Атырау, 19 мамыр 02:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +19
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

"Үкімет медициналық сақтандыруға артық ақша бөлгісі келмей қалды". "Джон Керри Қазақстанда не талқылайды?". "Батырхан Шүкеновтің ұлы мен әйелі қазақстандық меценаттардың көмегіне жүгінді". "«Русские» экстремистік ұйым деп танылды. Неге?".

1 725 просмотра

NUR.KZ. "Үкімет медициналық сақтандыруға артық ақша бөлгісі келмей қалды" - Халықтың ем-домына онсыз да көп шығындалып отырмыз деген Денсаулық сақтау министрлігі енді жұмыс берушілердің қалтасына түспек. Сөйтіп, оларды жалақы төлеуден бөлек, емделуіне теңге бөлуді міндеттейтін заңды 29 қазанда Сенат бекітті. Құжатқа сай, енді елімізде медициналық қызметтің екі түрі болады. Бірінші, әр компания өз жұмысшыларына емделуі үшін еңбекақыдан тыс 5 пайыз ақша бөліп отырады. Бұл қаржы жаңадан құрылған медициналық сақтандыру қорында сақталады. Екіншіден, жедел-жәрдем шақыру, екпе салу, төтенше жағдайда алғашқы көмек және аурудың кейбір түрлері мемлекет есебінен әдеттегілей тегін болып қала береді.

AZATTYQ.ORG. "Джон Керри Қазақстанда не талқылайды?" - Расул Жұмалы: - Ауғанстанның Орталық Азияға жақын солтүстік аймақтарында «Талибан» қозғалысының қайта шабуылға шығуы, Сирия мен Ирак аумағында «Ислам мемлекеті» содырларының күшеюі, Сирияның халықаралық жанжал ошағына айнала бастауы, әлемдік деңгейдегі терроризмнің көбеюі, Ресей мен Батыс арасындағы текетірес, меніңше осы мәселелердің көпшілігінен Орталық Азия тыс қала алмайды. Әрине тек саяси мәселелер ғана емес инвестиция, екі жақты қатынас мәселелері сөз болады, бірақ әуелі аталған жағдайлардың Орталық Азияға қаншалықты әсер ететіні талқыланады. Осыған байланысты АҚШ-қа Орталық Азия елдерінің ой-пікірі мен бағыт-бағдарын білу маңызды. Себебі бұған дейін Ресей өкілдері ҰҚШҰ күштерін Сириядағы шиеленіске араластыру мүмкіндігі туралы да айтып қалды. ТМД мемлекеттері, Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бұл мәселеде Ресейді қаншалықты қолдауы мүмкін дейтін мәселелер талқыланады.

ZHASALASH.KZ. "Билiктегi жастар және «қарттар отряды»" - Аңдасаңыз, жоғары билiктегi “қартаң жуандар" әйелдердiң сөзiн тыңдауға ерiнетiндей. Неге? Өйткенi олардың арасында елдiң әйелi былай тұрсын, өз әйелiн қасына ертiп жүретiндерi жоқтың қасы. Өздерiн­ше кәрiсiне ме, әлде бiреуiн ертсем, қалғандары өкпелейдi деп қауiп қыла ма, әйтеуiр қашан көрсең де, сойдиып-сойдиып жалғыз жүредi. Және бәрiне ортақ бiр мәселе – алпыс пен жетпiстiң арасындағы жасамыстардың қызметтен кеткiсi жоқ. Әлде “отряд командирiнен" бiз әлдеқайда жаспыз ғой деп, өздерiн алдаусырата ма екен...

"Үмiт өшкен жерден от тұтанады" - Бұдан бұрынырақта қазақстандықтар өзiн-өзi өртеуге бара бермейтiн. Тек 2008 жылы бүкiл инстанциядағы соттан жеңiп шықса да, сот шешiмi орындалмағанына наразылық бiлдiрген кәсiпкер Тахиржан Ахметов сегiз күн бойы ұстаған аштық акциясы нәтижесiн бермеген соң, журналистердiң көзiнше өзiнiң саусағын кесiп тастаған едi. Митингiге шығу, флеш-моб өткiзу, аштық жариялау, өз денесiне жарақат салу, кранның төбесiне шығып алу... Қазақстандықтар арғы жылдары наразылық бiлдiрудiң түрлi тәсiлдерiн ұстанып көрген. Алайда билiктiң бұған да етi өлiп кеткендей. Нәтиже өнбеген соң, қазақстандықтар ендi өздерiн өртеуге көштi. Мұның сыртында шарасыздықтан өздерiне қол салып жатқандар қаншама. Қазақстан суицид жасау жөнiнен әлемдегi елдердiң көш басында тұр.

ABAI.KZ. "Парламент: ақ дамбалға қара жамау" - Естеріңізде болса, биылғы жылдың ақпан айында РФ Думасының депутаттары қазына қаржысын үнемдеу үшін жалақыларын қысқарту туралы бастама көтергенде, қазақстандық «халық қалаулылары» өре түрегеліп, қарсылық білдірген. Депутаттардың жалақысын қысқартқаннан бюджет байып кетпейді, жалақыдан үнемделетін 1-2 миллиард теңге мемлекеттің жыртығына жамау болмайды деп жылап қоя берген болатын (http://www.ktk.kz/kz/news/video/2015/02/25/57816). Мысалы, мәжіліс депутаты Нұрлан Әбіров мырза сол кезде «Депутаттар жалақысыз қалсын дейсіңдер ме? Біздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар», - дегенді айтып байбалам салған. Иә, жалақыларының аздығына зар илеген депутаттар енді сол 500-600 мың теңгеге қанағат ететін болды. Ал бұл аз жалақы ма?

AIKYN.KZ. "Қымыз туралы Үкімет қаулысы керек" - Сенаторлар Қазақстанды «гендік модификацияланған өнімдерден ада» елге айналдыруды ұсынады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан тарихында алғаш рет әзірленген «Органикалық өнім өндіру туралы» заң жобасын қабылдады. Бұған қоса, оған ілескен, ұлттық заңнаманы «органикалық өнім өндіру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша» өзгертетін жоба да бірден екінші оқылымда қабылданды.

TURKISTAN.KZ. "Жапон қазаққа жақындай түсті" - Бүгінде елімізде жапондармен бірлескен 50 кәсіпорын тіркелген, құны 700 миллион доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылуда. Осындай сомада тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету сатысында тұр. Мұнымен қоса, Қостанайда «Тойота» автомобильдерін құрастыру зауытын ашу да екі елдің әріптестігін нығайта түскенін атап өткен жөн.

"Перизат СЕЙІТҚАЗЫ: Медиасауаттылық интеллектуалды тұлғаны қалыптастырады" - Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Перизат Бәйтешқызы СЕЙІТҚАЗЫ: - ХХ ғасырдың аса танымал жазушысы Шыңғыс Айтматов айтқандай «Әр адам өз отбасын агрессиядан қорғауы керек». Ендеше, бүгінгі күні біз болашақ ұрпағымызды БАҚ–тан ағылып жатқан қаптаған зиянды ақпараттардан медиасауаттылықты қалыптастыру арқылы қорғау керек деп санаймын.

INFORM.KZ. "АҚШ-тағы үйінен айырылған Батырхан Шүкеновтің ұлы мен әйелі қазақстандық меценаттардың көмегіне жүгінді (ВИДЕО)" - Екатерина мен Мақсұт Батырхан Шүкеновтің оларды Флоридадағы үлкен үйге көшіру арманы туралы айтты. Құны 680 мың долларды құрайтын үй салынды. Батырхан Шүкенов құрылыс компаниясына алғашқы жарнаны төлеп, Екатерина ұлымен сол үйге көшті. Әншінің қазасынан кейін төлем түспегендіктен құрылыс компаниясы үйді тартып алды. Қазір ол ұлымен АҚШ-та құрбысының үйіндегі шағын бөлмеде тұрып жатыр. Екатерина сирек кездесетін бұйымдар дүкенінде жұмыс істейді.

SERKE.ORG. "«Русские» экстремистік ұйым деп танылды. Неге?" - «Русские» қозғалысын экстремистік деп тану жөнінде Мәскеу прокуратурасы тамыз айында мәселе көтерген. Ұлтшыл қозғалыстың аты айтып тұрғандай, бұл ұйым Ресейді тек орыстардың елі, онда тек орыстар ғана өмір сүру керек деп санайды, Орталық Азия мен Кавказ елдерінен жұмыс іздеп Ресейге келгендерге өте қатаң саясат ұстанып, оларды тездетіп елден қуып шығуды талап етіп жүр. Бұл ұранға еліккен Ресейдің әсіре радикал ұлтшыл топтары бірнеше жыл бұрын базарлар мен сауда орталықтарындағы ұлты орыс емес азаматтарды ұрып-соғып, олардың мүлкін талан-таражға салған оқиғалар болды. Осындай әрекеттерді олар «ұлттық мемлекет құру жолындағы ұлт-азаттық күрес» деп атайды.



30 қазан 2015, 10:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.