Атырау, 29 қараша 05:03
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Жаңабаевтар дағдарыстан қорықпайды

4 894 просмотра

Мал шаруашылығы Жаңабаевтар әулеті үшін атадан балаға мұра болып келе жатқан кәсіп. Бабалар ісін қазір 37 жастағы Құрманбек ЖАҢАБАЕВ жалғастырып отыр. Ол басқарып отырған «Құрман» шаруа қожалығы облыста көпке мәлім.

Қожалық орналасқан Ойыл округінен 20 шақырымдай жердегі «Нұрпейіс» қыстағы бір жағы Батыс Қазақстан, екінші жағы Ақтөбенің жерімен шектесіп жатыр. Малға да, шаруаға да ыңғайлы жер. Шөбінің құнарлылығынан қыс түскенше малды еркін жаюға болады.

Құрманбек ата кәсіпті бірден таңдаған жоқ. Әскердегі борышын өтеп келгеннен кейін ол электрик болды. Табысты, жақсы мамандық болғанымен, оның көңілі қыр төсіне ойыса берді. Бір күнде сүйікті мамандығымен қоштасып, мал шаруашылығымен айналысуға бел буды. Көзін ашқаннан көргендері мал болғандықтан бағып-қағудың сырын біледі. Құрманбектің әкесі Аманғали мен анасы Іңкәр совхоздың түйесін 35 жыл бақты. Аманғалидың әкесі Отарбай да отбасымен совхоздың малын баққан адам.

- 2006 жылы інілеріммен бірлесіп «Құрман» ШҚ құрдық. Әрине, мал басын көбейту оңай шаруа емес. Бірақ еңбегіңнің жемісін көргенде қуанасың, бойыңа күш жинайсың, - дейді Құрманбек күлімсіреп.

Жаңабаевтардың жайлаудан қыстаққа көшіп келгендеріне аз ғана күн болған. Олар қора-қопсыны реттеуге кірісіп кеткен. Жаз бойы пішен дайындап, қажетті шөпті қыстақ басына молынан жеткізіп алған. Бір әулеттің адамдары жұмыла жұмыс істеуде. Ынтымағы жарасқан отбасында артық сөз болмайды, тілмен ұғысады. Бұл қыстақта Құрманбектің отбасынан бөлек Есен, Темір деген егіз інілерінің отбасы тұрады.

Үш ағайындының жұбайлары күніне 15 шақты түйені сауып, шұбат дайындаумен айналысуда.

- Біз отбасында жетеуміз, мал бақпаса да, екі қыз, екі ұлдың көңілдері осы жақта. Ал, шаруашылықты үш ұл отбасымызбен, әке-шешемізбен бірігіп жүргіземіз. Жазда жайлауға шыққанда үш жаққа бөлінуге тура келеді. Үш жайлау бар. Ал қыста қайтадан басымыз қосылады. Себебі, төрт түлікті түгел бағып отырғандықтан және жазда жайылым тапшы болғандықтан бөлек жаймаса болмайды, - дейді Құрманбек.

«Құрман» ШҚ-да 2 мың қой, 300 сиыр, 250 жылқы, 100 түйе бар. Шаруаға қолайлы техниканы түгел сатып алған. Мал басын көбейтуден бөлек олар, сондай-ақ, малды асылдандырумен айналысады. Ол үшін тұқымды қошқар, бұқа сатып алды. Қожалық жылына 3,5 млн теңге субсидия алады. Былтыр несиеге алынған 6 млн теңгеге жиырма жылқы сатып алды.

Қожалық тек қымыз бен шұбат емес, сонымен бірге, құрт, ірімшік, сүзбе, қаймақ секілді сүт өнімдерін өндіреді.

Жаңабаевтар дағдарыс оларға қорқынышты емес деп отыр. Мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе – сусын, кисе – киімі болған төрт түлік малды ұстап отырған отбасы ас-сусыз қаламын деп уайымдамайды, олардың адамдарға ұсынары да бар, қол қусырып қарап отырмайды.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.