Бұл бір топ атыраулық жігіт өз өнертабыстарын инновация деп атайды. Олар өздері жасаған өлшегіш аспаптың израильдік компанияның осындай бұйымынан еш қалыспайтынына сенімді және ол көп арзанға шығады.
- Біз бірнеше жылдан бері автомобиль отынының деңгейіне бақылау жасау мәселесімен айналыстық. Үлкен автопарктері бар компаниялар үшін заңсыз құйып алу проблемасы, қарапайым тілмен айтқанда, отын ұрлау өзекті болып отыр. Қазір автокөлік құралдарының отын шығынына бақылау жасауға мүмкіндік беретін көптеген өлшегіш аспаптар ұсынылуда. Біз осы идея бойынша көп жұмыс жасап, жаңа өнім алдық, - дейді өнертапқыштардың бірі Арман ҚАСЫМОВ.
Жігіттер бұл жүйенің негізгі принциптері туралы айтты:
Мәселен, сіздің бензин таситын көлігіңіз, он шақты Камазыңыз және көліктеріңізге отын құятын стационарлық бекетіңіз бар делік. Отынды құйып алу немесе «бөтен» көліктерге жанар май құюды болдырмас үшін біз бензин таситын көлігіңізге немесе құю бекетіне және осы жерден отын құятын көліктерге арнайы бақылау аспабын орнатамыз. Біз отынның жіберілуіне алыстан бақылау жасайтын өзіміздің жеке софтымызды жасадық. Әр көлік осы компьютерлік бағдарламаға авторизация жасап, біз оларға әр түрлі параметрлер бере аламыз. Бұл жүйеде автокөлікке тек жүргізушінің арнайы кілтімен немесе белгіленген кодты енгізгенде ғана отын құя алады. Сондай-ақ, автокөлікке радио белгілегіш деп аталатын бақылаушы аспап орната аламыз. Бақылаушы аспап автокөліктің радио белгілегішіндегі ақпаратты оқып, отын береді. Осы отын жіберу бойынша операциялардың барлығы кеңсе компьютерінде көрсетіліп отырады. Біз қай машина қанша отын құйып алғанын қадағалай аламыз. Жүйеге тіркелмеген автокөліктерге және ыдыстарға отын құю толықтай мүмкін емес. Сонымен қатар, бағдарламаға әр көлікке отын құю лимитін бөлек енгізуге болады. Мысалы, бір көлікке аптасына 500 литрден аспайтын лимит белгілейсіз. Егер ол осы лимитін белгіленген мерзімінен бұрын бітіріп тастаса, ол басқа отын құя алмайды. Мұның барлығы жүргізушілердің тәртібін жақсартады. Жігіттер өз әзірлемелерін екі жыл бойы NSS Ltd компаниясының техникасында сынады. Компания отынның көп үнемделгенін айтып отыр.
- Мысалы, бізде, стационарлық бекетте орта есеппен тәулігіне 10 тонна отын шығарылатын еді. Ал отын беруді бақылау жүйесін орнатқаннан бері 8 тоннаға дейін төмендеді. Яғни, біз күн сайын екі тоннадай отын үнемдейміз, бұл тек бір бекеттен ғана, - дейді NSS Ltd компаниясының атқарушы директоры Рашид ОТАРОВ.
Жігіттер өз жүйелерін жасау барысында әр түрлі өндірушілердің құрамдық аспаптарын пайдаланды, бірін Италиядан алдырса, бірін Ресейден әкелді.
- Қазір біз құжаттарды дайындап, өз жүйемізді сертификаттауды жоспарлап отырмыз, - дейді А. Қасымов. - Жүйемізді Made in Kazakhstan белгісімен шығарып, ҚР нарығынан өзге де жерлерге шығуды жоспарлап отырмыз. Бүгіннің өзінде біздің әзірлемемізге Ресей мен Әзірбайжанның кейбір компаниялары қызығушылық танытып отыр. Қазір біз жүйеміздің құрамдық бөліктеріне отандық аспаптарды салудың жолын іздеп жатырмыз, сонда жүйеміз толықтай Қазақстанда өндірілген болып шығады.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор