Атырау, 29 қараша 05:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қараңғылық құшағындағы шекарашылар

3 992 просмотра

Облыстық прокуратурада Батыс аймағының әскери прокуроры Жанболат АЕКЕНОВТІҢ төрағалығымен әскери ведомоствоаралық органдардың кеңейтілген кеңесі өтті.

ПЫСЫҚАЙ КЕЛІМСЕКТЕР

Шараның мақсаты – шекарашылардың қордаланған проблемаларына жергілікті биліктің, сондай-ақ өзара әрекет етуші құрылымдардың назарын аударту. Кеңес ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Жәнібек ТӨЛЕБАЕВТЫҢ, бас әскери прокурордың орынбасары Бақтыберген ҚАСЫМБАЕВТЫҢ және Шекара қызметі мен әскери прокуратураның орталық аппаратының басқа лауазымды тұлғаларының бейне-байланыс конференциясы арқылы қосылуымен ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің аппараты жетекшісінің орынбасары Игілік ӘУБӘКІРОВ, Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді БАРАКАТОВ және Исатай ауданының әкімі Тұрарбек СҰЛТАНБЕКОВ қатысты.

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2016 әскери бөлімінің командирі Мұхтар ҚАНАТБЕКОВ Қазақстан-Ресей учаскесіндегі шекараны қорғауды ұйымдастырудың негізгі проблемаларын айтты. Атап айтқанда, шекаралық елді мекендердің тұрғындарына арналған жеңілдетілген өткізу қосындары туралы әңгімеледі. Атырау учаскесінде осындай төрт қосын бар. Олар жарақталмаған, жарығы мен кірме жолдары жоқ.

«ҚТЖ» АҚ балансындағы Ганюшкин теміржол станциясы да қажетті инфрақұрылыммен жабдықталмаған. Алайда станция арқылы Ресейге табыс табуға баратын Өзбекстанның, Тәжікстанның азаматтары, мигранттардың көп легі өтеді. Станцияда лайықты жарық жоқ, келімсектер басқа вагондарға немесе жүк пойыздарына тығылып қалуы мүмкін. Қанатбековтің айтуынша, Ганюшкиндегі өткізу қосынында арнайы қоршау болуы тиіс, бұл жабық аймақ болуы керек.

Қиғаш – Кіші Арал мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін бекетте электр жарығы жоқ. Шекарашылар дизель агрегатын қолдануға мәжбүр. Алайда теміржол олардан бар болғаны 100 метр қашықтықта орналасқан. Халықаралық «Дружба» автомобиль көпірін жарықтандыру мәселесі шешілмеген (ресейлік тарапта жарық бар).

2014-2015 жылдары Атырау облыстық әкімдігі мен аудан әкімдіктерінің тарапына жолданған 2016 және 2201 «г» әскери шекаралық бөлімшелер командирлерінің үндеухаттарының бірде-біреуіне жауап келген жоқ, - деді Ж.Аекенов.

БАЙДАҒА ЖЕТУ ҚИЫН
ҚР ҰҚК ШҚ 2201 «г» әскери бөлімінің командирі Фархат МИРМАНОВТЫҢ
айтуынша, жыл басынан бері оның учаскесінде мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін ҚР-ның 15 азаматы, шекара аймағында шекара режимін бұзғаны үшін – ҚР-ның 20 азаматы, аумақ суларының режимін бұзғаны үшін – ҚР-ның 51 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 76 390 метр браконьерлік ау құралдары тәркіленген. Каспий теңізінде ҚР мемлекеттік шекарасын бұзу фактісі бойынша 31 азаматқа қатысты 9 қылмыстық іс қозғалды. Командирдің айтуынша, РФ-нан, атап айтқанда Дағыстан Республикасынан, Астрахан облысынан браконьерлік топтар, сондай-ақ ҚР азаматтары: Атырау қаласының, Исатай ауданының Жанбай, Забурын елді мекендері тұрғындары тарапынан заңға қайшы әрекеттер жиі кездесіп тұрады екен. Ал шекаралық катерлер жүрдек байдаларды қуып жете алмайды:

- Байдалардың көпшілігінде қуаттылығы 250-300 ат күші бар моторлар тұр. Бұл қайықтарға үш қозғалтқыш орнататын мүмкіндік бар. Оларды тікұшақтың көмегімен болмаса, ұстау мүмкін емес. Бізде жылдамдық екі есеге төмен.

Мирмановтың айтуынша, мұндай жағдайда табельдік ұрыс қаруымен қозғалтқышты зақымдау арқылы ғана ұстау мүмкін екен. Ол қозғалтышқа атып, алайда кездейсоқ браконьерлерге оқ тиген оқиғалардың болғанын атап өтті.

Қысқы уақытта да мәз емес: браконьерлер мотоциклдерге ауысады, ал шекарашылардың қозғалыс құралы жоқ.

Әскери бөлімде де жағалау инфрақұрылымы мәселесі шешілмеген. Шекаралық катерлерді толыққанды орналастыру пунктін салу қажет. Атырау облысының әкімдігі Дамбыдан учаске бөлді, бірақ Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының келісім процедурасынан өтпей қалған.

- Инспекция мақұлдамады, өйткені құрылыс су қорғау жолағына белгіленген. Сондықтан ахуал бұрынғыша: катерлердің тұмсығы жерге тіреледі. Оларға жету өте қиын, жанар-жағармай құю, азық-түліктерді жеткізу, шекаралық жасақты мінгізу-түсіру проблема болып отыр. Котяевкада да сондай проблемалар.

ҚР ҰҚК ШҚ «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының бастығы Қадыржан МҰҚАНОВ нақтылады: Жайық-Каспий инспекциясының келісім бермеуінің себебі – жоба бойынша санитарлық аймаққа монша кешені мен казарма енгізілген. Оның айтуынша, айлақ – бұл стратегиялық нысан, оны бәрібір салу керек екен. Сөйтіп жергілікті билік органдарын осы мәселеге дұрыс қарауға шақырды.

ОЛАР НЕЛІКТЕН БРАКОНЬЕРЛЕРГЕ ҰҚСАЙДЫ?

Қ. Мұқанов «Жағалау күзеті» басқармасы 2008 жылдың мамырында құрылғанын, қорғалатын шекара ұзындығы 2380 км құрайтынын хабарлады. Жағалау күзетінің құрылымына Атырау және Ақтау екі шекаралық жасағы кіреді. Жағалау күзеті қызметінің негізгі бағыттары Солтүстік-Каспий бағытында жүзеге асырылады. Ол жерде негізгі стратегиялық нысандар шоғырланған. Жағалау күзетіне әуе құралдары (авиация), теңіз (кемелер, катерлер) және шекара жасағы кіреді.

Қ.Мұқановтың айтуынша, алынатын шараларға қарамастан, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен браконьерлікпен балық аулау қарқыны төмендемей отыр:

- Жыл басынан бері балық аулайтын браконьерлік аулау құралының көп мөлшері табылып, шығарылды. Браконьерлер ау құралдарын шахмат тәртібімен салады, бұл балықтың уылдырық шашатын жерлерге және кері өтуіне жол бермейді. Ау құралдарында 15 см-ден үлкен көздері бар, яғни, бұл құралдар бекіре тұқымдастарға арналған.

Мұқанов шекарашыларға мемлекеттік орган қызметкерлерін браконьерлерден ажырату өте қиын екенін атап өтті. Өйткені құқыққорғаушылар өзенге немесе теңізге айырым белгілерінсіз және тиісті киім-кешектер мен жабдықтарсыз жүзу құралдарымен шығады.

Мұқановтың айтуынша, Жағалау күзетінің шекарашылары үшін браконьерлікпен күрес екінші орындағы мәселе

болып табылады:

- Каспий теңізіндегі шекара қауіпсіздігіне төнетін басты қауіп-қатер – іргелес жатқан елдердің ішкі тұрақсыз саяси ахуалы, халықаралық терроризмнің үдемелі жандануы болып табылады. Әрине, браконьерлікпен күресу керек екенін біз түсінеміз және күресеміз де. Бірақ біздің басты міндетіміз – мемлекеттік шекараны қорғау. Біз бүкіл күшімізді осыған жұмылдыруға тиіспіз.

Кеңес соңында Атырау облысы прокурорының орынбасары Бауыржан САУҒАБАЕВ жергілікті атқарушы органдар тарапына ұйғарым жолдау тәжірибесін енгізуді ұсынды:

- Егер өкілетті орган заңды бұзып жауабын уақытында бермесе, облыс әкімінің атына аудан әкімін жауапкершілікке тарту туралы ұйғарым шығару керек. Әскери айлақ салуға рұқсат беру туралы мәселеге келер болсақ, құрылыс салудан бас тартылмағандығы анықталды. Сондықтан облыс әкімінің тиісті қаулысына толықтырулар енгізу туралы қосымша хат жолдауды ұсынамын.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

2 қараша 2015, 16:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.