Қызылқоға, Индер, Құрманғазы аудандарындағы бруцеллез (сарып) ауруы малдың қырылуына әкеліп соқтыруда.
Қызылқоға ауданында 14 680 ірі қара тексеруден өтіп, оның 373-нен бруцеллезге оң нәтиже табылған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда (былтыр 193 ірі қара) көбейіп кеткен.
Сонымен қатар, 101 094 бас қой-ешкіден қан алынып, оның 1626-сының бруцеллезге шалдыққаны анықталды. Тасшағыл ауылындағы Қ. Досығалиев, Миялы ауылындағы Б. Нысанбаев көшелеріне сәуір айынан бастап шектеу жарияланған болатын. Әсіресе, Қ. Досығалиев көшесіндегі індетті екі жылдан бері ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Шектеу қойылған нүктедегі 14 975 қой-ешкіден 10 рет қан алынғанда 222 басынан ауру табылған. Сондай-ақ, ауданда 6 адамнан бруцеллез дерті анықталған. Олардың арасында Миялы селосында тұратын 9-12 жастағы балалар бар.
Индер ауданындағы жағдай да осыған ұқсас. Жергілікті тұрғындарды адамдар арасында аталмыш аурудың көбеюі үрейлендіріп отыр. Бұл мәселе аудандық мәслихаттың сессиясында да қаралды. Депутаттар ветеринарларды малға талдау дұрыс жасалынбаған деп сынады.
Ауданда 143 қой-ешкі мен 11 ірі қарадан бруцеллезге оң әсер берушілік табылған.
МАЛ ДА ЖОҚ, АҚША ДА ЖОҚ
Өткен жылы ауру мал жаппай өлтіріліп, өртеліп, шұңқырға көмілген болатын. Ал, биыл ірі қараны мал сою цехына апарып сояды. Бірнеше сағаттан кейін сойылған мал еті иесіне қайта беріледі. Оны өзі пайдалана ма, жоқ, базарға апарып сата ма, мал иесі өзі шешеді.
- Ауылда жұмыс табу қиын, біз малмен ғана күнелтіп отырмыз ғой. Шынымызды айтсақ, біз жиі ауысатын ережелерден шаршадық. Былтыр ауру жұқтырған малды жаппай қырып салды. Биыл оның етін тамаққа қосып пайдалануға болады деп жатыр. Қайсысына сенеміз? Келесі жылы олар не ойлап табар екен? - дейді алаңдаған қызылқоғалықтар.
Айтпақшы, ауыл тұрғындары өткен жылы өртелген ірі қара үшін көк тиын да алмаған.
Құрманғазы ауданы Жамбыл ауылының тұрғыны Бекболат ХАЙРУЛЛИН:
- Көктемде ауламдағы 2,5 жасар өгіз бен 3-4 рет туған сиырымнан бруцеллез шықты. Ветеринарлар малды тезірек жоюға мәжбүрлегесін мал сою орнына апардым. Етін үйге алып келдік, оны базарға апарып сатқымыз келген, бірақ аурулығын айтқанда, сатып алушылардың бәрі шошыды. Айналғанда бізге ешқандай өтемақы төленбейтін болды.
- Біздің аудандағы ірі қаралардың басым бөлігі «Асыл-Агро» ШҚ мал сою цехы мен «Карат» ЖШС-нің консерві цехына тапсырылуда. Бұдан бөлек Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарындағы мал сою алаңдарына жеткізілген. Ал уақ жандықтар «Құрманғазы сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің шұжық цехына тапсырылады. Мал иелеріне бюджеттен 13 млн 199 мың теңге төленіп отыр, ал қалғанын шұжық цехы төлеуі тиіс, олардың берешегі 3 млн теңгені құрап отыр, - дейді Қызылқоға аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серікбай ЛАТИЕВ.
Құрманғазы ауданындағы шұжық цехына тапсырылатын мал үш категориямен өткізіледі. Бірінші категориядағы мал 400-450 теңге, екінші категориялы 300-350 теңге, ал үшінші категориялысы 200-250 теңге шамасында. Егер бір ешкі 10 кг тартып, үшінші категорияға жатса, 2000-2500 теңге болғаны.
- Бізге келген бруцеллез малдың 57 пайызы осындай төмен категориялы. Біз шұжық және дайын қуырдақ жасап шығарамыз. Шұжықтың келісі 890-1100 теңге, ал қуырдақ 800 теңге. Малға берілетін ақы төленеді, - дейді Құрманғазы ауданындағы шұжық цехының директоры Біржан КЕНЖЕБАЕВ.
ВАКЦИНАНЫ ҚАЙТАРЫҢЫЗДАР
Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВТЫҢ мал шаруашылығында тәжірибесі мол:
- 80-ші жылдары бруцеллез жұқтырған мал басы күрт көбейіп кетті. Біз вакцина қолдандық, нәтижесінде ауруды ауыздықтау мүмкін болды. Ал соңғы жылдары бруцеллезге қарсы вакцинаны қолданыстан алып тастады.
- Ал қазіргі жағдай қалай?
- Қазіргі малдан бруцеллез емес, оң әсер берушілік анықталуда.
- Енді не істеу керек? Бруцеллезбен қалай күресу керек?
- Вакцинациялауды қайтадан қолға алу керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА