Бізге пәтерді өзінің алыс туысына тарту етіп ресімдеген егде әйелдің бұрынғы ұжымдасы хабарласты. Ал ол сыйға тарту етушінің көзі тірісінде пәтерді сатып жіберіпті. Туған ұлы әйел өлген соң далада қалған. Оған көмектеспек болған оның анасының достары адвокатқа шағымданған.
Егер заң бұзылып жасалған болса, үшінші тұлға сатқан мүлікті сот арқылы алуға болады, - деп растайды адвокат Гүлсім САБЫРОВА. Дегенмен, ол соңғы кездері алаяқтардың денсаулығы нашар, дұрыс ойлай алмайтын адамдардан мүлікті тартып алғысы келетін жағдайлардың жиілеп кеткенін атап өтті. Өйткені, пәтердің марқұм болған қожайынының ұлы бала кезден психикалық сырқаты бойынша мүгедек екен. Бірақ көп жылдан бері оның ауруының беті қайтқан. Ол қарауыл болып жұмыс істейді екен. Бір кездері, тіпті, жұмыс орнында тұруға мәжбүр болған.
Анықталғандай, оны үйінен қуып жіберген. 2008 жылы анасы ауыр науқастанып, 2010 жылы төсек тартып жатып қалған. Науқас болған соң анасы ұлынан өзін бағуды өтінуге ұялып, күтушіні жалдаған. Төрт ай ішінде көзі жұмылғанша оған 25 жастағы алыс туысы күтім жасаған.
Қысқа уақыт ішінде ол егде әйелдің сеніміне кіріп, оны өз ұлына қарсы қоя бастапты. Осы жанжалдың салдарынан ұлы үйінен кетіп қалуға мәжбүр болған. Нәтижесінде күтуші жұмбақ жағдайда науқас әйелді тарту келісімшартына қол қоюға көндіріп, пәтерді өз атына ресімдеп алған. Ол өмірінің соңғы күніне дейін лайықты күтім жасап, қамқорлық танытуға, ал өлгеннен кейін соңғы сапарға шығарып тастауға уәде берген.
Сыйға тарту келісімшарты 2014 жылдың шілдесінде ресімделген. Тура бір айдан кейін күтуші пәтерді өзі ертеректе қарызға ақша алып, оны ұзақ уақыт бойына қайтармаған үшінші тұлғаға сатып жіберген. Ол өз кезегінде, пәтерде науқас жанның болғанына қарамастан, күрделі жөндеуді бастап кетеді. Жұмысшылар үйдің заттарымен бірге байғұс қарияны біресе ана жерге, біресе мына жерге көшіріп, берекетін кетіреді. Ешқандай күтім, қамқорлық жасалмайды. Қазан айында осындай азаптың салдарынан науқас әйел көз жұмады, ал оның жалғыз ұлы баспанасыз қалады.
– Осы сот ісі ұзақ және қиын болды. Бірақ нәтижесінде көп нәрсе анықталды: науқас күтуші «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Сатып алушылар да жөндеу жүргізіп, мүгедек ұлы бар екенін білсе де, ар-ұждандары азаптамай, пәтерді жалға бере бастаған. Мұның бәрін біртіндеп дәлелдеуге тура келді. Бұл мен үшін ар-намыс ісі еді, өйткені, бұл жағдай бүкіл адамгершілік пен мораль негіздеріне қарама-қайшы болатын. Күтуші тек пәтерді иемдену мақсатын басшылыққа алған, ал қарияның ұлын не күтіп тұр, соңғы күндерін өткізіп жатқан оның өзі не болатындығы миына кіріп те шықпаған. Оның үстіне психикалық сырқаты бар мүгедек ұлы өз құқығын қорғай алмайды деген пасық ойда болған, - дейді Г.Сабырова.
Сот отырысы барысында осы пәтерді сатып алған жауапкерлер сот алдында өздерін адал сатып алушылар деп тану туралы өтініш берді. Алайда сот бұл өтініштен бас тартты. Өйткені, сотта олардың сол пәтерде өлейін деп жатқан әйелдің – бұрынғы қожайынының әлі де тұрып жатқанын, онымен сөйлесіп, мүгедек ұлы бар екенін біле тұра сатып алғаны анықталды. Күтушінің айдап салуымен олар ұлын анасына кіргізбеген, құжаттарды оның басқа туыстарына көрсетпеген. Нотариустан сату-сатып алу келісімшартын жасаған кезде осы жағдайларды жасырған.
Бастысы, сот осы істің егжей-тегжейін мұқият анықтап, апелляциялық сотта өзгеріссіз қалған шешім шығарылды. Атап айтқанда: сыйға тарту келісімшартын жарамсыз деп тану, сату-сатып алу келісімшартын жарамсыз деп тану; сату-сатып алу келісімшартын және оның алдындағы сыйға тарту келісімшартының мемлекеттік тіркеудің күшін жою.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА