Атырау, 29 қараша 07:35
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Малымыз - жанымыз

2 684 просмотра

г«Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген малбегі Аяш ақсақалдың бес ұл, 10 қызының ішінен 30 жастағы ұлы Ардақ ИСАЕВ әке жолын қуып, ақ таяғын ұстап қалды. Олар бүгінде Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылынан 10 шақырым жердегі қыстақта мамыражай тірлік кешіп жатыр.

- Мал шаруашылығымен айналысудан жастар қашады. Себебі, бұл шаруада сен сағатпен санасуды білмейсің, қыдыруды мүлдем ұмытасың. Ыстық-суыққа төзуің керек және бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күндерге көндігіп, жалықпауың қажет. Ал бұған көбі шыдамайды, - дейді Ардақ Исаев. - Ал мен үшін мал бағу рахат дер едім. Бүгінде елде қысқарту жүріп, жұмыссыз қалып жатқандар қаншама? Ал өз жеке малың болса, соның күйін күйттеп, басқаға басыңды ауыртпайсың. Осы малдың арқасында менің отбасым ешкімге масыл болған емес. Бәрінен бұрын кең даланың ауасы мен еркіндігіне не жетсін, шіркін.

Ардақтың иелігінде төрт түліктің бәрі бар. Әрине, мал ұстау қиын, бірақ бұл істі дөңгелету олардың қолынан келеді. Қазір мал бағасы төмендеп кетті. Егер былтыр салмағы 25-30 келі тартатын қойлардың әрқайсысын 30 мың теңгеден сатса, қазіргісі 18 мың теңгеден сатылуда.

- Малды сатып болған соң біз қаладан қап-қап ұн, секер, май, ұн өнімдері, ұсақ-түйекті түгел тиеп келеміз, - дейді Ардақ. - Қыс кезінде біз үйде 10 қап астық алып қоямыз. Қар қалың түссе, бірнеше күндеп қатынас үзіледі. Көмір дегенді ұмыттық, отындыққа малдың қиын пайдаланамыз.

Ардақты тағы бір қинайтыны - оның жері Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аумағында орналасқан Тайсойған әскери полигонының аумағына кіреді. Осы себепті Ардақтың шаруа қожалығын құра алмай отырған жайы бар. Ардақ сияқты Тайсойғанның өзіндегі көп шаруалар жерге иелік ете алмағаннан шаруа қожалықтарын құра алмай отыр. ШҚ болмағасын үкіметтен берілетін көмектерден қағылуда. Осы жылдың көктемінде Қазақстан мен Ресей арасындағы аталмыш полигон алаңының 80 пайызы Қазақстан иелігіне қайтарылатыны туралы келісімге қол қойылғанына қарамастан, бұл мәселе әзірге толық шешім таба қойған жоқ.

- Менің шөп шауып, дайындайтын техникам жеткіліксіз. Сол себептен жыл сайын мал саудасынан жинаған 1 млн теңгеге күзде шөп рулондарын сатып аламын. Ал шөп жыл сайын қымбаттап барады, - дейді Ардақ.

Қазір Ардақ өз ауласында 300 қой, 70 жылқы, 40 шамалы ірі қара, 15-тей түйе ұстап отыр.

Оның келіншегі Әйгерім ЖҰМАШЕВА - сүт өнімдерін жасаудың нағыз шебері. Айран пісіріп, май шайқап, қаймақ, құрт, ірімшіктерді дайындайды. Отбасында әке-шеше, төрт баласы, барлығы оншақты адам «Аяш» қыстағына жан кіргізіп отыр. Және дағдарыс деген сынақтан да сүрінбей өтерлеріне сенімді. Себебі, олар табиғаты қатал аймақтағы қиындықтардың талайын бастарынан өткерді, сүрінді, қайта тұрды, тұрақтанды. Ең бастысы, малын ыдыратып алмай, аман сақтап қалды. Ал, малың аман болса, жаның да аман деген сөз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.