден көңілі ауғаны соншалық, танысына:

- Енесінен суалғасын маған бер. Ізіне не қаласаң, соны беремін, - депті.

Құлын иесі Құлсарының бой жетіп отырған немересі барын біліп:

- Олай болса, маған балаң Шапайдың қызы Тойкүнді келіндікке бер. Құлын сенікі, - дейді.

Сол жерде екеуі қол алысып, келіседі. Немересінің қалыңмалына келген ақбақай төбел құлын кейін ешкімге дес бермеген жүйрік болып шығып, Құлсарының мерейін арттырып, атағын шығарған. 1965 жылы өмірден озған Тойкүн үйлі-баранды болып, бақытты ғұмыр кешкен.

«ОСЫ ЖЕР АДАМ ШАҚЫРЫП ЖАТЫР»

Image 1Қален КІДІБАСОВ Бірде құрдасы, сырлас, тумалас Үмбетпен екеуі мал жайылымын аралап жүргенінде баласы Шапайдың әйелі жерленген бір дөңестің үстінен батысқа қарай созылып жатқан жердің қызғылт аңын (жердің ерекше түсі бар кішкентай жердің атауы) байқап, ұзақ ойлана:

- Осы жер адам шақырып жатыр. Сен жатасың ба, мен жатамын ба? - дейді.

Құлсарының бұл сөзін қалжыңға балаған Үмбет:

- Қазір жатқым келмей тұр. Керек болса, өзің жатарсың, - дейді.

- Е, құрдас сенің жатқың келмесе, өзіме бұйырған-ау, ақыры, - дейді Құлсары.

Сол күнгі құдастардың әзілінен кейін бір жылдан соң сол жер Құлсарыға бұйырып, зираты тұрғызылыпты. Бұл жерді оның таңдауы бекер емес-ті. Дүниеден өтерден бұрын жаз жайлауы Жемнің бойында өтетін Құлсары түс көреді. Онысын ағайын-тума, балаларына да айтып береді:

- Түсімде барлық малым жер астындағы үңгірге кіріп кетіп, шықпай қойды. Мен малдың соңынан ілесе кірдім. Сонда «малың өзі қайтады. Қайда барасың?» деген дауыс естілді. Үңгірге кірген жылқылар үңгірден шығып жатты. Санында есеп жоқ, осыншама көп жылқыны көргенім осы. Риза болып жатырып ояндым. Мен бірақ үңгірде қалып қойдым, дәм осы жерден бұйырар. Ал сол үңгір түбінде елді молшылыққа батырар ырыздық болар деп топшылаймын.

Расында сол жерден кейін «қара алтынға» айналған мұнай атқылағанда, Құлсарының көріпкелдігін ел мойындаған.

ӘРТҮРЛІ ПІКІР

Image 2Ізбасар ӨРІСБАЕВ Құлсарының мазары қаланың 6-ауыл бейітінде орналасқан (суретте). Кезінде салынған мазары шөгіп, мүжіле, ескіре бастағаннан кейін бұдан екі жыл бұрын оның сырты қоршала жаңа мазар тұрғызылған. Журналист Ә. Сисенбердиев мазары демеушілікпен жаңартылған ата зиратын жергілікті әкімдік балансқа алып, қамқорлыққа алу қажеттігін айтады.

Құлсары туралы ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге жеткен аңыз-әңгімелерге күмәндәніп, сенімсіздік білдірушілер де бар. Тіпті, жоғарда атап өткеніміздей, қала атауының берілуі қате деушілер де аракідік кездесіп қалады.

Олармен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қален КІДІБАСОВ келіспейді.

- Мен 1928 жылы туғанмын. Ес білгеннен осы жер Құлсары ауылы атанып жүр. Аудан орталығы сол жылдары қазіргі Қосшағыл ауылында еді. 1954 жылы ол Құлсары ауылына көшірілді. 2001 жылы қала мәртебесін алғаннан кейін де бұл атау өзгермей сақталып қалды. Соңғы уақытта Құлсары атауына дау айтушылар табылып жүр. Енді бірі ондай кісі болмаған дейді. Жоқ, Құлсары өмірде болған адам. Ол кісі туралы біз өзімізден жасы үлкендерден естіп білгенбіз. Оның үстіне, Құлсары атауы картаға енгізіліп кеткен, сондықтан мұны өзгертудің еш қажеттілігі жоқ.

Одан бөлек, Қален аға бізге 2007 жылы 12 қаңтарда сол кездегі аудан әкімі Асхат БЕКЕНОВТІҢ сұранысына сәйкес Атырау облыстық мемлекеттік мұрағат директоры Жаңылсын ӘЛПИЯРОВАНЫҢ жауап хатын көрсетті. Мынау содан үзінді: «Құлсары ата бабамыз Жылыой, Маңғыстау өңірінде өмір сүрген. Ел арасында беделді, көріпкелдігі бар, батыр болған. Аса бай болмаса да, дәулетті, қажыға барған, қайырымы мол болған. Мұқтаж адамдарға, көрші-көлемге көліктікке тай-құлындарын ер, тұрманымен беретін. 30-шы жылдары сол өңірде мұнай кенін іздестіру, геологиялық-барлау жұмыстары жүрген. Нәтижесінде 1938 жылы барлау алаңының №10-шы ұңғысынан мұнай көзі атқылаған. Кен орны 1939 жылдың өзінде өндірістік пайдаланылуға беріліп, мұнай кәсіпшілігі құрылған. Сол уақыттан бастап мұнайшылар үшін тұрғын үй құрылысы жүріп, халық тұрақтаған. Елді мекен Құлсары атанған. Елді мекенді осылай атауға болған ұсыныс хаттары табылмады, әйтсе де, Жоғары Кеңестің қаулысы бар».

ҰЖЫМДАСТЫРУДАН ҚАШҚАН

Құлсары ата ұрпағының басым бөлігі Маңғыстау өңірінде тұрады. Ал, 20 шақтысы Құлсарыда тұрады. Солардың бірімен кездескен болатынмын:

- Мен Күшіктің баласы Алтынбектен тараған ұрпақтың бірімін... - дейді Ізбасар ӨРІСБАЕВ. - Ұжымдастыру кезінде Құлсарының ұрпағы теперіш көріп, малынан айрылып, Түркістанға дейін кетіп қалған. Кейін туған жерге қайта оралған.

Тағы бір қызықты дерек, облыстық мұрағатта, интернетте де Құлсары атаның батыр болғаны айтылады. Алайда оның ерлігі туралы мәліметтер жоқ. Ақсақалдардың әңгімелерінде де бұл туралы ештеңе айтылмайды. Ал, бұл Құлсарының батырлық қырын зерттеуге түрткі болып отырған жайт...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор



24 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.