Жаңа жылдан бастап «әлеуметтік» бөлке нанның бағасы 80 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл туралы қазір атыраулық наубайшылар ескертуде. Осылайша, сауда нүктелерінде нан бағасы 80 теңге және одан жоғары болмақ.
Қаладағы бүкіл 11 наубайхананың атынан сөз сөйлеген «Асыл нан» наубайханасының басшысы Талғат ҚОСЖАНОВТЫҢ айтуынша, олардың басқа амалдары жоқ екен. Өйткені қазір дотациялық ұнның бағасы коммерциялық ұн бағасымен теңескен.
– 4-ші тоқсанда біздің облысымызға Оралдан өзіміз тасымалдайтын, келісі 60 теңгеден дотациялық ұн бөлді. Наубайханалардың барлығы наразылық білдіріп, бас тартуды ұйғарды. Өйткені ұнның өзіндік құны жеткізумен бірге 67 теңгені құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, коммерциялық ұн 68 теңге тұрады. Атырауда қостанайлық, ақмолалық ұнды тасымалдаумен айналысатын дилерлер көп. Бізге олармен жұмыс істеу тиімдірек. Олар ұсынатын ұнның сапасы жақсырақ әрі олар осы жерде орналасқан, - дейді Т.Қосжанов.
2008 жылы облыстық әкімдік, наубайхана мен ұн тарту комбинаты арасында мемлекет наубайшыларға дотациялық ұнды 47 теңгеден жеткізетіндігі туралы меморандум жасалды. Өз кезегінде наубайханалар нанды сауда нүктелеріне 40 теңгеден босатып, бөлшек бағада өздері 45 теңгеден сататын болды.
– Меморандум «Цесна» ұн тарту комбинатымен жасалды. Біз ұнды Ақжайық станциясынан алғыздық. Біздің көлік шығындарымыз КамАЗ үшін 12 000 теңгені құрады. 2010 жылы дотациялық ұн 49 теңгеге дейін көтерілді. 2011-2013 жылдары 51 болды, оған сол көлік шығындары қосылады, - деп әңгімелейді наубайхана басшысы. – 2014 жылдан бастап дотациялық ұнды 53 теңгеге дейін көтерді, бірақ Оралдан өзіміз тасымалдауымыз керек болды. Көлік шығындары бір КамАЗ үшін 150 мың теңгеге дейін өсті. Айына мен 120 тонна ұн алдым, бұл алты рейс болады. Тек көлік шығындарына айына 900 мың теңге жұмсалды. Бұл соманы ешкім есептегісі келмеді, ешкім субсидияламайды. Көлік шығындары есебімен 53 теңгенің дотациялық ұны 62 теңгеге шықты.
Ал мен биылғы жылдың қазанында өтінім берген кезде, маған ұнның келісі 60 теңге тұратынын хабардар етті. Айтып өткенімдей, көлік шығындарын қосқанда 67 теңгеге шығады. Нәтижесінде 2008 жылдан бастап дотациялық ұнның бағасы 20 теңгеге көтерілді. Ал біз нанды бұрынғыша сауда нүктелеріне 40-45 теңгеден өткіземіз. Алайда бүкіл шығындарды қосқанда, бөлке нан 80 теңге тұруы тиіс. Өйткені сол уақыттан бері коммуналдық қызметтер екі есеге көтерілді, бірнеше девальвация болды. Біз дотациялық ұннан бас тартуды ұйғардық.
Жыл аяғына дейін, наубайханашылардың айтуынша, нанды олар бұрынғы бағамен жіберетін болады. Ал жаңа жылдан бастап оларды «еркін жүзуге» жібереді. Сол кезде нан бағасы екі есеге көтеріледі.
– Нан бағасы лайықты болмағандықтан бізде макарон өнімдері, тоқаш, пряниктер, печеньелер өндірілмейді. Біз әрі қарай дами алмаймыз, өйткені біздің кірістеріміз жоқ. Осы себепті банктер несие беруден бас тартады. Ал қазір сол печеньелер, тоқаштар Ресейден әкелініп жатыр. Алайда біз өзіміз бұл өндірісті жолға қоя алар едік. Біз Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгіндік, жақында облыстық Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВАМЕН конференция өткіздік. Ол біздің проблемамызды қала мен облыс әкімдеріне жеткізді. Қазіргі уақытта бізге мәселенің талданып жатқанын айтты, - дейді Т.Қосжанов.
Естеріңізге салсақ, қазанда атыраулық наубайшылар «әлеуметтік» бөлке нанның бағасын 50 теңгеге дейін көтеріп, осы айда дотациялық ұнды толық көлемде ала алмадық (Оралдағы ұн тартатын комбинат тоқтап қалғандықтан), нанды коммерциялық ұннан пісірдік деп уәж келтірген еді.
Ал қарашаның басында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ Қазақстанда 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік нанды субсидиялау тоқтатылатындығын, өйткені бұл нан-бөлке бизнесінің дамуына кедергі келтіретіндігін мәлімдеді: «Нанды ескірген зауыттарда пісіреді, ал инвесторлар сапаны жақсартуға асығар емес».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА