Атырау, 29 қараша 08:34
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Онлайн режимдегі кассалық аппараттар

3 899 просмотра

1 қаңтардан бастап онлайн режимдегі POS терминалдар мен кассалық аппараттарды қолдану ережелері күшіне енеді. Осы тақырыпқа арналған жиналыс облыстық Жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағында өтті.

ӘЗІРГЕ АЛКОГОЛЬ МЕН ЖАНАРМАЙ

Шешімін таба алмай келе жатқан мәселені талқылау үшін зал толық жиналды. Жаңа режимде жұмысты бастау уақыты бірнеше рет кейінге шегеріліп, кәсіпкерлер дайындалуға, қажетті аппараттар сатып алуға мүмкіндік алған болатын, алайда, олардың көпшілігі, әдеттегідей, дайын болмай шықты. 1 қаңтардан бастап онлайн мәлімет беру қызметі бар бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) алкоголь және мұнай өнімдерін (жанармай және дизельдік отын) таратушылар қолдана бастауы керек. Тек жалпы қолданыстағы телекоммуникация желілері жоқ жерлерде сауда жасайтындар ғана оны қолдануға міндеттелмейді. БКМ-мен жұмыс барысында кәсіпкер алған қолма-қол ақша сомасы бақылау-кассалық машинасына енгізіледі, содан кейін онлайн режимде мәліметтер фискалды мәліметтер операторының серверіне жолданады, ал сол жерде бақылау чегіне бірегей нөмір беріледі. Бірегей нөмір БКМ-ге түскен соң бақылау чегі шығарылып, сатып алушыға беріледі.

Бұл жүйені енгізу алкоголь мен мұнай өнімдерінің көлеңкелі айналымын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді деп күтілуде.

2017 жылдан бастап өз саудаларын онлайн режимде тіркеуге міндеттілердің тізімі кеңейтіледі. Негізінен, 2017 жылдан бастап клиенттермен жұмыс барысында онлайн мәлімет тарату қызметі бар БКМ қолдануға міндетті кәсіпорындардың тізімі белгілі, алайда әзірге ресми түрде бекітілген жоқ.

Әзірге, облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтері бойынша, жаңа жылдан бастап БКМ-ге бизнестің 2 084 субъектісі көшу керек, ал аппараттарын олардың тек жартысынан азы – 942 субъект тіркеді. Әрі фискалды мәліметтер операторы «Қазақтелеком» АҚ сайтында осы 942 салық төлеушінің тек 750-і тіркеліпті.

«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМҒА» - БӨЛЕК ТӨЛЕМ

Жиналыста кәсіпкерлерге БКМ-ді салық органдары мен Қазақтелекомда есепке орнату тәртібін түсіндіріп өтті. Ол үшін салық органына бару керек, қолыңызда: салық өтініші, салық төлеуші туралы мәліметтер бар БКМ, өндіруші зауыттың төлқұжаты, нөмірленген, тігілген, салық төлеушінің қолымен және (немесе) мөрімен расталған қолма-қол ақшалар мен тауар чектерінің есеп кітабы, фискалды мәліметтер операторымен жасалған келісімнің көшірмесі және келісімнің №1 қосымшасы формасы бойынша қол қойылған өтінім болуы тиіс. Өтінімді бес жұмыс күні ішінде тексерулері тиіс. Егер бәрі дұрыс болса, кәсіпкер БКМ тіркеу нөмірі бар бақылау-кассалық машинаның кәртішкесін алады. Бұл нөмір - ҚР аумағында бірегей болып табылатын сандар жинағын құрайды.

Тіркеу нөмірі БКМ-ді фискалды мәліметтер операторында (ФМО) тіркеу барысында енгізу үшін міндетті. Тіркеу кәртішкесі БКМ-ді қолданыс мерзімінде сақталуы керек және салық органдарының талабы бойынша көрсетіледі.

ФМО-мен Келісімге қосылу өтініміне қол қойылған соң және БКМ-ді салық органдарында тіркеген соң БКМ-ді жеке кабинетте тіркеу қажет. Ол қызмет пен тарификацияға қосылу бойынша №2 Өтінімге (келісімге қосымша) қол қойылу арқылы жүзеге асады. Өтінімге электронды сандық мөрмен қол қойылады және жүйеде автоматты түрде, яғни, өтінімде көрсетілген уақыттан бастап қабылданады. Сонымен қатар абоненттік төлемді есептеу де автоматты түрде қосылады. Ол бір БКМ үшін 1 500 теңгені құрайды. Кәсіпкерлерде тағы сұрақ туды – егер олардың кеңселерінде бұрыннан ғаламтор болса, онда олар не үшін тағы 1,5 мың теңге бөлек төлеулері тиіс? «Қазақтелеком» АҚ мамандарының айтуынша, олар ақшаны фискалды мәліметтерді қабылдау, өңдеу, сақтау және оларды салық органдарына жіберу үшін алады. Фискалды мәліметтер құпия ақпарат болып табылатындықтан әрі ерекше қорғау режиміне жататындықтан оларды жіберу үшін бөлек ерекше қорғалған байланыс арналары керек.

Мәліметтері жіберудің екі түрі бар:

Сымдық – компьютердегідей желілік кабельді қосу үшін RG 45 порты арқылы және сымсыз – сымсыз орнатылған Wi-Fi картасы, SIM-Карта қондырылатын ұялы телефонның ішіндегідей орнатылған GSM немесе LTE модем арқылы. Егер кәсіпкердің сымсыз интернет қолдануға мүмкіндігі болса, осы нұсқа таңдалады, егер болмаса – кабель жүргізеді.

ҚЫМБАТ ДҮНИЕ

БКМ-ді техникалық қызмет көрсетудің мамандандырылған Орталықтарынан (ҚМО) алу керек. Кәсіпкерлер көпшілігінің БКМ аппаратарын алып үлгермегендерін мойындады. Жазда олар 77 мың теңге тұрса, кейін қымбаттап, 98 мыңға жетті, баға әлі күнге дейін өсуде.

- Жақын күндері біз БКМ-нің үлкен партиясын саттық, ал кешкісін жеткізушілеріміз хабарласып, аппараттарды бұрынғы бағасынан 10 мың теңгеге қымбат бағамен жеткізетіндерін хабарлады, - дейді ҚМО-лардың бірінің өкілі Мая БОБОХИДЗЕ.

Негізі, бұрынғы ККМ-ді де онлайн мәліметтер тарату қызметін орнату арқылы жаңартуға болады, алайда ол да арзан емес – 47 мың теңге. Сонымен қатар, мұндай жағдайда кассалық кітаптарды да ауыстыру қажет болады, себебі, жаңартылған БКМ-ге жаңа нөмір беріледі.

Кассалық кітаптарға келсек, бұл жерде кәсіпкерлердің пікірлері екіге бөлінді. Біреулері «егер барлық деректер оператор серверінде электронды түрде сақталатын болса, бұл құжаттар неге керек? Енді бұл мәселеге оның басы ауырсын» деп жатса, екіншілері «өздерінен басқа мәліметтердің сақталуына ешкім дұрыс көз бола алмайды, сол себепті кассалық кітаптың болғаны жақсы, қандай жағдай боларын кім білсін» деген пікірлерін білдірді.

Анықталғандай, кассалық кітаптар керек екен, бірақ жаңа үлгідегі.

- Егер сатып алушы тауарды қайтарды делік, ал электронды чек басылып қойған жағдайда қалай болады? Егер жарық болмай қалса немесе ғаламтор жұмыс жасамай тұрса, қалай болады, сауда жасамаймыз ба? – деп сұрақтарын жаудырды кәсіпкерлер.

- Тауарды қайтарған жағдайда электронды чек күшін жояды. Тауарлық чектерді ешкім тоқтатқан жоқ, тек жарықтың жоқтығын немесе интернеттің болмай қалғанын еркін түрде актілеп, сатып алушыға әдеттегідей чектерді беруге болады, - деген жауап алды олар.

Ережелерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесіне келсек, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Айгүл РЗАҒҰЛОВАНЫҢ айтуынша, заңдылықтардың сақталуы тақырыптық тексерулер барысында тексеріледі. Егер онлайн мәліметтер тарату қызметі бар БКМ-нің жоқтығы бірінші рет тіркелсе, кәсіпкерге тек ескерту жасалады, жазалау ескерту қайталанған жағдайда жүзеге асады.

Талқылауға түскен екінші тақырып – POS-терминалдар туралы сұрақтар бәсеңдеу болды. Кәсіпкерлердің көпшілігі мобильді POS-терминалдар қолдануға көшкен. Олар арзандау тұрады. Айтпақшы, бұл аппараттардың болмағаны үшін белгіленетін айыппұлдардың көлемі төмендетілді. Егер бұрын ЖК үшін 40, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 60, ірі бизнес үшін 80 АЕК көлемінде жоспарланған болса, қазір, сәйкесінше, 30, 40 және 60 АЕК болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

18 желтоқсан 2015, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.