Атырау, 29 қараша 07:46
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Таза судан үмітті

2 583 просмотра

Үкіметтің белгілеген «Ақ бұлақ» бағдарламасы екі кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі (2011-2015 жж.) аяқталуға жақын. Ал екінші кезеңі 2016 жылы басталып, төрт жылға созылады. Облыс аудандары үшін бірінші кезең не берді?

Жерасты суын пайдаланатын Қызылқоға ауданы халқының 91 пайызы таза суға қол жеткізді.

Индер ауданында 1 млрд 787 мың теңгеге Жарсуат, Өрлік, Бөдене, Көктоғай, Елтай ауылдарындағы су тазарту қондырғысы былтыр пайдаланылуға берілді. Есбол және Елтай ауылындағы су тазарту қондырғылары ЖК «Есбосынов» пен «Қисимов»-ке сенімгерлік басқаруға берілген.

Аудан әкімінің орынбасары Мұхамбетқали АЛДЕРЗИННІҢ айтуынша, қалған Жарсуат, Өрлік, Бөдене, Көктоғай ауылдары үшін «Индерсу» ЖШС құрылып, соның қарамағына беріліп жатыр. Ал Ынтымақ, Құрылыс, Аққала ауылдарындағы бірнеше жылға созылған СТҚ жылдың аяғына дейін пайдаланылуға берілмекші.

Жылыой ауданында «Ақ бұлақтың» бірінші кезеңіндегі Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Майкөмген ауылдары таза суға үздіксіз қол жеткізіп отыр. Ал Тұрғызба ауылындағы жұмыс аяқталып, 2016 жылдан бастап таза су беріледі деп күтілуде.

- Ауылдардағы СТҚ сенімгерлік басқаруға беруге конкурспен тендер жарияланып қойылған. Желтоқсанның ортасына дейін жеңімпаз анықталуы тиіс. Сосын бастапқыда уақытша тариф, кейін үш айдан соң тұрақты тариф бекітілуі керек, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Сайлау КЕНЖЕҒАЛИЕВ.

Махамбет ауданында 16 СТҚ бар. Аудан халқының 20 пайызы әзірге автокөлік тасымалы арқылы сумен қамтылуда. 14 СТҚ сенімгерлік басқаруға берілген. Алмалы және Ортақшыл ауылындағы былтыр басталған құрылыс биыл қаржының бөлінбеуіне байланысты тоқтап тұр.

Ал СТҚ арқылы халыққа су беру басталғаннан кейін дезинфекция жұмыстарына байланысты кедергілер туындады. Жалпы аудан бойынша жылға 16 720 кг коагулянт, 4 464 кг гипохлорид, 12 720 кг тұз қажет болса, бұл жұмыстарды атқаруға 19 млн-нан астам теңге қаржы керек. Алайда, мұншама қаржыны сенімгерлік басқаруға алған жеке кәсіпкерлердің қалтасы көтермейтіні белгілі.

- Қаражаттың жетпеуіне байланысты біз өзіміз сумен қамтып отырған Сарытоғай, Махамбет, Бейбарыс ауылдарына тәулігіне бес сағат қана су беріп отырмыз. Төлемақыны тұрғындар уақытылы төлемейді, - дейді «Тұрмыс-Қызмет» ЖШС-нің директоры Мұрат ЕРШИКОВ.

Исатай ауданында халықтың 90 пайызы ауыз сумен қамтылып отыр.

«ҚамысқалаСуАрнасы» ЖШС-нің директоры Жұмақұл ЖАҢБЫРБАЕВТЫҢ айтуынша, бір текшеметр су 82 теңге тұрады. Оның 30 теңгесі халықтан жиналса, 52 теңгесі облыстық бюджеттен субсидия ретінде беріліп отыр.

- Біздің ауданда да тұрғындардың тарапынан судың төлемақысының уақытылы төленбей отырған жайы бар, - дейді Ж.Жаңбырбаев. – Ал егер субсидия беру тоқтатылса, онда СТҚ-ны ұстау қиын болады.

Мақат ауданында кезінде қалып қойған жүздеген үйлерді болашақта сумен қамту үшін жобалау-сметалық құжаты жасақталған. Ендігі үміт «Ақ бұлақ» бағдарламасының екінші кезеңінде.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.