Атырау, 19 желтоқсан 23:19
 ашықВ Атырау -4
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

"«Қазақстан өз тілін қорғауды Ресейден үйрену қажет»". "Аслан Сәрінжіпов жалақысының көлемін ашып айтудан бас тартты". "Сүңгуір қайықтар әлемді интернетсіз қалдыруы мүмкін бе?". "Машкевич – Голощекиннің жиені...". "Қарулы «жиһад» қайда апарады?".

2 633 просмотра

AZATTYQ.ORG. "«Қазақстан өз тілін қорғауды Ресейден үйрену қажет»" - "...бІз, Ресей қазақтары, Қазақстан елшілігіне керек емеспіз. Әсіресе қазіргі жалпы дағдарыс белең алып тұрған кезде бізбен жұмыс істейтін бір маман да жоқ ол жерде. Жалпы, Қазақстан елшілігінің бұл жақта немен айналысып отырғанын да түсінбейміз. Өйткені олар бізге: «Сендер – Ресей азаматысыңдар. Өз жерлеріңде тұрып жатырсыңдар. Өз мәселелеріңді өздерің шешіңдер» деп жауап береді. Олар тек Ресейде тұратын Қазақстан азаматының мәселесін шешуге ғана көмектеседі".

QAMSHY.KZ. "Қазақтың қалтасының қауқары қанша? Жекешеленетін нысандарды шетелдіктер сатып ала ма?" - Осы жылдың нақты мәліметтеріне сүйенсек, қазақстандықтардың тәуелсіздіктен бері түрлі жолдармен шетелде тыққан ақшалары 138 миллиард доллардан асқан екен. Бұл бізге мәлім болғаны ғана. Тағы да қанша қаржы сыртқа шыққаны бір Аллаға ғана аян. Ал, қарапайым қазақ өз жерінде бір баспанаға зар болып жүрсе, 500 мыңнан астам қазақстандықтың шетелде жеке үйлері бар екен.

NAMYS.KZ. "А. Левшин. Қырғыз-қайсақтар ордасының климаты" - Саяхатшылардың айтуы бойынша, аң мен құс аптап ыстықтан індері мен үңгірлерде тығылады. Сыр маңында, әсіресе Қарақұмда сәуірдің аяғының ыстықтан тіпті шөптің өзі сарғайып кетеді. Орал маңындағы аймақта солтүстікке жақындығына қарамастан жазы өте ысы. Күннің көзінде 50°, көлеңкеде 34° дейін барады. Осындай қайнаған ыстықта тіпті жұмыртқаны құмда пісіріп алуға болады. Бұндай тәжіребиені өзіміз істеп көрдік. Түнгі уақыт күндіз сияқты ыстық болмаса да, тыныш ұйықтау қиынның қиыны. Керісінше күздегі түн уақыты күндізбен салыстырғанда салқын келеді.

NUR.KZ. "Аслан Сәрінжіпов жалақысының көлемін ашып айтудан бас тартты" - "Мұғалімдер деңгейіне қарай орта есеппен 80-100 мың теңге алады. Бұл ел бойынша 25-30 пайызға кем. Бұл жақсы емес. Біз мұғалімнің жалақысын орташа республикалық деңгейге жеткізу мақсатын қойдық. Келесі жылдан бастап, жаңа еңбек ақысын төлеу жүйесі енетін болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 200 миллиард теңге бөлінді. Білім беру жүйесінде жалақы 27 пайызға өседі. Жоғарғы категорияның мұғалімдері шамамен 60 пайызға жоғары жалақы алады. Бірінші категориядағылар – 55 пайызға, екіншілер – 50 пайызға, солай кете береді. Қайта есептеу 1 қаңтардан басталып, ақпанда мұғалімдер әлдеқайда жоғары жалақы алатын болады".

TURKUSTAN.KZ. "Қазақ әнін қайта құлпыртқан «Қоңыр» тобы (сұхбат)" - Соңғы уақытта МС Сайлаубек деген азаматты ауыздан тастамайтын болды жұрт. Тіпті, оны телеарналардың, қазақ сахнасының төріне шығарып алдық. «Бұл – қазақ өнерінің өлгені» деген пікірлерді естідім. Мен осы сөзге қосыламын. Сонда біздің қазіргі жастарымыз не тыңдап жүр? Олардың ойлау қабілеті жоқ болғаны ма? Біздің ән таңдай алмайтын деңгейге жеткеніміз бе? Осыны ойлап қынжыламын. Кез келген өнер адамы халықтың айнасы ғой. Оны миллиондаған халық көреді, жастар тамашалайды. Тіпті, сол әншілерге еліктейтіндер де табылады. Сонда жастарымыз Сайлаубектей болғысы келе ме?

SERKE.ORG. "Сүңгуір қайықтар әлемді интернетсіз қалдыруы мүмкін бе?" - Ресейдің сүңгуір қайықтары мен су үстіндегі тыңшы-кемелері әлемдік мұхитты торып, теңіз түбімен тартылған коммуникациялық кабельдерге тым жақын жүр, деп хабарлады New York Times газеті. Бұдан қандай қауіп-қатер келуі мүмкін деген сұрақтың төңірегінде жазылған Би-би-си Орыс қызметінің материалының аудармасы беріліп отыр. АҚШ әскери-теңіз күштерінің және арнайы қызметінің сарапшылары қақтығыс туындаған жағдайда Ресей жаһандық коммуникацияларды қамтамасыз ететін интернет-кабельдерді жарып жіберуі мүмкін, деп қауіптенеді.

ABAI.KZ. "Машкевич – Голощекиннің жиені..." - Дүние-мүкәмәлі 3,3 млрд долларға бағаланатын Машкевич 3 миллион қазақты қырған Голощекиннің жиені екен. Бұл туралы журналист Нұрлыбек Саматұлы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазған. Нұрлыбек Саматұлы бұл деректі Сағат Жүсіптің «Ашаршылық ақиқаты» атты кітабында жазылғанын көрсетіпті. ...Қазақстандағы ірі өндіріс орындарын жеке меншігіне өткізіп алған алпауыт Александр Антонович Машкевич мырза қазақты аштан қырған Шая Голощекиннің (Фили́пп Исааевич) туған жиені екенін қазір көп адамдар біле бермейді. (Кітап "Ашаршылық ақиқаты", құрастырушы Сағат Жүсіп, 204-бет).

ALASHAINASY.KZ. "Қарулы «жиһад» қайда апарады?" - Боко Харам, Хизб ут-Тахрир, Әл-Каида және соңғы жылдары пайда болған ИШИМ террорлық ұйымдарының ең басты мақсаты «Халифат» орнатып, олардың көзқарасы бойынша «ұмыт болған» ислам шариғатын жүзеге асыру. Өз қатарын адам санымен толықтырып, алып күшке айналу жолында «жиһад» концепциясы олар үшін ең тиімді қаруға айналды. Оппозиция мен билік арасында күн санап қарулы қақтығыстар арта түскен Сирия жерінде террорлық ұйымдар тарапынан «жиһад» жасаудың үлкен ошағы қалыптасып үлгерді.





27 қазан 2015, 10:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.