Атырау, 29 қараша 06:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қабан аулау оңай емес

11 171 просмотра

Жыл сайын 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін облыстың аң аулау орындарында қабан аулау маусымы жүреді.

Алайда, өткен жылдары облыстық аңшылар және балықшылар қоғамында лицензия алу үшін кезекке тұратын болса, биыл қоғамда аңшылық жолдамалардың жартысы өткізілмеген екен (аталық қабан – 16 мың теңге, аналық – 14 мың).

Облыстық аңшылар және балықшылар қоғамының бас аңшысы Сергей КАТАРОВТЫҢ пікірінше, аңшылардың құлшынысы 5-20 қыркүйек аралығында құс тұмауы қатеріне байланысты аң аулауға тыйым салудан кейін басылған. Аңшылар тыйымды қайтадан салып, жолдамаға төлеген ақшаны ешкім қайтармайды деп қорқады.

Дегенмен, аумағы теңіз қамыстарымен шектелетін (қабандардың мекен ететін жері) Атырау қаласы Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ғаріпжан ӘБІШЕВТІҢ айтуынша, қазір мұнда аңшылар көп, бірақ көбіне «бос» қайтады. Әбішев 2010-2011 жылдарда ауылдық округтің фермерлері жабайы шошқалардың көбейіп кеткеніне шағым айтқанын еске алды. Қабандар үй жануарларына арналған егістік жем-шөптерді жеген. Округтік әкімнің пікірінше, жабайы шошқалардың миграциясына Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әсер еткен.

Қабан аулаудың бүге-шүгесі туралы «Ақжайық» мемлекеттік резерватының ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы Александр ИВАСЕНКО әңгімелеп берді.

Атырау облысында жабайы қабандар әртүрлі жерлерде мекен етеді. Олардың ең көп тараған жері – Солтүстік Шығыс Каспийдің жағалауындағы қамыстар. Олар Құрманғазы, Жылыой және Қызылқоға аудандарының құмдарында, Бағырлай, Ембі, Сағыз және Ойыл өзендерінің сулы алқаптарында, суландыру арналарының жағалауларында да кездеседі. Желтау тауының етегіндегі артезиандық ұңғымалар маңындағы қамыстарда да қабандар көп мекендейді. Атырау облысы аумағындағы қабандардың жалпы саны 1 600-1 800 басқа жетеді.

Жыл сайын берілетін лимиттерде бір жасар қабандарды аулауға көбірек, ал ересек аталықтар мен аналықтарға аз мөлшерде рұқсат береді (аңшы лицензиясында көрсетілген аңды ғана аулауы қажет). Мәселен, үйірде үлкен беделі бар аналықты атып алғанда үйір тарап кетіп, жас қабандар қасқырлар мен заңсыз аңшылардың оңай олжасына айналуы мүмкін.

Табиғат сыйлаған керемет физиологиялық қасиеттері – иіс сезгіштік, алыстан есту қабілеттері, жүруі қиын жерлерде тірішілік етуге бейімділігі, шыдамдылығы мен «жарақатқа төзімділігі» арқасында қабан аулау ең қиын және олжалығы жағынан беделді аңшылық болып табылады.

Облыс аумағында жабайы қабандарды аулаудың келесі түрлері қолданылады:

Жем жейтін жерлеріне жасырынып аулау – аңшы қабандардың үнемі келіп жем жейтін жерлерін табады (олар осы жерлерге негізінен ымыртта немесе түнде, ал қыста күндіз де келеді), сол жердің рельефі мен өсімдіктері арасында бой тасалап, жануарлар келгенде таңдаған түрін дәл тигізіп, атып алады.

Соқпақтан аулау – бұл әдіс тек жануарлардың қамыстан шығып, жем жейтін жеріне бір соқпақпен баратын кезде мүмкін. Жасырынатын жерді аң соқпағынан елу метрдей жердегі түптерден таңдаған жөн. Ай жарық болуы керек, өйткені, бұлтты және айсыз уақытта жарытып ештеңе көрінбейді.

Тымық түнде қабан үйірінің келе жатқан дыбысы үш жүз метрдей жерден естіледі. Қамыстан шығып, жем жейтін жерге жеткенше қабандар өте сақ болады, тоқтап тұрып, тың тыңдайды, қауіпсіздікті сезінгенде ғана ашық жерге шығады. Жануарды оқ жететін жерге дейін жақындатқаннан кейін аңшы оқ тиген қабанды қуып жүрмес үшін құлақтан, жүректен немесе омыртқадан тигізуге тырысады.

Қуып аулау – бұл каналдар мен өзектердің жағасында өскен қамысты жерлерден аң аулау тәсілі. Қауіпсіздік мақсатында екі, үш, алайда 5-6 адамнан аспайтын топпен аулауға болады. Аңшылар қансонарда таңда өзен бойындағы қамыстардың жиегімен жүріп отырып, қабандардың кірген-шыққан іздерін іздейді. Егер шыққан іздері болмаса немесе шыққан іздер кірген іздерден аз болса, бір немесе бірнеше аңшы шыққан іздің тұсында қалып, қалғандары қарсы бетке шығып, оқ атып, жануарларды қуады. Желдің бағыты атқыштарға қарсы бағытта болуы керек. Аңшылар көп болса (10-15 адам), қоршап қуып аулау тәсілі қолданылады. Мұнда атқыштар таға тәріздес қоршап орналасады. Жем жейтін жерде аңшы мұнарасынан ату тәсілі біздің облысымызда қолданылмайды.

С. Катаровтың айтуынша, аңшылар мен балықшылар қоғамында қауіпсіздік мақсатында қабан атуға лицензия берерде жолдамаға бірге шығатын қосшыларының деректері жазылады.

- Қабандардың көпшілігі браконьерлік тәсілдермен ауланады, - дейді А. Ивасенко. – Бұл жануарларды жіңішке тростан жасалған тұзақпен аулау, прожекторлар мен тікұшақтар пайдаланып, джиптен ату сияқты жабайы аңшылық. Әр нағыз аңшының парызы – осындай заңсыз аңшылық тәсілдеріне жол бермей, бұлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлау.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.