«Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Біз жұмыс жасауға рұқсат алу үшін жыл сайын медициналық тексеруден өтуге тиіспіз. Алдыңғы жылдары тексеру біз үшін тегін болды, ал биыл 1600 теңгеге шықты. Кім төлеуге тиіс – жұмысшы ма, әлде жұмыс беруші ме?» - деп сұрақ қояды оқырмандарымыздың бірі.
Мұндай «міндеттеменің» басты мақсаты – алдын алу және сырқатты ерте анықтау. Тиісті анықтамасыз жұмысқа немесе оқуға қабылдамауы, сондай-ақ, кейбір елдерге шығудан бас тартуы мүмкін. Қандай медициналық тексерулер болады? Не үшін төлеуге тура келеді, тегін не бар? Бәрін ретімен баяндайық.
МІНДЕТТІ ӘРІ АҚЫЛЫ
Медициналық тексерулер міндетті және алдын алу деп бөлінеді.
Өндіріс және шаруашылық қызмет саласындағы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар алдын ала немесе мерзімді медициналық тексерулерден өтпеген немесе денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылған тұлғаларды жұмысқа жібермеуі тиіс.
Міндетті медициналық тексерулер өткізу мерзімділігі: жыл сайынғы медициналық тексеру – жылына 1 рет, ауысымалды медициналық куәландыру – жұмыс ауысымы басталар алдында бір жарым сағат ішінде.
Біздің сауалымызға облыстық денсаулық сақтау басқарма-сының басшысы Аманбек ЖҰМЫРОВ былай деп жауап берді:
«Жұмысқа орналасу кезіндегі міндетті медициналық тексерулер кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кірмейді. Тиісінше, азаматтардың өздері жұмысқа кірер алдында емдеу мекемесінің баға көрсеткіші бойынша медициналық тексеруді өздері төлейді. Емдеу мекемесінің бас дәрігері денсаулық сақтау басқармасы басшысының мақұлдауымен баға көрсеткішін бекітеді. Жыл сайынғы медициналық тексеруден өту үшін жұмыс жасаушылар келісім бойынша жұмыс берушінің немесе өз есебінен келеді».
ТҮРЛІ НЫСАН
Жасы мен еңбек қызметіне қарай медициналық анықтаманың түрлі нысандары қолданылады.
026/у нысаны немесе Баланың денсаулығы туралы төлқұжат: балабақша немесе мектепке қабылдану кезінде әр бала үшін ол бекітілген емханада ресімделеді.
Мектепке дейінгі мекеменің немесе мектептің медициналық қызметкері жүйелі түрде осы нысанды толтырып, медициналық тексерулердің бүкіл нәтижелерін енгізеді. Бала басқа оқу орнына ауысқан кезде бұл құжат оның жеке ісімен бірге беріледі.
086/у нысаны: кез келген орта, орта-арнаулы немесе жоғары оқу орнына түсу кезінде немесе жұмысқа қабылдану кезінде ресімделеді. Бұл осы оқу орнында белгілі бір мамандық бойынша адам жұмыс істеуге жарамды немесе жарамсыз деген қорытынды. 086 анықтамасын алу үшін терапевтен, хирургтан, невропатологтан, отоларингологтан, гинеколог пен басқа мамандардан, рентген тексеруінен өту керек, сондай-ақ, сақтандыру екпелерін алу керек.
082/у нысан: шетелге шығатындар үшін. Мұндай анықтама, мәселен, Шенген аймағының елдеріне виза және медициналық сақтандыруды ресімдеу үшін қажет болады.
083/у нысан: көлік жүргізуге куәлік алу кезінде қажет болады. Белгілі бір мамандық дәрігерінен және нарколог пен психиатрдан тексеруден өту керек.
Жеке медициналық кітапша: жұмысқа орналасқаннан кейін мерзімді түрде медициналық тексеруден өту үшін ресімделеді.
НЕ ҮШІН ТӨЛЕУ ҚАЖЕТ ЕМЕС
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, тұрғындардың мақсаттық топтарын алдын ала медициналық тексеру немесе скринингтік тексеру деп аталатын түрлері бар. Олар ерте кезеңде жекелеген сырқаттарды анықтауға бағытталған және олар тегін жүргізіледі.
Балаларды скринингтік тексерулер сырқатты ерте анықтауға бағытталған, оның дамуы түрлі жас ерекшелігі кезеңінде анатомиялық-физиологиялық даму ерекшеліктерімен байланысты. Мәселен, 3-тен 4 айға дейінгі жастағы балаларға көрсетілім бойынша жамбас буындарының дисплазиясын және туа бітті ұршықтың таюын ерте анықтау мақсатында ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі.
Мектепке дейінгі жастағы балаларды, оқушыларды, 18 жасқа дейінгі орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерін скринингтік тексеруді емхана мамандары оқу орындарында өткізеді. Егер мектепке дейінгі жастағы бала балабақшаға бармаса, скрининг бекітілген мекенжай бойынша емханада жүргізіледі.
Ересек тұрғындар келесі скринингтік тексеруден тегін өте алады:
- Қан айналу жүйесі (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық сырқаты) мен қант диабеті сырқаттарын анықтау бойынша.
Артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабеті сырқаттарымен диспансерлік есепте тұрмаған 18, 25, 30, 35, 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64 жастағы ерлер мен әйелдер мақсаттық топ болып табылады.
- Глаукоманы анықтау бойынша. Глаукома сырқатымен диспансерлік есепте тұрмаған 40, 42, 44, 46, 48, 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер мақсаттық топ болып табылады;
- Сүт бездерінің қатерлі ісігін анықтау бойынша. Сүт бездерінің қатерлік ісігі сырқатымен диспансерлік есепте тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер мақсаттық топ болып табылады;
- Жатыр мойнының қатерлі ісігін анықтау бойынша. Жатыр мойнының қатерлі ісігі сырқатымен диспансерлік есепте тұрмаған 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдер мақсаттық топ болып табылады;
- Тоқ және тік ішектің қатерлі ісігін анықтау бойынша. Полипоз, тоқ және тік ішектің қатерлі ісігі сырқатымен диспансерлік есепте тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60, 62, 64, 66, 68, 70 жастағы ерлер мен әйелдер мақсаттық топ болып табылады;
- Өңештің қатерлі ісігі бойынша. Өңештің қатерлі ісігімен есепте тұрмаған 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы ерлер мен әйелдер мақсаттық топ болып табылады;
- Қуықалды бездің қатерлі ісігін анықтау бойынша. Қуықалды бездің қатерлі ісігімен есепте тұрмаған 50, 54, 58, 60, 64, 66 жастағы ерлер мақсаттық топ болып табылады.
Скринингтен өткісі келетіндер өздері бекітілген емханадан тексеріле алады.
Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА