Атырау тұрғындарының ПИК-тердің сапасыз қызметтері жөнінде жазған көптеген шағымдары қалалық әкімдікте қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ төрағалығымен өткен үлкен жиналыстың басты тақырыбы болды.
ЖИНАЛЫСҚА ЕШКІМ КЕЛМЕЙДІ
Көппәтерлі үйлердің тұрғындары ПИК бюджеттерінің ашық еместігіне, керек кезінде телефонға жауап бермейтініне шағымданды. Сантехниктер мен электриктер біресе ақауларды жоюдан бас тартып жатса, кейде ақша төлеуді талап етеді – бұл заңсыз.
Ресми деректер бойынша Атырауда 950 көппәтерлі үй бар. Олардың 826-сына 52 ПИК, 2 ЖШС және 11 ЖК қызмет көрсетеді. Қалған 124 үйдің иесі жоқ.
Қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Нұрлан ЕРҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, қалалықтардың жиі қоятын сұрағы – ПИК шатырды жөндеуге міндетті ме? Иә, міндетті. Алайда бұл туралы шешім тұрғындардың жалпы жиналысында қабылданғаннан кейін ғана жасалады. ПИК төрағасы шығындар сметасын жасап, оны кооператив мүшелеріне таныстыруы қажет. Осы қаржыға ПИК мердігер жалдап, шатыр жөнделгеннен кейін тұрғындар қатысқан комиссия жұмысты қабылдайды.
Тағы бір көп қойылатын сұрақ: жиналған ақша қайда жұмсалады? Бұл сауалдармен тұрғындар әкімдікке және құқық қорғау органдарына жүгінеді, алайда олар ең алдымен жалпы жиналыста құрамы бекітілген ПИК-тің ревизиялық комиссиясынан сұрауы керек. Ал бұл комиссиялардың тек қағаз жүзінде ғана жұмыс жасайтыны басқа мәселе. Бұл тоқсан сайын шығарылып, әр пәтер иесіне жазбаша немесе электрондық түрде берілетін ПИК есептеріне қатысты. Бұл да көп жағдайларда жасалмайды.
Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийге байланысты тұрғын үй инспекциясы ПИК-терді тек азаматтардың шағымы негізінде ғана тексере алады. Жыл басынан бері тұрғын үй инспекциясына осындай 20 шағым келіп түскен. Қазір бөлім мамандары «Көктем» ПИК-тің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр.
- Адамдар өз төрағаларының бюджет бойынша есеп бермейтіндігіне шағымданып жатады. Дегенмен, барлық мәселелер жалпы жиналыста шешілуі тиіс. Ал, сіздер, - деді Н. Ожаев кооператив төрағаларына қарап, - осындай іс-шараларды өткізуге жауапсыз қарайсыздар. Егер ПИК қажетті тұрғындар санын жинай алмаса, олар мұны не жорта жасайды немесе мүлдем жұмыс жасай алмайды деген сөз. Бізге «Кенже», «Восток», «Жаңаша», «Еламан», «Уют», «Әли», «Азамат-Аман», «Мұхамбет» ПИК-тері үстінен арыздар келіп түсті. Тұрғындар бюджеттер ашық емес деп шағымданады. Егер сіздер тұрғындар алдында есеп бере алмасаңыздар, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, қызметтеріңізді біз тексереміз.
Наурыз айында шарттың типтік үлгісі бекітілді және онда ПИК орындайтын жұмыстардың 26 түрі жазылған. Сол уақыттан бері коммуналдық төлемдер бойынша қарызы бар тұрғындарды анықтау, қарыздарды өндіріп алу бойынша шаралар қабылдау ПИК-тердің міндеттеріне кіреді.
Бүгінде Атыраудың барлық тұрғын үйлері тұрғындарының қарызы 140 млн теңгені құрайды. Сонымен қатар, ПИК-тер өз үйлерін төлқұжаттау бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізулері керек. Атырау қаласының 950 үйінің тек 255-і әділет органдарында тіркелген.
ШЕКАРАЛАР ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ
Монополистер қандай нысандарға, ПИК не үшін жауап береді? Кооперативтердің аумағы қай жерге дейін созылады, ағаш бұталарын кім кесуі керек? Жауапкершілік шектерін бөлу мәселесі залда үлкен дау туғызды.
- «Кенже» ПИК-тің қызметкерлері өз аумағындағы шөпті ешқашан шаппайды, яғни, жинамайды. Басқа да ПИК-терде де осындай жағдай, - деді «Арнайыавтобаза» КМК директоры Мұратбек МАХАНОВ. – Тұрғындар жөндеу жұмыстарынан қалған ірі қалдықтарды, ескі жиһаздарды, техникаларды контейнерлердің жанына тастай салады. Бізде мұндай заттарды жаншитын арнайы техника жоқ екенін білмейсіздер ме? Ірі көлемді қоқыстарды шығаруға бөлек көлік шақырып, ақша төлеу керек.
- Біз барлық республикалық жиналыстарда Атырау облысында билік ПИК-терге қалдықтарды жаныштауға көмектесетін жалғыз өңір деп мақтанамыз. Қалыптасқан тәртіпті ауыстырудың қажеті жоқ. Ал тазалау және көгалдандыру мәселесінде сіздер мен біздердің міндеттемелерімізді нақты бөліп көрсету керек. ПИК-тердің тек газшылар мен Арнайыавтобаза арасында ғана жауапкершілік шегін бөлетін актісі жоқ, - деп жауап берді Атырау қаласы ПИК-тер қауымдастығының төрағасы Гүлнәр САЛИХОВА.
ПИК төрағаларының да, өз кезегінде, бірталай сұрақтары, соның ішінде коммуналдық қызметтерге қатысты сауалдары қордаланып қалыпты.
- АтырауСуАрнасы суағар коллекторлары мен ауладағы құдықтарын мұқият бақылауға алсын. Солардың ақаулары кесірінен су біздің жертөлелерімізге кетеді. Біз есептік жиналыстарымызға ТКШ, АСА және басқа да қызметтерді әдейілеп шақырамыз, ал олар келмейді! - деп шағымданды төрағалар.
«ӨЗІМ ЖАСАҒАН ЖӨНДЕУ ЖАҚСЫ ЕДІ!»
Тағы бір маңызды мәселе – тұрғындардың терможаңғырту жұмыстарына риза болмауы.
- Біз терможаңғырту бағдарламасына 2011 жылдан бері қатысып келеміз, алайда мен осы жолғы сапасыз жұмыспен бірінші рет кездесіп отырмын. Әр үйге жөндеу жүргізіп жатқан үш мердігер де өз жұмыстарына мүлдем жауап бермейді. Мен шала-шарпы жасап кеткен жерлерін аяқтаңдар деп арттарынан ергеніме бірталай уақыт болды, жақында кепілдік уақыттары да бітетін шығар, - деді «Ануар-Авангард» ПИК төрағасы Людмила ШАРОВАТОВА.
Ал «ММ-19» ПИК-ке қарасты үйлердің тұрғындары биыл кооперативтың мақсаттық қаржы жинау есебінен жүргізілген шатырды жөндеу жұмыстарының төмен сапасына қатты наразы екен.
- Үйіміздің шатырын жөндеуге мақсатты ақша жинау бірнеше жыл бұрын басталды. Мен өз пәтерімнің учаскесіне өз қалтамнан керамзит пен рубероид төсегеніме, төбемде ешқандай проблема болмағандығына қарамастан ақша бердім. Биыл мамырдағы қатты жауыннан кейін бұрынғы шатырды бұзды. Мен ПИК-ке бірнеше рет телефон соғып, жөндеуді тез аяқтауды талап еттім. Маған күнде ертең бітіреміз деп сөз беретін. Ақырында шатырға тесік шифер қағып, менің төбемде көптеген жылдардан бері алғаш рет сыздың орны пайда болды, - деп наразылығын білдірді екінші кіреберістің тұрғыны Марат.
Қатталып қалған мәселелердің көптігі соншалық, оларды бір кездесуде шешу мүмкін емес болды. Жаңа жылдан бастап ПИК-тер кесте бойынша өздерінің тұрғындарға есеп беру жиналыстарын өткізеді. Қалалық әкімдік бұл отырыстарға өз өкілдерін міндетті түрде жібереміз деп сөз берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА