16 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік күні. Отандастарымыз бұл мерекені қандай сезіммен қарсы алады? Осы атаулы күн қарсаңында «АЖ» шағын сауалнама өткізген еді.
Юрий СЕРЕБРЯНСКИЙ, жазушы:
- Мен үшін Тәуелсіздік күні – ерекше мереке емес. Қалай дегенмен де, Қазақстан – Ресей шекарасынан өткенде басқа әлемге, кешірерсіздер, өткен шаққа тап болғандай боласың. Қазір қайтадан тығыз ынтымақтастыққа талпынып жатырмыз, алайда 25 жылда жасалған дүниелерімізді сақтап қалу маңызды. Сондай-ақ, тәуелсіздік дегеніміз - «Made in Kazakhstan» деген жазуы бар балалардың ойыншық күрекшесі екенін де түсінгеніміз жөн. Мұндай жазу жазылады деп үміттенемін.
Талғат МАМЫРАЕВ, саясаттанушы:
- Мен бұл мерекені әлдебір жалған патриоттық ықылассыз-ақ қарсы аламын, өйткені біз әзірге өз бағытын сыртқы әсерге алаңдамай жүзеге асыратын толық тәуелсіз және мықты мемлекет ретінде қалыптасып болған жоқпыз. Сонымен қатар, осы тәуелсіздік жылдары билік сапалы ғылым, білім жүйесін, мәдени, ақпараттық саланының пайда болуына мүмкіндік жасай алмады. Сондай-ақ, бұл күн жаңаөзендіктердің қанымен былғанды, ал бұл қазіргі биліктің көптеген әрекеттерінің бағаларын төмендетеді.
Зира НАУРЫЗБАЕВ, мәдениеттанушы:
- Бұл күн мен үшін жаңа тарихымыздағы қайғылы оқиғалар күні, еске алу, аза тұтып, кешірім сұрау күні. Осы тәуелсіздігіміз кімнің қанымен келгенін есімізге алатын күн.
Денис КРИВОШЕЕВ, журналист:
- Осы мерекені қарсы алған сайын менің алаңдаулы көңілім тереңдей түседі. Қазақстан осы тәуелсіздігін тез жоғалтып бара жатқандай. Өзекті мәселелер кеңейіп, сұрақтар көбеюде, ал жауап жоқ. Біз қарыштап дамуды тоқтаттық, біз эволюцияның артынан сүйретіле еріп келеміз. Қазақстандықтарға тәуелсіздік үлкен сый болды, алайда бұл ең алдымен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе алғашқы үш ұрпаққа артылатын жүк ауыр. Егемендік алған уақытымыз кең байтақ жерімізде көп кездесетін пайдалы қазбалардың қымбат бағаланған кезіне тап болды, алайда біз мұны тиімді пайдалана алмадық. Иә, біз көркейдік. Жаңарттық, жөндедік, біреулер үй салды, сатып алды, бірақ мемлекеттік институт құра алмадық. Шегі жоқ реформалар жасалса да, білім саласы өте төмен деңгейде. Экономикамыз шикі. Патриотизм бе? Ол, әрине, бар, бірақ қандай? Ресейде «ашытқы патриотизм ашытқымен бірге бітеді» деп тегін айтпаған ғой.
Мені бүгінгі мұнай және басқа да ресурстар бағасының құлдырауы қуантады: бұл еліміз үшін әлемдегі өз жағдайын кері қарауға, шынайы өсімге қол жеткізер жерді табуға, жағдайлар жасап, жауапты бизнесті өсіруге мүмкіндік береді. Бастапқы қоғамдық шарттарға, демократиялық құндылықтарға қайта оралатын, бәрін қайтадан бастайтын уақыт!
Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, журналист:
- Біріншіден, 16 желтоқсан көптеген қазақстандықтар үшін екі қайғылы оқиғамен астарласады – біз 1986 жылдағы желтоқсан оқиғасының куәгері болдық, өзім сол жерде болдым, не болғанын көзіммен көрдім; сондай-ақ Жаңаөзендегі мұнайшыларды ату, бұл ешқашан ұмытылмақ емес. Біз оппозиция ретінде басына қиыншылық түскен адамдарға көмектескіміз келді, осы қайғылы оқиға кезінде, содан кейінгі сот отырыстарында да қолдау көрсеттік. Міне, жүрегімізден өткен шынайы оқиғалар. Бұл күн Тәуелсіздік күні деп аталады, алайда ол сол бір қайғылы, кінәлілер жауапқа тартылғанша әлі көпке дейін ұмытылмайтын оқиғалардың көлеңкесінде қала береді деп ойлаймын. Сондықтан да біз 16 және 17 желтоқсан күндері серіктерімізбен бірге Тәуелсіздік алаңына шығып, Тәуелсіздік ескерткішіне гүл қоямыз, Жаңаөзенде қаза болғандарға арнап Алматы мен Маңғыстауда ас береміз.
Ресми мерекеге келетін болсақ, кеудемде терең қанағат пен шексіз қуаныш жоқ. Еліміз аяғынан әлі тік тұрған жоқ деп есептеймін. Саяси реформаларды көре алмадық, елдік экономикалық ахуалы қиын, белсенді азаматтар саяси бостандығынан айырылды. Бізде бірде-бір рет әділ шынайы сайлаулар болған жоқ. Алайда осы Тәуелсіздік күніміз бір күні нағыз мерекеге айналып, көркейген мемлекеттің Ұлы мерекесіне айналады деген үмітім де жоқ емес. Ал бұл үшін көп жұмыс жасау керек.
Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА