Атырау, 29 қараша 08:36
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Желтоқсан ызғары

8 208 просмотра

Осыдан 29 жыл бұрын бейбіт шеруге шыққан жастардың қатарында 20 жастағы Бағдагүл ҚАЙЫҢБАЙ да болды... Арада жылдар өткенімен, 1986 жылғы 17 желтоқсан оқиғасы туралы сөз болғанда оның жүрегі әлі күнге дейін қан жылайды.

Бағдагүл Алматы облысы Нарынқол ауданының тумасы. Қазір ол Қызылқоға ауданы Жанкелдин ауылында тұрады. Осында бір кездері оқу орнының жолдамасымен жұмысқа орналасып, кейін тұрмыс құрып, тұрақтап қалған.

Тағдыр Бағдагүлді маңдайынан сипаған жоқ, алты жасында туған анасынан айрылды. Ал желтоқсан оқиғасы кезінде ол Алматыдағы педагогикалық шет тілдері институтының француз тілі факультетінің 3-ші курсында оқитын.

- 17 желтоқсан күні күндегіше таңертең сабаққа келдік. Бірақ, бұрынғыдай емес, аудитория іші абыр-сабыр. Себебі, теледидар мен радиодан үкімет басшысының ауысып жатқанын естіген болатынбыз. Сонда бір мұғаліміміз жай ғана естірте: «Жастар алаңға жиналып жатыр. Қонаев сөйлейді екен. Барасыңдар ма, бармайсыңдар ма, өздерің білесіңдер, өз еріктерің» деді. Жатақхана бөлмесінде бірге тұратын Гүлбану ТУРБЕКОВА, Майгүл ӨМІРЗАҚОВА (Алматы облысы Нарынқол ауданының тумалары), Шолпан КЕРЕЕВА (Батыс Қазақстан облысынан) және мен - төртеуміз алаңға бардық. Біз алаңға қызығушылықтың емес, патриоттық сезімнің әсерімен бардық. Алаң лық толы, - дейді Бағдагүл.

Әрі қарай ол алаңда бейбіт түрде суреттер мен лозунгілерді көтеріп тұрған жастарды көреді. Сонда ән айтылып, өлең оқылып жатты. Трибунада жалындаған қазақ жастарының үні, «Колбин кетіп, Қонаев орнына келсін!» деген наразылық үні естіледі.

Бағдагүл курстас қыздарымен бірге біраз ары-бері жүргесін жатақханаға тезірек жетіп алуды ойлады. Күн де суық, аяз қатты. Жатақхана вахтершісі кеш болса, есікті ерте жауып алып ашпайтын. Жастар ертең де алаңға келеміз деп келісті. Алайда, олар кеткеннен кейін қанды қырғынның боларын 20 жастағы Бағдагүл білмеген еді.

Image 1Бағдагүл ҚАЙЫҢБАЙ.- Келесі күні таңертең бөлмедегі төрт қыз алаңға тағы келдік. Сондағы мақсатымыз жараланғандар болса, соларға көмектесу еді. Келсек, алаңда кешегі топылған жастар жоқ, тым-тырыс. Алаңда қан ізі, шашылған қағаз да жоқ, жып-жылмағай. Құдды сол жерге кеше ешкім келмеген сияқты. «Бұл қалай болғаны?» деп ойлағанша болған жоқ, қасымызға қайдан келгені белгісіз, машина келіп тоқтады, - деп әңгімелейді Бағдагүл.

Машинадан түскен еңгезердей сарбаздар қолға түскен екі қызды аяусыз ауыр соққының астына алды, дүрбімен бастарынан ұрып жатты. Бұлардан бөлек алдыңғы жақта келе жатқан екі құрбысы қашып үлгерді. Азан-қазан, шыңғырып шырылдаған қыздар үні. Түстері суық әлгілер оған қарап жатқан жоқ, қыздарды машинаға сүйрелеп, шаштарынан уыстап ұстап, Бағдагүл мен Майгүлді машина ішіне лақтырып жіберді.

- Машина ішінде біз секілді 40 шақты жас болды, - деп еске алады Бағдагүл. – Олар Алматы архитектура-құрылыс институты, Қазақ ауыл шаруашылығы институты, Алматы малдәрігерлік институты, Қазақ педагогикалық институты және тағы басқа жоғары оқу орындарының студенттері болатын. Бәрі таяқ жеген, жүректері жылаған, ызалы жастар. Машина ұзақ жүрді, қайда кетіп бара жатқанымызды білмедік, әйтеуір, қаладан ұзай бердік. Бір уақытта айдаладағы ну орманның ішіне келіп тоқтады. Бәрімізді сол жерде қалдырып, өздері кетіп қалды. «Енді Колбин туралы айтсаңдар, жақсы болмайды!» деп сес көрсетіп қойды. Жалаңбас, шаштарымыз қобыраған, үстеріміздегі сырт киімдеріміз жыртылған. Қысты күннің ызғары дірдектете бастады. Омбы қарды кешіп, бір топ жас орманнан шығар жолды таппай біраз қиналдық.

Жаяу-жалпы, бірнеше сағат жүрген студенттер соңғы аялдамадағы трамвайға ілікті. Мұнда да жараланған, соққы жеген жастар болды.

Олар жатақханаға түнгі сағат 10-да келді. Сөйлеуге де әлдері жоқ, әбден тоңған. Аман келгендеріне қуанған курстастары оларға ыстық шай беріп, аяқтарын ыссы суға салып, жылы көрпемен орап тастады.

- Институт үрейде, КГБ мен милиция студенттерден жауап алып, тергей бастады. Біз ақылдаса келе шындықты айтамыз деп ұйғардық. Себебі, олардың түсірген суреттерінің ішінде болсақ, барғанымыз бәрібір аян болар еді. Суреттегілерді жауаптап, оқудан қуып, қудалауға сала бастаған-тұғын. Орыс группасынан жауап алып, қазақ группасына келгенде тергеу тоқтатылды. Біз аман құтылдық, бірақ мұндай сәттілікті барлық жастардың маңдайына жазбады ғой, сол қатты өкінішті, - дейді Бағдагүл.

Өрімдей жастар бір күнде есейіп шыға келді. Көпшілігі сотталды, көпшілігі мүгедек болып қалды. Қатты тоңғаннан Бағдагүлдің құлақтары ауыра бастады. Ол ауруханаға жиі жататын болды, сабақтан көп қалды.

- Институт мұғалімдері ақылдаса келе, маған сынақтарды бір жылдан кейін тапсыруға кеңес берді. Оған дейін жұмыс жасауға болатынын айтты. Сөйтіп, мені институттың жолдамасымен Атырау облысы Қызылқоға ауданына жұмысқа жіберді, - дейді Бағдагүл.

Ол бастапқыда мектепте француз тілінен дәріс бере бастады. Алайда, есту аппаратынсыз естімейтін күйге ұшырап, 3-ші топ мүгедегі болып қалды. Ол бір жылдан кейін де диплом ала алмады. Оның үстіне, Қызылқоға ауданында қатты су тасқыны болып, ауданнан шыға алмады. Кейін тұрмыс құрды, екі қызы дүниеге келді. Жолдасы Қоныс САЛЫҚОВ ерте қайтыс болып, 30 жасында жесір қалды. Содан бері Бағдагүл бар өмірін екі қызына арнады.

Қазір Бағдагүл денсаулығына байланысты Жанкелдин ауылының мектебінде ұстаздықты қойып, лаборант жұмысын атқарып жүр. Үлкен қызы өз жолын қуып, ұстаздықты таңдады. Миялы орта мектебінде мектеп алды даярлық сыныбында сабақ береді. Ал желтоқсан оқиғасына бірге қатысқан құрбысы Майгүл Алматы облысы Нарынқол ауданындағы мектептердің бірінде француз тілінен сабақ береді екен. Ара-тұра бір-бірімен хабарласып тұрады...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

17 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.