Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ кезекті идеясы – коммуналдық базар Әбілхайыр даңғылы бойында салынып жатыр.
Базарды салудың негізгі мақсаты – жергілікті ауылшаруашылық өндірушілердің өз өнімдерін өткізуге жағдай жасау. Яғни, демалыс күндері қаланың әр алаңдарында өткізіліп жүрген жәрмеңкелерді бір шаңырақтың астына жинайды.
Алайда, өнеркәсіптік және өндірістік цехтар сияқты үлкен сары қораптар жаңа ауданның архитектуралық құрылымына сәйкес келмей тұрған сияқты. Жалпы осындай нысандар қаланың шетіне қарай салынып, ең құрығанда көрме кешендері мен Салтанат сарайының көршісі болмауы керек еді. Алайда, қазаншының еркінде, қайдан құлақ шығарса да дегендей, осы 1 млрд 173 млн теңге тұратын «Атырау қаласындағы азық-түлік өнімдерін сақтау қоймасы және ұсақ-көтерме базары құрылысы» жобасының тапсырыс берушісі – қалалық құрылыс бөлімінің өзі біледі.
Биіктігі
Мердігер – «БатысАльянсСтрой» ЖШС директоры Әділ ЖҰБАНОВТЫҢ айтуынша, жобада ет және балық өнімдерін өткізетін жеке цехтар, көкөніс сататын бөлек орынжайлар салынады. Секцияларда тірі балықтар үшін аквариумдар, тазарту астаулары, тоңазытқыштар, сөрелер қойылады. Қойма орынжайы да секцияларға бөлінген.
Қабырға материалы – сэндвич панель. Жылу бар, қыста орынжай температурасы 15 градус болады. бірақ салқындатқыштар жоқ.
- Вентиляциялық құбырлар мен ауа сорғыштар болады, алайда салқындату жүйесі жобада қаралмаған, - дейді Ә. Жұбанов.
- Жобаның ауданы қандай, көлік қоятын жерлер бола ма?
- Көлік қоятын орын қаладағы ең үлкені болады, яғни, 10 мың шаршы метр асфальтталған аудан. Жалпы аумағы – 22 000 шаршы метр шамасында, тиімді ауданы 8000 шаршы метрдей. 1000 шаршы метрдей жер көгалдандырылады, табиғи көгал тұқымы себілді.
- Суару жүйесі қандай?
- Жобалаушылар оны есепке алмаған, бірақ қазір бұл мәселе шешілуде.
- Тапсырыс берушінің деректері бойынша, құрылыс 2015 жылдың мамырында басталып, 10 айда бітуі керек. Бұған үлгересіздер ме?
- Артығымен жетеді. Біз негізі нысанды мерзімінен бұрын, осы жылғы желтоқсанның алғашқы он күнінде тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Егер базар расымен де әкім айтқандай коммуналдық, халықтық, яғни, бағалары супермаркеттермен және жекеменшік базарлармен бәсекеге түсе алатындай болса, оның жұмыс кестесін супермаркеттердегідей 21.00-ге дейін, адамдардың жұмыстан қайтатын кезіне шақтау дұрыс болар еді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА