Атырау, 29 қараша 05:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Елімізде мұғалім болғысы келетіндер аз

4 758 просмотра

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа жылдан бастап білім саласы қызметкерлерінің жалақысы біліктілігіне қарай 15-29 пайызға өсетінін хабарлады.

Мұны нақтылап есептесек, жоғары білімді, жоғары санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар ұстаз бұрын толық жүктемеге 65-66 мың теңге алса, жаңа жылдан кейін жалақысы 78-79 мыңдай болмақ. Жоғары білімді, 1-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалім бұрын 56-57 мың теңге алатын болса, енді 71-72 мың теңге шамасында өседі. Сондай-ақ, жоғары білімді, 2-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалім енді 68-69 мың теңге алады (бұрын 52-53 мың шамасында болатын). Қазіргі доллар бағамымен алсақ, бұл 230-250 доллар.

Ал бұл толыққанды өмір сүруге, еш алаңдамай, бар ниетін балаларды оқыту мен тәрбиелеуге жұмсауға мүмкіндік тудыра ала ма?

Әлемнің дамыған 30 елінде, атап айтсақ, Еуропа елдері мен АҚШ-та оқытушының жалақысы жоғары еңбекақылардың қатарына қосылады екен. Ақпарат көздерінен білгеніміздей, бұл елдерде мұғалімнің жалақысы орта есеппен айына 4 000-5 000 доллар шамасында. Сәйкесінше, білім сапасы да, оқытушылардың біліктілігі де жоғары.

Қазан айында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Индонезияның астанасы жөнінде сұрағына жауап бере алмаған мұғалім туралы ақпарат беттерінде көп жазылып, әлеуметтік желілерде үлкен талдауға ұшырады. Біреулер бұл мұғалімнің біліксіздігі десе, бірі ақпараттардың бәрін баста сақтау мүмкін емес деп ақтағандай болды.

Қазір мектеп бітірушінің ата-анасы өз баласының беделді университеттерде білім алып, ақша жақсы төлейтін жерлерде маман болғанын қалайтыны ащы болса да, шындық. Мектепті жақсы үлгеріммен аяқтаған оқушының мұғалім боламын деп армандайтыны да некен-саяқ. Неге? Ең бастысы, материалдық жағдайға байланысты. Мардымсыз ақшаға бола күні-түні қағаз жазатын, одан қалса, әр баланың артынан жүріп, үй аралайтын ұстаздық жұмысқа ешкім барғысы келмейді. Барлығы ақшасы жақсы, әлеуметтік жағдайлар жасалған өндірістік компанияларда жұмыс жасағылары келеді. Осыдан кейін мұғалімдік оқуға көбіне орташа оқитындар, техникалық оқу орындарында оқуға шамасы келмейтін түлектер түседі. Білім сапасы да осыдан төмендейді.

Еліміздегі Назарбаев Зияткерлік мектебі оқытушыларының жалақысы қарапайым мектеп мұғалімінен, кемінде, 2 есе артық. Бұл мектептерде мұғалімнің алаңдамай білім мен тәрбие ісімен айналысуына үлкен жағдайлар жасалған. Осыған байланысты білім сапасы да жоғары.

Биік мінберлерде дамыған 30 елдің қатарына қосыламыз деп жиі ұрандатамыз. Елдің болашағы білімді жастар болса, оларға білім мен тәрбие беретін ұстаздың еңбек ақысын осы елдердегі әріптестерінің жалақысымен салыстырсақ (15-20 есе айырмашылық), бұл күн бізге алыс болар.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

19 қараша 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.