Индер ауданы Өрлік ауылының тұрғыны Сәулен НҰҒЫМАНОВ (суретте) қойдың ішегін өңдеу цехын ашты. Бұл облысымызда алғашқы әрі әзірге жалғыз цех.
- Менің Күнжиләш әжем атам Мұқанның әр отбасында мал жеткілікті болуын және қазақтар сүйікті ісі – мал шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік тууын армандағанын айтып берген еді, – дейді Сәулен. – Бірақ менің ата-бабаларымның тағдыры қиын болды. 1928 жылы малды заңсыз тәркілеу ұйымдастырылып, байлардың қатарынан саналған атамды мал беруден бас тартқаны үшін түрмеге қамады. Кейін әжеме ол түрмеде «іші ауырып қайтқан» деп айтқан. Бірақ мен 1985 жылы атамның ісімен танысып, оның аурудан емес, 1932 жылы атышулы 58 баппен («Отанға сатқындық және төңкеріске қарсы қызмет жасаған») атылғанын білдім. Сол кезде мен атадан қалған дәстүрге оралып, мал шаруашылығымен айналысуға міндеттімін деп шештім. 1996 жылы мен «Ақтай» шаруа қожалығын құрып, мал басын көбейтумен айналыса бастадым. Енді, міне, қой ішегін өңдеу цехын аштым.
Бүгінде «Ақтай» шаруа қожалығында бір мыңға жуық қой бар. ШҚ «Сыбаға» бағдарламасымен 43 сиыр, асыл тұқымды 2 бұқа сатып алды. Ірі қара малды көбейтіп отырғаны үшін субсидия алады. «Алтын асық» бағдарламасымен 300 бас еділбай тұқымды қой сатып алуды жоспарлап отыр.
- Қойдың ішегін тамақ өнеркәсібінен бөлек, медицинада, сазды аспаптар жасау үшін пайдаланылады. Өңделген ішектерді біз «Лидер» супермаркеттер желісіне сатамыз. Ішектің бір келісі 8 мың теңге тұрады. Малды союға бізге ауданнан ғана емес, Батыс Қазақстан облысынан да келеді, - дейді С.Нұғыманов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА